Тарихымыздың азалы кезеңі ұрпақ жадында мәңгі сақталады

Өткен ғасырдың 20-50 жылдарындағы ұжымдастыру, тәркілеу секілді бір-біріне үздіксіз жалғасқан науқандардың, яғни жаппай қуғын-сүргіннің құрбаны болған қандастарымыздың санын нақтылау, сақталған құжаттар негізінде құрбандардың аты-жөні, кімге қандай жала жабылып, қандай жазаға іліккені туралы деректер базасын жасау, сондай-ақ, Қазақстандағы саяси қуғын-сүргіннің сипаты мен ерекшеліктерін зерттеу, осы күнге дейін ақталмаған құрбандарды анықтау және оларды толық ақтау – бүгінгі буынның сол құрбандардың рухы алдындағы қасиетті борышы. Екінші жағынан, бұл жұмыстар, яғни тарихты түгендеу – келер ұрпақ алдындағы міндетіміздің де ең маңызды бөлігі. 
2020 жылдың 24 қарашасында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Саяси қуғын-сүргін құрбандарын толық ақтау жөніндегі мемлекеттік комиссия туралы» Жарлыққа қол қойып, соның негізінде қуғын-сүргінге ұшыраған адамдарды ақтау үшін жер-жерлерде өңірлік комиссиялар құрылды.  

2021 жылы 14 қаңтарда Түркістан облысында саяси қуғын-сүргін құрбандарын толық ақтау жөніндегі өңірлік комиссия құрылып, облыстық мәслихаттың 2021 жылғы 4 ақпандағы шешімімен комиссияның құрамы бекітілді. Комиссия құрамына тарихшы ғалымдар, доценттер, phd докторлары, сарапшылар, БАҚ өкілдері, архив саласының қызметкерлері және т.б. азаматтар енгізілді. Комиссия ішінен саяси қуғын-сүргін құрбандарын толық ақтау бойынша жұмыс топтары құрылды. Комиссия мүшелерінің қатысуымен бүгінге дейін 6  мәжіліс өтіп, 6 «Дөңгелек үстел» мәжілісі, 3 семинар ұйымдастырылды. Атап айтар болсақ, 2021 жылдың 29 қазанында облыстық қоғамдық-саяси тарихы архивіндегі Түркістан облысындағы байлардың шаруашылығын кәмпескелеу мен кулактарды тап ретінде жою науқанының деректері жайлы, 2021 жылдың 5 қарашасында «Ұлыларды ұлықтау – ұлт тарихын ұмытпау» тақырыбында Түркістан облысының мемлекеттік архиві қорларындағы қуғын-сүргін құрбандарын ақтаудағы деректер, 2021 жылдың 12 қарашасында саяси қуғын-сүргін құрбандарын ақтаудағы естеліктер жинаудың әдіс-тәсілдері, осы жылдың 19 қарашасында Кеңес идеологиясы мен діни құндылықтар қақтығысы, 26 қараша күні шаруаларға қарсы күштеу шаралары және ашаршылық салдарлары және депортация мен арнайы қоныстандырылғандар тағдыры жайлы «дөңгелек үстел» мәжілістері ұйымдастырылып, әділдікті қалпына келтіруге игі қадамдар жасалды. Бұдан өзге саяси қуғын-сүргін куәгерлері мен ұрпақтарынан естеліктер жинаудың методикасы, архив құжаттарымен жүргізілетін археографиялық жұмыстарды ұйымдастыру, қуғын-сүргін құрбандарының деректерін баспасөзде жариялау мәселелері туралы семинарлар өткізілді.
2021 жылы сәуір айында өткен облыстық мәслихаттың сессиясында ғылыми және зерттеу қызметіне қажетті барлық шығындар және өңірлік комиссияның міндеттерін іске асыруға қажетті басқа да шығыстарға жергілікті бюджеттен 19,5 млн. теңге бөлінді, ал, биылғы жұмыстарға қаражат енді қарастырылып жатыр.
2021 жылы Созақ және Бәйдібек аудандарына экспедициялар ұйымдастырылса, биыл басқа аудандарға да осындай экспедицияға шығу жоспарланып отыр. Қ.А.Ясауи атындағы халықаралық қазақ-түрік университетінің тарих, теология, әлеуметтану, халықаралық қатынастар және экономика мамандықтарының бітірушілеріне саяси қуғын-сүргін құрбандарын ақтау тақырыптары жоба жұмысы ретінде бекітіліп берілген болатын. Биылғы қаңтар-сәуір айларында бітірушілер осы тақырыптар бойынша аудандарда экспедицияда болып, материалдар мен құнды деректер жинастырды.
Облыс тұрғындары арасында айтылған тарих (oral histori) методикасы бойынша 35 сауалнама жүргізіліп, саяси қуғын-сүргін құрбандарын толық ақтау бойынша Алматы қаласындағы Қазақстан Республикасы Президентінің архивіне, Орталық мемлекеттік архивіне, Жетісай және Кентау өңірлік мемлекеттік архивтеріне, Келес аудандық мемлекеттік архивіне, Тәжікстан Республикасының архивтеріне және Өзбекстан Республикасының кітапханалары мен қуғын-сүргін құрбандары (Қатоған қурбонлори) музейіне іссапарлар ұйымдастырылды.

