Құнын жоғалтпайтын көліктер

Көлік сатып алған адам ерте ме, кеш пе, оны сататынын біледі. Сондықтан сауда алдында «ертең мұны қаншаға сата алам?» деп ойланатындар көп. Осыған орай жылдар сырғып өткенімен, бастапқы бағасын жоғалта қоймайтын көліктердің тізімін жасадық. Олардың кейбірі бірнеше жылдан кейін де сатылып алынған бағасына өтсе, енді біреулері өз бағасынан да асып түседі. 

Кроссоверлер мен жол талғамайтын көліктер 

Көпшілікке танымал Mazda CX-5 кроссовері баға жағынан өте тиімді көлік. Ол бастапқы бір-екі жылда тек 4 пайызға ғана арзандаса, үшінші-төртінші жылға қарай бағасының төмендеуі небәрі 8 пайызды құрайды екен. Оның себебі – көліктің сапасы өте жоғары. Бұл көліктердің зауыттан он шақты жыл бұрын шыққандары да тоза қоймаған. 
Toyota RAV4 көлігінсіз автомобиль нарығын көзге елестету мүмкін емес. Ал, осы RAV4 атты көлік бірінші жылы құнының 7, үш жыл ішінде 9 пайызын ғана жоғалтады. 
Ал, Nissan X-Trail-дың бағасы екі жылда 3%-ға арзандаса, үш жылдан кейін бірден құнының оннан бірін жоғалтады. Одан кейінгі жылдары да 2-3 жыл сайын 10 пайызға арзандап отырады. 
Nissan Qashqai көлігі де солай. Бастапқы 3-4 жылда 4-6 пайызға арзандаса, одан кейін құнсыздануы жеделдей түседі. Өйткені, бұл көліктің жетілдірілген үлгілері жиі шығарылады. 
Кореялық Kia Sportage көлігі бірінші жылы құнының 7 пайызын жоғалтады. Бірақ, бұл өткен онжылдықтың автомобилі болғандықтан бес жылдан кейін 11-12 пайызға арзандап кетеді. Дегенмен, бұл көлік сапасын да, сәнін де оңайлықпен жоғалта қоймайды. 
Renault Duster қазіргі нарықта ең баяу арзандайтын кроссовер болып отыр. Орташа есеппен көлік бес жыл ішінде небәрі 8 пайызға арзандайды. Әрине, күтімі жақсы болса. 
Жалпы, жол талғамайтын көліктер мен толық жетекті кроссоверлер әрдайым сұранысқа ие. Өйткені, олардың бағасы жеңіл көліктерге қарағанда баяу арзандайды. 

Седандар мен хэтчбектер 

Әлемге танымал Toyota Camry көлігі бірінші жылдан кейін тек 6 пайызға арзандайды. Ал, үш жыл ішінде орташа есеппен құнының 10 пайызын жоғалтады екен. Оның себебі – танымал компанияның жыл сайын жаңа үлгілерді шығаруы. Тағы бір айта кетерлігі, Toyota Camry маркасымен жарық көретін кей көліктер ондаған жылдың ішінде бастапқы бағасынан да қымбатқа сатылуы мүмкін. 
Біздің тізімге енген Skoda Octavia көлігінің бастапқы бағасы бірінші жылы – 8, ал, үш жыл ішінде – 12 және бес жылда небәрі 14 пайызға төмендейді. 
Нарық көшбасшылары арасындағы гольф-класс өкілдерінің бірі – Kia ceе’d. Бірақ, бұл бірінші жылы ең жылдам арзандайтын автомобиль болып саналады. Яғни бір жыл ішінде 14 пайыз құнынан айырылады. Үш жылдан кейін жыл сайын – 11, ал, бес жылдан кейін 10 пайызға арзандап отырады. Бұл көліктің тиімді тұсы – жаңартылған үлгілерінің жиі өндірілмейтіндігі. 
Hyundai Solaris те бірінші жылдан кейін айтарлықтай құнсызданып, бастапқы бағасының 15-16 пайызын жоғалтады. Бірақ, үш жылдан кейін небәрі 12 пайызға арзандайды. Ал, бес жылдан кейін арзандауы тіптен баяулап қалады. 
Киа Рио да тура Солярис сияқты бірінші жылдан кейін 16 пайызға арзандайды. Ал, үш жылдан кейін құнының 12 пайызын, бес жылдан соң 11 пайызын жоғалтады. 
Кореялық седандармен бәсекеде жүрген Volkswagen Polo-ның дизайны жұпынылау болса да, бірінші жылдан кейін тек 6 пайызға ғана арзандайды. 
Жоғарыда атап өткендей, седандар мен хэтчбектер кроссоверлерге қарағанда арзан бағаланады. Алайда, Toyota Camry секілді көліктер танымал брендінің арқасында ұзақ жылдар бойы құнын жоғалтпай тұрады.
Пікір қалдырыңыз