Саяси қуғын-сүргін құрбандарын еске алды

Бүгін жалпы ел бойынша Саяси қуғын-сүргін және ашаршылық құрбандарын еске алу күні аталып өтілуде. Осы атаулы датаға арналған іс-шара Түркістан қаласындағы  жоғарғы медициналық колледжінде қойылған Сұлтанбек Қожановтың ескертішіне гүл шоқтарын қою рәсіміне жалғасты.

 

Аталған іс-шара аясында қала әкімі Н.Тұрашбеков, Түркістан қалалық соғыс және еңбек ардагерлер кеңесінің төрағасы Ж.Құлбайымбетов, кәсіпкер М.Базарбаев, ардагерлер кеңесінің мүшесі Ш.Исмолдаев, Түркістан медицина колледжінің директоры Ғ.Бимұрзаев, Қ.А.Ясауи атындағы халықаралық қазақ-түрік университетінің профессоры, қожановтанушы Т.Хазірет, сондай-ақ зиялы қауым өкілдері мен аталмыш оқу орнының студенттері қатысты. Олар саяси қуғын-сүргін және ашаршылық құрбандарын бір минут үнсіздікпен еске алып, бабалар рухына тағзым етіп, ескерткішке гүл шоқтарын қойды.

         Жиында сөз алған Түркістан қалалық ардагерлер кеңесінің төрағасы Жарқынбек Құлбайымбетов бұл күннің маңыздылығын тілге тиек етіп, Алаш қайраткерлерінің өмірін өскелең жастарға үлгі етті.   

Расында қазақ «мың өліп, мың тірілген» дейтін сөз бар. Шынында мың өліп, мың тірілген екенбіз. Себебі, тарихқа үңілер болсақ, 1921-1923 жылдары елімізде ашаршылықтан бір жарым миллионнан астам қазақ қырылған болса, 1933 жылы екі жарым миллионға жуық азаматымыздан айырылдық. Ал бұдан кейінгі 1936-1937 жылдары қазақтың бетке ұстар қаймақтарына жазықсыз жала жауып, ату жазасына кесті.  Осының нәтижесінде біз жиырма бес мыңға жуық азаматтымыздан айырылдық. Жалпы алғанда Кеңестік кезеңде қуғын-сүргінге ұшырамаған қазақ жоқ. Ал солардың арасында Сұлтанбек Қожанов  көпшілік жағдайда елден тыс Өзбекстан, Қоқан, Ташкент, Бұхара жерлерінде қызмет атқарған болатын. Сол жылдары бірқатар басшылық лауазымды қызметтерді атқара жүріп, елге, халыққа сіңірген еңбектері көп еді. Десе де ақыр соңы белгілі тұлға саяси жүйенің құрбанына айналды, -- деді ол.      

Іс-шара аясында Алаш арыстарының өмірінен алынған қойылым көпшіліктің назарына ұсынылды.

 

                            Ысқақ САДЫҚ,

                            «Оңтүстік Қазақстан»

Пікір қалдырыңыз