Америка төріндегі домбыра немесе шетелдік қос ақынның Түркістандағы кеші әсерлі өтті

Сабырбек Олжабай, «Ońtústik Qazaqstan».


Америка Жазушылар қауымдастығы белгілеген «Алтын қалам» сыйлығының иегері Геке (Джейк) Маринай Түркістан мен Ташкент қалаларында жиі болып тұрады. Оның өлеңдері қырықтан астам тілге аударылған. Сондай-ақ Г.Маринай протонизм теориясын қалыптастырған ғалым. Түбі албан америкалық ақын еңбек жолын журналистикадан бастаған. АҚШ-тың экс-президенті Джордж Буш пен Израйль президенті Шимон Перестен, футбол королі Пеледен сұхбат алған. Геке Маринай Даллас университетінің профессоры.

Міне, Геке Маринайдың өлеңдерін өзбек ақыны Хосиет Рустам өз тіліне аударып, кітап етіп шығарыпты. Албаниядағы ұлы төңкерісті, сұрапыл соғысты басынан өткерген тағдырлы ақынның саяси және азаматтық пафостағы өлеңдері өршілдігімен метафоралық ойлау даралығымен ерекшеленеді. Геке Маринайдың бір ғана «Жылқылар» атты өлеңінің өзі оқырманға өшпес рух сыйлайды. Оның бұл өлеңі қазақ тағдырымен де үндесіп тұр.

Түркістандық әдебиет және мәдениет жанашыры Әлима Пашанова мен «Ғажайып Қазақстан-2050» журналының бас редакторы, ақын Жібек Ысқақова Хосиет Рустам мен Геке Маринайдың  өзбек тіліндегі өлеңдерін қазақша сөйлетіпті.

Қ.А.Ясауи атындағы халықаралық қазақ-түрік университетінде түрік әлемі поэзиясының лауреаты, «Кітап дүниесі» газетінің бас редакторы Хосиет Рустамның «Мен қазір осындамын» және Г.Маринайдың  шығармалары туралы «Ай сәулесін құшақтап» атты зерттеу кітаптарының тұсаукесері өтті. Оқу құралы ретінде ұсынылып отырған бұл кітаптың авторы – қазақ филологиясы кафедрасының доценті, филология ғылымының кандидаты Досбол Ислам.

Кездесудің басты ерекшелігі сол, қос ақынның да оқытушылар мен студенттер  ортасынан табылуы еді. Кездесу барысында ағылшын филологиясы және қазақ филологиясы кафедраларының оқытушылары  қос ақынға сауалдар қойып, тұщымды жауаптар алды.

Дидарғайып жүздесуде университеттің вице-ректоры Асқар Тұрғанбаев пен кітапхана директоры Меруерт Әбсеметова кітаптардың тұсауын кесіп, өз пікірлерін білдірді. 

Осындай кездесу «Қара шаңырақ» республикалық қоғамдық бірлестігінің ұйымдастыруымен «Шығармашылықта шекара жоқ» деген тақырыппен «Ұлы дала елі»  сарайында өтті.

Тағы бір айта кететін жәйт, ақын  Геке (Джейк) Маринайдың туған күні Ташкент қаласында шығармашылық кешімен орайластырылған екен. Оған Әлима Пашанова мен Досбол Ислам арнайы барып қатысып, кеш иесіне домбыра сыйлады.

Мұхиттың арғы бетіндегі үйіне аман-есен жеткен Геке: «Қымбатты Әлима әпке! Сау-саламат Америкаға, өз отбасыма жеттім. Қазақстанда, Өзбекстанда өткен керемет кездесулер үшін ризашылығымды білдіремін. Сіздер сыйлаған қазақтың домбырасы мен үшін сыйлықтың ең қымбаты болды. Мен оны үйімнің төріне іліп қойдым. Жақында домбыра тартып үйренемін» деп сәлемдеме жолдапты.
Алыстан жеткен ақжарма алғыс жүрек толқытты...

Пікір қалдырыңыз