Ұлтты ұйыстырған тұлға

Орталық Азияда ислам дінінің орнығуына елеулі ықпал еткен Қарабура әулиенің ұлт тарихында алар орны ерекше. Қарабура әулие қазақ даласында Қарахан мемлекетінің нығаюына белсенді атсалысқан. Әсіресе, сайын далада ислам дінін уағыздап, қалың елге асыл діннің қадір-қасиетін ұқтыруда, Қожа Ахмет Ясауи ілімін жаюда Қарабура бабаның сіңірген еңбегі ұшан-теңіз. Қорқыт ата, Арыстан баб, Қожа Ахмет Ясауи, Баба Түкті Шашты Әзіз, Ысқақ баб, Үкаша ата әулиелер қатарында халық Қарабураны да пір тұтады. Бүгінде Созақ ауылындағы әулие кесенесі мұсылман қауымының киелі орнына айналған.

Ескіден жеткен есті сөз Қарабураның ел басқаруда өзіне де, өзгеге де төрт түрлі ұстамды талап қойғанын айтады. Біріншісі – әділет, әділеттілік; екіншісі – адалдық, тазалық; үшіншісі – білімділік, батырлық; төртіншісі – адамгершілік, имандылық. Осы қасиеттердің ұшқыны бар мыңдаған сауатты жастарды ел арасына жіберіп, көпшілікке мұсылман дінінің маңыздылығын түсіндірген. Діни сауаты бар азаматтарға молда, қажы, ғалым деп құрмет көрсеткен. Дін таратушы Ысқақ бабтың ұрпақтары Қожа Ахмет Ясауи мәйітіне өте адал шәкірт ретінде Қарабурадан басқа адамның қолын тигізбеуін алдын-ала халыққа ескертіп кеткен екен деседі. Қарабура әулие Қожа Ахмет Ясауидің жаназасын шығарып, барлық жерлеу рәсімін өзі жасаған. «Пайғамбардан артық қызмет етуге хақым жоқ» деп құлшылық жолына көшіп, хандық билікті тапсырып, бірнеше жылын жер астындағы қылуетте өткізген деседі. Әулиенің діни-рухани өнегесі кейінгі уақытта да жалғасын тауып жатты. Осы жолды, яғни Қожа Ахмет Ясауи жолын ұстанған діндарлар мен игі жақсылардың мүрдесін кесене маңына қою дәстүрге айналған. XVІІІ ғасырдың бас кезінде кесенеге Ясауи жолын жалғастырған Құрбан атаның жерленуі де осындай діни-рухани сабақтастықты танытады.

Қарабура әулие өзінің бірінші қызы Бегім сұлуды Оғыз қыпшақтарының ханы Санжар сұлтанға ұзатқан. Екінші қызы Әмбар Бибіні Ислам дінінің ірі өкілі, ғұлама ғалым Сүлеймен Бақырғаниға ұзатып, одан туған немере қызы Айша Бибі Сүлеймен Бақырғани өлген соң екінші әкесі Зеңгі бабаның тәрбиесінде болған. Ол Тараздағы ғашық жары Қарахан патшаға барар жолда жылан шағып, өмірден озған. Айша Бибінің кесенесі Тараз қаласының маңында. Ташкенттен 12 шақырым жерде Әмбар Бибінің, Қызылорда облысында Бегім сұлудың кесенелері бар. Қарабура ханға қойылған белгілер Қытайда, Қашқарда, Иранда, Түркияда, Тәжікстанда, Қырғыз елінде де аз емес. Атақты Жүсіп Баласағұн Қарахан мемлекетіндегі Қарабура ханның хандық дәуірін, ел басқарудағы ұстанымдарын «Құтты Білік» дастанында жазған.
Қарабура ұрпақтары жыл сайын маусым айының орта шенінде Қарабура әулиеге ас береді. Пандемияға байланысты соңғы екі жылда баба рухына ас беру, басына мінәжат ету шаралары өткізілмей қалды. Биыл бұл шараны өткізу осы айдың 11-ші жұлдызына жоспарланып отыр. Дәстүрге айналған 20 жылдан аса уақыт ішінде еліміздің көптеген облыстарында Қарабура мәдени орталықтары құрылып, жылма-жыл бабаға ас беру жақсы жолға қойылған. Осы шараға үлес қосып жүрген азаматтар баршылық. Соңғы бес-алты жылда тек қана ас емес, сонымен қатар, халықаралық деңгейде ғылыми конференциялар өткізіліп келеді. Есімі елге белгілі азамат, марқұм Құрал Ержановтың бас болуымен салынған Қарабура әулие кесенесінің бүгінде жан-жағы көркейіп, Орта Азиядағы ең көрікті пантеондардың біріне айналды. Төңірегіне 600-ден аса белгітастар қойылған. Баба ұрпақтары былтыр Созақ көтерілісіне қатысқан боздақтар мен ашаршылық құрбандарына арналған мемориалдық кешеннің ашылуына ұйытқы болды. Созақ ауылының кіре берісінде орын тепкен мемориалдың бел ортасында көтерілістің көсемі Сұлтанбек Шалақұлы мен бас мерген Салықбай Аралбайұлының ескерткіші орналасқан. Жас өренді ортаға алған қос қаһарманның бейнесі сол алапат заманның көрінісінен хабар береді. Ескерткіштің оң қабатына көтеріліс кезінде нақақтан-нақақ жазаға ұшыраған 300-дей адамның тізімі жазылған белгі орнатылған. Осы ретте «Созақ қасіреті» мемориалының бой көтеруіне ұлт жанашыры Бекет Тұрғараұлы, кәсіпкер, елжанды азамат Орынбек Ібіжанов және облыстың құрметті азаматы, осы жолдардың авторының бастамашы болғанын айта кетейік.

Мемлекет қайраткері, жазушы Әбіш Кекілбаев: «Қарабура – әлденеше ғасыр бойы ауыздан түспей келе жатқан есім. Қиналғанда медет болар, шамданғанда қайрат бітірер ұран» дейді. Тіпті, Қарабура дүние салып, сүйегі Созақ топырағына жерленген соң да оның зираты күллі түркі жұрты үшін киелі орынға айналған. Оның кесенесінің қасына қоңырат Құрбан ата, тарақты Шілмембет би, тама Құлтас би, сарыүйсін Белгібай қажы жерленген. Бұл біз үшін үлкен абырой. Себебі, Қарабура қазаққа ғана емес, күллі түркі жұртына ортақ тұлға.


Сексенбай ТҰРЫСБЕКОВ, 
«Қарабура әулие» қайырымдылық қорының вице-президенті, 
 Созақ ауданының құрметті азаматы, «Құрмет» орденінің иегері.

Пікір қалдырыңыз