Қажымұқанның киіз үйі

Қазақтың тұңғыш кәсіби балуаны Қажымұқан Мұңайтпасұлы туралы ел ішінде аңыз-әңгімелер өте көп. Солардың бірі оның киіз үйіне байланысты. 
Айта кетейік, Қажымұқан Мұңайтпас­ұлы өзінің киіз үйін 1947 жылы досы Садықбай Бекжановқа сыйлайды. Садықбай Бекжанов қайтыс болғаннан кейін оның ұлы балуанның дүниесін 1974 жылы облыстық тарихи-өлкетану музейіне өткізеді. 
Музей қызметкерлерінің мәлімдеуінше, киіз үйдің сүйегі, яғни  керегесі, уығы мен шаңырағы 1930-1935 жылдар аралығында жасалған. Қажымұқан Мұңайтпасұлы Ұлы Отан соғысына жасы егде тартқандықтан қатыспаған. Дегенмен, ол осы кезде ел-елді аралап, гір тасын көтеріп, үстінен жүк көлігін өткізіп өнер көрсеткен. Жиналған қаржыға ұшақ жасатып, әскери ұшқыш Қажытай Шалабаев ол ұшақпен 120-дан астам жауынгерлік тапсырма орындаған екен.  
Алып күш иесі барған жеріне осы өзінің киіз үйін тіктіретін болған. Киіз үйдің оң жағына қыздардың, сол жағына ер азаматтардың төсегі қойылған. «Оның үлкен мәні бар. Тұтқиылдан жау шапқан кезде ерлердің киіз үйден жылдам шығуы үшін олардың төсегі киіз үйдің сол жағына орналастырылған» дейді музей қызметкерлері.  

Сымбат БЕГІМБАЕВА, 
Л.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің 
3-курс студенті.
Пікір қалдырыңыз