Өңірлік комиссиялардың ғылыми және баспа қызметі

Биыл ҚР БҒМ тізбесіндегі журналдарға 1 мақала жарияланып, 2 мақала ұсынылды. Барлығы 7 жинақ, 2 монография дайындалып, «Түркістан өңірін түлеткен тарихи тұлғалар» атты жинақ жарық көрді. Жыл аяғына дейін 1920-1921 жылдардағы және 1930-1933 жылдардағы ашаршылыққа қатысты құжаттар және мақалалар жинағы (6 баспа табақ қолжазба); Бостандық, Созақ аудандары және басқа да көтерілістердің, кәмпескеленген бай-кулактарды жер аударуға қатысты архивтік құжаттар мен мақалалар жинағы (7 баспа табақ қолжазба), Мемлекеттік террор мен қуғын-сүргіннен туған жерін тастап, Қазақстаннан тыс жерлерге (Өзбекстан, Тәжікстан) ауа көшкендердің құжаттар жинағы (4 баспа табақ қолжазба), Алаш қозғалысы және шаруаларға қарсы күшейтілген саяси науқандардың құрбандарына қатысты архив құжаттары. Құжаттар мен мақалалар жинағы (5 баспа табақ қолжазба), Кеңес өкіметінің дін саясатының өңірде қалай іске асқандығын талдауы және діни себептермен қуғындалғандардың құжаттары. Құжаттар мен мақалалар жинағы (7 баспа табақ қолжазба), өңірге депортацияланғандардың тізімі және оларға жасалған күштеу шараларына қатысты құжаттар жинағы (қордың материалдары құпиясыздандырылмағандықтан, жоба күйінде ғана жасалды) жарық көрмек. 
Өңірлік комиссияның және жұмысшы топтардың өз отырыстарын, сарапшылармен, өлкетанушылармен, зерттеушілермен, еріктілермен және келушілермен кездесулер өткізуі үшін басқармалар үйі ғимаратынан арнайы бөлме қарастырылып, облыстағы 17 аудан және қалаларда тұрғындармен тікелей байланыс орнату мақсатында облыстық жауапты басқармалар мен аудан, қалалық ішкі саясат бөлімдерінің мамандары бекітілді. Аталған мамандардың тізімі, байланыс телефондары облыстық «Оңтүстік Қазақстан» және «Южный Казахстан» газеттерінде, ресми сайттарда жарияланды.
Түркістан облысында саяси қуғын-сүргін құрбандарын толық ақтау жөніндегі өңірлік комиссияның жұмысын ақпараттық сүйемелдеу бойынша медиа-жоспар әзірленіп, бекітілді. Медиа-жоспарға сәйкес, облыстық «Оңтүстік Қазақстан», «Южный Казахстан», «Жанубий Қозоғистон» газеттері мен 17 аудан, қалалық баспа БАҚ беттерінде тақырыптық айдарлар ашылып, материалдар жарияланды. 2021 жылы 29 қазан және 13 қараша күндері «Түркістан» телеарнасында «Халық үні» ток-шоу бағдарламасына комиссия және жұмысшы топ жетекшілерінің қатысуымен саяси қуғын-сүргін құрбандарын толық ақтау тақырыбы бойынша бір сағаттық хабар ұйымдастырылды. Әлеуметтік желіде Хазіретәлі Тұрсынның қатысуымен «Оңтүстік тұрғындарының Тәжікстанға ауа көшуі» тақырыбында видеолекция ұйымдастырылса, «Салауат» жастар орталығы «Азалы тарихтың ақтаңдақ беттері»  тақырыбында Семей қаласының оқушыларымен видеолекция өткізді. 
2021 жылы 3 желтоқсанда Қ.А.Ясауи атындағы халықаралық қазақ-түрік университетінде «ХХ ғасырдың 20-50 жылдарындағы Қазақстандағы саяси қуғын-сүргін: себептері мен салдары» атты халықаралық ғылыми-практикалық конференция ұйымдастырылды. Конференцияда жұмысшы топ мүшелерінің тақырыпқа қатысты жүргізген жұмыстарының нәтижелерін баяндаған 22 мақала талқыға салынып, жинақ етіп дайындалды. 
Сонымен қатар, жергілікті «Түркістан» арнасындағы «Тағлым»,  «Айғақ» телеарнасындағы «Тарих толқыны», «Ел-нұр» телеарнасындағы «Арнайы репортаж» бағдарламаларында қуғын-сүргін құрбандарына арналып, хабарлар ұйымдастырылды. Жалпы, бұқаралық ақпарат құралдарында 162 материал жарыққа шықса, оның ішінде, 17-і баспа беттерінде, 9-ы электронды БАҚ-да, 15-і ақпараттық сайттарда, 121 материал әлеуметтік желілерде жарияланды. Өңірлік комиссияның жұмысы туралы мақалалар  aigak.kz, okg.kz, oinet.kz, rgmedia.kz және басқа да сайттарда орналастырылды.
Өңірлік комиссиялар қызметінің негізгі жұмыс қорытындылары

