Арманы асқақ Маржан қыз

Ысқақ САДЫҚ, «Ońtústik Qazaqstan».

Жеңіс ешқашан оңайлықпен келмейді. Тұғыр биігіне көтерілгенше қаншама рет сынақтардан өтуге тура келеді. Маңдайдан терді сорғалата шынығып, бабың келісіп тұрғанмен, бағың шаппай қалатын сәттер аз кездеспейді. Самбо және дзюдодан спорт шебері Маржан БИЗАҚТЫ (суретте: ортада) бабы да, бағы да келіскен спортшы десек қателеспейміз. 

Маржан Ордабасы ауданының Бөржар ауылдық округіне қарасты Бірлік ауылында тұрады. Әкесі Мұрат Жантай – сол ауылдағы мешітте азаншы. Анасы Гүлзира Паржанова мешітті күтіп ұстауға көмектеседі.  Бұл отбасыдағы төрт баланың екеуі спортпен кәсіби тұрғыда айналысады.  Маржанның өзінен кейінгі бауыры Өміржан бокспен шұғылданады. 
Маржанның спортқа келуіне әкесі себепші болыпты. Қызының спортқа құмарлығын аңғарған әкесі оны қолынан жетелеп спорт мектебіне әкеліпті. Маржан ол кезде 12 жаста. Бапкер Болатхан Исахов оған әрі-бері жаттығулар жасатқызып көреді де, осы бір қара қыздан бірдеңе шығатынын ішкі түйсігімен сезіп, Шымкентке өзімен бірге ала кетеді. Қалаға ауысқан соң Маржан өзге  жаттықтырушылармен жұмыс істей бастады. Оқуын Шымкентте жалғастырып, 9-сыныпты бітірген соң колледжге түсіп, заңгер мамандығын алып шығады. Болашағын спортпен байланыстырған бойжеткен Халықтар достығы университеті дене шынықтыру және спорт мамандығы бойынша бітіріп шығады. 
Маржан содан бері самбодан және дзюдодан өтетін ірі-ірі жарыстардан құралақан келген емес. Атап айтқанда, самбодан Қазақстанның  10 дүркін, Азияның 4 дүркін чемпионы, әлем чемпионатының  күміс және қола жүлдегері, Президент Кубогының иегері атанып үлгерді. Сондай-ақ, дзюдодан Қазақстанның 2 дүркін, белбеу күресінен еліміздің 2 дүркін чемпионы.  
Ол бүгінгі жетістігіне оңайшылықпен жеткен жоқ. 
– Жарыстардан бірнеше рет қалып қойған да кездерім болды. Оған көбіне қаржының жоқтығы қолбайлау болды. Жарысқа сонша дайындалып, қалып қою деген... Ата-анам: «Мойыма, әлі жассың. Алдыңда талай мүмкіндік бар. Келесі жолы барасың» деп жұбатқанмен, жалғыз қалған сәттерде жаным бәрібір күйзелетін.  
Кейде финалға жетіп, қарсыласыңды жеңіп тұрғаныңның өзінде төрешінің бұра тартқанын көрдік. Содан болар, 5 рет әлем және Азия чемпионаттарына қатысу мүмкіндігінен шет қалдым. Қарапайым ғана қоңыр тірлік кешетін ата-анама салмақ салғым келмейді. Жұмыстан несіне арланамын?! Маңдай термен тапқан адал ақы. Ешкімнен тартып не ұрлап алып жатқаным жоқ. Тіпті, түнгі уақыттарда  жүк тасушы болып еңбек еткен кездерім де болды. 
Осылай қаражат жинап, түрлі жарыстарға барып, шетелдерде дайындықтан өтіп, тәжірибемді шыңдадым, – дейді Маржан. 
Маржан 2016 жылы самбодан Албанияда өткен әлем чемпионаты алдында Орал қаласында екі апталық дайындықтан өткен. Мұның алдындағы жарыста қолын шығарып алған болатын. Жарақаты толық жазылмаса да осы жарысқа қатысуға бел буады. 
Моңғолия, Корея, Германиядан келген қарсыластарын бірінен соң бірін жығып, финалға жолдама алды.  Финалда ресейлік қарсыласына қолының ауырып тұрғанын білдіртіп қойды. Ол мұны ұтымды пайдаланып, «қолын ауырту» әдісін қолданып, жеңіске жетті. Маржан осылай екінші орын алып қалды.  
Әлем чемпионатынан күміс жүлдемен оралу деген де үлкен абырой. Балаң көңіл басқа спортшылар тәрізді өзін де жерлестері әуежайдан зор қошеметпен қүтіп алады деп ойлаған ғой. Алайда, әуежайда ата-анасынан өзге ешкім жоқ екен. Спортшылардың рухы мықты болады, дегенмен, ең алдымен ол -- жаны нәзік қыз. Ата-анасына білдірмегенмен, өзіне деген мұндай қарым-қатынасты көтеру Маржанға сол жолы өте ауыр тиді. Сол бір күнді ешқашан ұмытпайтын шығар.  
Бөржарда Нұртас Ахметов дейтін жомарт азамат бар. Ауылдас ағасы ара-тұра Маржанға да көмектесіп, демеушілік танытып тұрады. Спортшы қыз қиын сәттерде өзіне қолдау білдірген жанашыр ағасының жақсылықтарын қалай ұмытсын?!
– 2019 жылы Нұр-Сұлтан қаласында Тұңғыш Президент күніне орай самбодан әлем кубогі жолындағы бәсеке өткен болатын. Жарысқа екі күн қалғанда бапкерім хабарласып, «Маржан, сен бұл жарысқа бара алмайсың, саған қаржы қарастырылмады» деп тұтқаны қоя салды. Бұл жаңалықты естігеннен көңіл-күйім түсіп кеткенін туған бауырым Өміржан байқап, «осы жарыстан қалма» деп жолақымды көтеріп, ұшаққа билетімді алып берді. Еш уайымсыз жарысқа қызу дайындықты бастап кеттім. 
Елордаға жеткен соң бапкерім қайта хабарласып, «тағы 60 доллар керек, болмаса сені таразыға түсірмейді» деді. Қалтамда мұндай қаражат жоқ еді. Бауырым Өміржаннан қайта сұрауға ұялып, ауылға қайттым. Ауылда жарысты ойлап, ой үстінде жүрген кезімде туысымдай болып кеткен  Нұртас ағам хабарласып, «Маржан, болған жайдан хабарым бар. Дайындықтан қол үзбей жарысқа дайындал, сен осы жарыста жеңіске жетуің керек. Саған барынша қолдау білдіреміз» деді. Аң-таң күйдемін. Бір жағынан қуанышым қойныма сыймай, бірден Нұр-Сұлтан қаласына қайта ұштым. Бойымды толқу билеп тұрса да, алдыма қалай да жеңіске жетуім керек деген мақсат қойдым. Алла сәтін салып, 56 келі салмақта қарсыластарымның бәрінің жауырындарын жер иіскетіп, таза жеңдім. Чемпион атандым. Маған артылған сенім мен үміт ақталды» дейді Маржан.  
Оның ендігі арманы – дзюдодан Олимпиада чемпионы атану. Бүгінде  бапкері Құралай Орынбасармен бірге осы шыңды бағындыру үшін қызу дайындыққа кірісіп кеткен. Келешекте өзі де бапкер болуды, шәкірт тәрбиелеуді қалайды. Бастысы, алдағы Олимпиада ойындары мен әлем чемпионаттарында бабы келіскен Маржанның бағы шапсыншы деп тіледік. 

Пікір қалдырыңыз