Жауапкершілік күшейеді

Арыс қаласында өткен облыстық ардагерлер кеңесінің көшпелі семинарында референдум өткізуге қатысты арнайы отырыс ұйымдастырылған еді. Бұл отырысқа ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты, «AMANAT» партиясының жанынан құрылған республикалық штабтың мүшесі Қайнар Абасов та қатысқан болатын. Жиын соңында Мәжіліс депутатымен бірер мәселе төңірегінде пікір алмасып үлгердік.

– Қайнар Бегалыұлы, әңгімемізді алдағы болатын конституциялық өзгерістердің халыққа келер пайдасынан бастасақ.
– Ашығын айталық, бұған дейін партияда жоқ азаматтар Мәжіліске де, жергілікті өкілді органдарға да сайлана алмайтын. Ол өз кезегінде халықтың сайлау науқанына деген қызығушылығын төмендетіп жібергені рас. Сайлауға деген белсенділік тек партиялар арасында қыза түсті. Осының салдарынан партия қатарында жоқ азаматтар сайлауға немқұрайлы қарайтын болды. Енді, Конституцияға енетін өзгерістерге байланысты қарай ешқандай партияға кірмейтін кандидаттың өзі қажетті дауысты жинау арқылы жеңіске жете алады. Сондай-ақ, Парламенттің төменгі палатасына жергілікті тұрғындардың қолдауына ие болған, сол өңірдің қыр-сырын, кем-кетігін толық білетін  депутат сайланады. Демек, халықтың қолдауымен мандатқа ие болған депутаттың жауапкершілігі арта түседі. 
Екіншіден, соңғы өзгеріс бойынша Жоғары Аудиторлық Палата Мәжіліс депутаттарының алдында жылына екі рет есеп беретін болады. Бұл өз кезегінде Мәжіліс пен жергілікті мәслихаттың беделін арттырады. Мәселен, аудан депутаттарының қызметін жоғары бағалау немесе оны қайтарып алу мәслихаттың құзыретінде болады. Жергілікті атқарушы биліктің тікелей мәслихатқа бағынышты болуы елдің әл-ауқаты мен саяси көзқарасына оң өзгеріс әкелетіні анық. Бұл өзгерістің түбіне тереңдей үңілсек халыққа билік ісіне араласуына мүмкіндік беру болып шығады.
– Жасыратыны жоқ, бүгінде елдің жергілікті мәслихаттарға деген сенімі керемет деп ешкім айта алмайды...
– Бұл жерде әрбір сайлаушының саяси көзқарасы мен белсенділігі рөл атқарады. Бұған дейін партиялардың ұсынысымен сайланған депутаттар, ендігі жерде тікелей халықтың қолдауына сүйенеді. Ал, халық өз кезегінде қолынан іс келетін, елге жанашыр, өздері жақсы танитын және жергілікті өлкенің қыр-сыры мен тыныс-тіршілігінен жақсы хабардар кандидатқа дауыс береді. «Мына азамат елдің мұңын біледі, түйткілді мәселенің түйінін шеше алады, халықпен бірге болады» деп өзі сенген адамын ұсынады. Бұл сенім мандат иесіне үлкен жауапкершілік жүктейді. Оның сайлауалды бағдарламалары, берген уәделерінің қаншалықты орындалған-орындалмағаны халықтың қадағалауында болады. Сондықтан бұл өзгеріс сенімділікті күшейтіп, алдағы күндерімізге тың серпіліс әкеледі.
– Сіз Парламент Мәжілісінің депутатысыз, сайлау алдындағы жоспарларыңызды қаншалықты жүзеге асыра алдыңыз?
– «Уәдеңізде тұрдыңыз ба?» дегің келіп тұр-ау. Мен депутат болмай тұрып-ақ қолымнан келгенше елге пайдалы іспен айналыстым. Кәсіпорнымызда бес жүзге тарта адам жұмыспен қамтылған. Олар жалақысын  тұрақты, уақтылы алады. Жаңа жұмыс орындарын аштым. 
Ал, депутаттық мансапқа қол жеткізу арқылы кәсіпкерлік және ауыл шаруашылығы салаларына қатысты проблемаларды талқылау, заңдарға өзгерістер енгізе отырып қолдау танытуды мақсат еттім. Сондықтан қазір Мәжілісте аграрлық комитеттемін. Кешегі көктемгі егіс жұмыстарына бөлінетін қаржыны көбейтуге, субсидияларды көптеп беруге септігімді тигіздім. 
Айта кетейік біз тек себепшіміз, ал, қабылданған бағдарламаларды жүзеге асыратын тиісті орындар бар. Сондықтан бұл жалғыз менің еңбегім деуге келмес.
– Әңгімеңізге рахмет!

Әңгімелескен 
Пернебай САПАР, «Ońtústik Qazaqstan».

Пікір қалдырыңыз