Енді аттестаттың орташа балы есептеледі

Білім және ғылым министрлігінен жеткен мәлімет бойынша биыл мемлекеттік білім гранттары 15 мыңға көбейетін сияқты. Бұл ақжолтай хабар әсіресе мектеп бітірушілердің саны 30049 болатын Түркістан облыс­ының түлектері үшін ерекше қуанышты болып тұр.
Атап айтқанда, жоғары оқу орнына баратын балаларға гранттардың саны 88 214-ке артты. Бұл 2021 жылмен салыстырғанда 15 мыңға көп деген сөз. Техникалық мамандықтарға гранттар – 60, ауылдық квота 35 пайызға ұлғайтылды. Әлеуметтік аз қамтылған санаттарға 7 мыңнан аса грант бөлінеді. 
Сондай-ақ, биыл елімізде колледждерге түсетін балаларға техникалық және кәсіптік білім беруге 45 мың орынға республикалық бюджеттен 10 млрд. теңге бөлінеді. 
Тағы бір жаңалық, оқуға түсушілер үшін тапсыратын емтихандар алынып тасталды. Енді мектеп бітірушілер аттестаттың орташа балы арқылы қабылданады. Талапкер 4 колледж бен 4 мамандықты өзі таңдайды, бірнеше біліктілік алуға мүмкіндік жасалады. Кәсіпорындарға мақсатты мемлекеттік тапсырыс беріледі. Енді кәсіпорындар студенттерді өздері таңдап, оқу бағдарламаларын оқу орнымен бірге жазып, қажетті мамандарды мерзімінде даярлай алады. 
Біздіңше, бұл – саладағы өте жағымды жаңалықтардың бірі. Ендеше, не тұрыс, мектеп бітіруші түлек, құжаттарыңды жина да, қалаған оқу орныңа қарай құстай ұш! Жолың болсын!

Е.ҚОЖАХМЕТҰЛЫ.
Пікір қалдырыңыз