Референдум - жаңа саяси бағытқа жол ашады


Осы референдум арқылы жаңа саяси трансформацияларға жол ашылып тұр. Өзгерістер биліктің барлық салаларын қамти отырып, жаңа қоғамдық келісім жасауға  бағытталды деуге болады.

Бәріміз білеміз, Қаңтар оқиғалары ешкімді бей-жай қалдырмады. Бұдан былай мұндай жағдайдың қайталанбауы үшін не істей аламыз деген сұрақтар бәрімізді ойландырды. Сондықтан да шығар, бұрын соңды дауыс беруге қатыспаған, саясаттан ұзақ тұратын таныстарымның өзі осы Референдумда ерекше ықылас таныта отырып, таңдау жасады. Мен әртүрлі салада қызмет ететін адамдармен көп араласамын, әңгіме барысында еліміздің келешегі туралы пікірін сұраймын.  Сонда байқағаным билікке, дәлірек айтсақ Президентке деген қоғамның сенім деңгейі айтарлықтай өскен. Мәселен, экономикамыздың негізгі тірегі саналатын орта бизнес өкілдері Президенттің туыстарына жоғары лауазымдарды бермеу туралы жаңа норма дәл уақытында қабылданып отырғанын атап өтті.

Қазақстандықтардың қаңтардағы қайғылы оқиғалардан кейін саяси өмірге араласуға тиіс екенін түсіне отырып, дауыс беруге барғаны анық көрініп-ақ тұр. Жасыратыны жоқ, қазір қоғамда талқыға түсетін пікірлердің барлығы дерлік әлеуметтік желіден бастау алып жатыр. Бірақ экранның арғы жағында қандай мүдделі топ тұрғанын ешкім білмейді. Ал осы процесстердің ашық өтуі үшін саяси мәдениетімізді жетілдіруіміз қажет.

Сондықтан Референдум жаңа өзгерістердің басталуына алғышарт болды деп айта аламын. 2022 жылдың 5-ші маусымы тарихтың қорына маңызды күн боп енетіні анық. Себебі, Конституциямызға енгізілетін жаңа өзгерістердің қатарынан қоғам белсенділері бірнеше жылдан бері күн тәртібіне шығарып отырған мәселелерді көріп отырмыз. Пропорционалды-мажориталды сайлау жүйесін енгізу, адам құқықтарын қорғау, өлім жазасын алып тастау, Президенттің ешбір саяси партияда болмауы сияқты көптеген талап-арыздар ескерілді. Бұл қуантарлық жағдай. Бұл демократиялық елдердегі эволюционал үдерістің көрсеткіші. Әрине, наразы топ та, қабылданған өзгерістерді жеткіліксіз деп санайтындар да бар. Бірақ Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаев өз сөзінде атап өткендей, кез келген өзгерістер бір демде орындалмайды, ол кезең-кезеңімен жүруі керек. Бұл халық игілігі мен амандығы үшін ең дұрыс шешім. Осылайша, біз эволюциялық жолды таңдай отырып, елімізде бостандық пен әділдік қағидаттарының дамуы үшін маңызды қадамдар жасаймыз. Референдум – сол жолдың басы ғана. Ендігі жерде біз Қазақстанның одан әрі дамуын қамтамасыз ететін демократиялық құндылықтар мен қағидаттарды, қоғам талабына сай, белсенді түрде енгізуді  жалғастыруымыз қажет.

ЖАНАР АМАНГЕЛДІҚЫЗЫ ТЕМІРБЕКОВА
Экономика ғылымдарының кандидаты
Қожа Ахмет Ясауи атындағы 
Халықаралық қазақ-түрік университетінің ректоры


Пікір қалдырыңыз