Тоқпановтың тоқпағынан өткен

– Никита Сергеевич, сонда тың өлкесінің құрамына енетін 5 облыс кімге бағынышты болмақ? Мәскеуге ме? Әлде Алматыға ма? 
– Әрине, екі жаққа да. Мәскеу арқылы өлкені дамыту мәселелері тез шешіледі. 
– Мәскеуге бағыну дегеніміз Қазақстанның 5 облысын Ресейге қосу ғой. Қазақ халқымен санаспай мәселені тізеге салып шеше берсек, сізді де, мені де тарих кешірмейді. Айтқан ұсынысыңызбен келіспеймін. Осы мәселе жөнінде Қазақстан Үкіметінің төрағасы Жұмабек Тәшеновтің пікірін білейік. Тың өлкесін Ресейге қосу қаншалықты дұрыс екендігін айтсын. 
– Жарайды. 
– Сәлеметсіз бе, Никита Сергеевич!
– Жолдас Тәшенов! Қонаев екеуіміз Қазақстанның солтүстігіндегі тың өлкесінің болашағы жөнінде әңгімелесудеміз. Ал, енді Қазақстан басшылығының пікірін тыңдасам деймін. 
– Өлкенің болашағы жайлы айтасыз ба, ол қандай?
– Тың өлкесін Ресейге қосып, бір тұтас астық ауданын жасау.   
– Тың өлкесін Ресейге қосу туралы айтудан бұрын, мен оны ойланудың өзіне қарсымын. 
Қазақстанның солтүстігіндегі 5 об­лысты Ресейге қосу жайлы тайталас 1964 жылға дейін жалғасып, КОКП Орталық Комитетіне Бас хатшы болып Леонид Ильич Брежнев келгенде бір-ақ тоқтады. Қойылымның да шарықтау шегі Дінмұхаммед Ахмет­ұлының: 
– Жерді, малды түгел санап алуға дайындалыңыздар. Бойымыздағы салқындап қалған ұлттық қан, намыс жастарымыздың бойында қайтадан қызу қанға айналып, Отанын, Қазақ жерін қорғайтынына сенімдімін. Болашаққа аманат етпесем не үшін жер басып жүрмін, – деген сөзімен аяқталды.  
Ұлт мақтаныштары Дінмұхаммед Қонаев пен Жұмабек Тәшеновтың елге, ұлтқа сіңірген еңбегі орасан зор. Сайрамдағы Құрманбек Жандарбеков атындағы аудандық Мәдениет үйінде сахналанған «Болашаққа аманат» деп аталатын бұл спектакльге мемлекет және қоғам қайраткерлерінің ата-бабамыздан қалған ұлан байтақ жерді қызғыштай қорғаған сәттері арқау болған. Жоғарыдағы әңгімелердің бәрі сол спектакльден үзінділер. 
Биыл Дінмұхаммед Қонаевтың туғанына – 110 жыл. Осы атаулы датаға орай қойылған қойылымның режиссері – Әскер Құлданов. Ол спектакльді тарих ғылымдарының кандидаты, профессор Болаттемір Алтаевтың қоғам қайраткері Дінмұхаммед Қонаевтың 110 жылдығына арнап жазған «Дана тұлға» атты пьесасының желісі бойынша сахналапты.
Режиссер Әскер Құлданов есімі өнерсүйер қауымға жақсы таныс. Ол жақында 80 жасқа толды. Өнер майталманы өзінің мерейтойына арналған «Өмірі өнерге өрілген тұлға» атты салтанатты жиында жиналғандарға алдымен аталмыш тарихи қойылымды көруді ұсынды. Іс-шараға аудан әкімі Ұласбек Сәдібеков пен өңірдегі театрлардың мәдениет үйлерінің басшылары, зиялы қауым өкілдері қатысты.
Айта кетейік, Әскер Құлданов Тараздағы мәдени-ағарту училищесін бітіргеннен кейін еңбек жолын Талдықорған облысының «ХХІ партсьезд» кеңшарында құрылған халық театрынан бастайды. Онда өнер тарландарымен араласып, тәжірибе жинайды. Екі рет Социалистік Еңбек Ері, атақты Нұрмолда Алдабергенов Әскер Құлдановтың талабына сүйсініп, оған «оқуыңды ары қарай жалғастыр» деп кеңес береді.  Міне, содан кейін Әскер Құлданов Құрманғазы атындағы Өнер институтының режиссерлік бөліміне оқуға түсіп, білімін жетілдіреді. Институтты бітірген соң Ресейде екі жылдай жұмыс істейді. 
Ол Жамбыл облыстық қазақ драма театрында еңбек етіп жүргенде қазақтың тұңғыш кәсіпқой режиссері Асқар Тоқпановтың мектебінен өтеді. Шеберлігін шыңдай түскен сол бір күндер туралы режиссердің өзі «Тоқпановтың тоқпағы» және «Дода» атты кітаптарында тебірене әңгімелейді. Кеште аталған кітаптардың тұсауын аудан әкімі Ұласбек Сәдібеков, ҚР мәдениет қайраткері Күлия Айдарбекова мен қаламгер Клара Атемова кесті. Аудан әкімі Ұласбек Сәдібек құттықтау сөз сөйлеп, мерейтой иесіне сый-сияпат көрсетті.  
Кешті ҚР мәдениет қайраткері, ҚР Журналистер одағының мүшесі Бақтияр Әділұлы жүргізді. Ол өнер майталманының репертуарлық талғамының жоғары екенін айтып, оның жұмыс істеген мәдениет ошақтарына тоқталды. Әскер Құлданұлы Шымкенттегі Ж.Шанин атындағы қазақ драма театрына бас режиссер болған жылдары жан-жақты шығармашылық ізденіспен еңбек етті. Ол Мұхтар Әуезовтің «Қаракөз», Уильям Шекспирдің «Ромео-Джульетта», Нұрлан Оразалиннің «Шырақ жанған түн», Әлжаппар Әбішевтің «Мансап пен ұждан», Сәкен Жүнісовтің «Қысылғаннан қыз болдық» пьесаларын сахналады. Әскер өнерпазды әсіресе тарихи тақырыптар, тұлғалы кейіпкерлер өзіне тартып тұрды. Тарихи тұлғаларға келгенде оның екінші тынысы ашылып сала береді. Оған көрермендердің ыстық ықыласына ие болған «Әзірет Сұлтан», «Айша бибі», «Қарлығаш әулие» дүниелері дәлел. 
Әскер Құлдановтың Құрманбек Жандарбеков атындағы Жетісай драма театрында да, Шымкент қалалық қуыршақ және жасөспірімдер театрында да айшықты іздері сайрап жатыр. Талай шығармаға жан бітіріп, талай театрдың бет-бейнесін қалыптастырған режиссерді мерейтойында осы аталған өнер ордаларының басшылары арнайы келіп құттықтады. 
 
Дилара БИМЕНОВА.
Пікір қалдырыңыз