Жыл басында саяси қуғын-сүргін құрбандарын толық ақтау жөніндегі Түркістан облыстық өңірлік комиссияның және жұмысшы топтың 2022 жылға арналған жұмыс жоспарлары бекітілді. Түркістан облысы негізі 9 бағыт бойынша жұмыс атқарады. Жоспарға сәйкес, саяси қуғын-сүргін құрбандарын толық ақтау үшін РСФСР-дің 1926 жылғы Қылмыстық кодекстің 58, 59, 61, 62, 63, 159, 180, 69, 73, 79, 82, 95, 105, 107, 108, 110, 111-баптары бойынша Түркістан облысы мемлекеттік архивіндегі жабық және ашық қорлардағы құжаттарды талдау арқылы сотталғандарды ақтауға ұсыну үшін тізім жасалды. Күні бүгінге дейін жүргізілген зерттеу жұмыстары негізінде жалпы саны 1643 адам тізімге алынды. Оған қосымша жекелеген баптар бойынша қанша азаматтың қандай баппен қылмыстық жауапкершілікке тартылғандығы туралы тізім жасалуда.
Қазақстан Республикасы Бас прокуратурасының құқықтық статистика және арнайы есепке алу жөніндегі комитетінің Түркістан облыстық архивіндегі мемлекеттік құпиялығы алынбаған қор мәліметтері құпиясыздандыруға дайындалды. Ондағы материалдар түгелдей талдаудан өтті.
Түркістан облысы бойынша соттар әкімшісінің 2021 жылғы 
14 қыркүйектегі №5199-21-5-16/35 санды хатына сәйкес, Түркістан облыстық мемлекеттік архивінің қорларынан табылған 1934-1939 жылдардағы құжаттардан 630 іс қаралды. Нәтижесінде 58 және 59 баптар бойынша қылмыстық жауапкершілікке тартылған 167 азаматтың аты-жөні тізімге алынды. Осы азаматтарды ақтауға ұсыну үшін мекеме тарапынан құжаттар құпиясыздандыруға дайындалды.
Қазақстан Республикасы Бас прокуратурасының құқықтық статистика және арнайы есепке алу жөніндегі комитетінің Түркістан облысы бойынша басқармасы архивінің 9-қорында сақталған өлкемізге депортацияланған және арнайы қоныстандырылған 36 151 азаматтың жеке құжаттары деректер базасына енгізілді. «Ұлы Отан соғысының әскери тұтқындары және фашист концлагерінде болғандар» топтамасынан 56 сақтау бірлігі қаралып, 15 әскери тұтқын, «1941-1945 жылдардағы Ұлы Отан соғысындағы шетелдерден әкелінген Қазақстандық әскери тұтқындардың құжаттары» топтамасынан 10 сақтау бірлігі қаралып, 15 әскери тұтқын анықталды.   
Түркістан облысының қоғамдық-саяси тарихының архиві қорларынан бай, орташа, кулак ретінде мал-мүлкі тәркіленіп, жер аударылған 1698 адам тізімге алынып, 30 әскери тұтқынның, көтеріліске қатысқан 32 адамның тізімі анықталды. Оңтүстіктен Тәжікстанға ауа көшкендердің саны шамамен 55-60 мың, Тәжікстан арқылы Ауғанстанға өткен қазақтардың саны 5-7 мың екендігі белгілі болды. Қазір Өзбекстанға бас сауғалап кеткендердің саны анықталып жатыр. Бұл цифр алдағы уақытта толығатын болады. Өйткені, архив қорлары толық өңделіп біткен жоқ. Құпиялығы алынбаған қорлардың мәліметтері әзірге енгізілмеді. Анықталған адамдардың барлығы да ақтауға ұсынылады.
2021-2022 жылы архивтердегі ғылыми-іздестіру жұмыстары бойынша 2460 құжат қаралды. Қазір осы бағытта ізденіп жүрген 11 ғалым комиссия құрамында тұрақты түрде жұмыс істеп жатыр.   
Бүгінде бізге азаматтардан түсіп жатқан өтініштер көп. Біз қолдан келгенше олардың өтініштерін қанағаттандырудамыз. Саяси қуғын-сүргінге ұшыраған, жер ауған, тәркіленген бай кулактар мен көтерілістерге қатысқандардың ұрпақтарымен кездесіп, оларды бейне жазбаға түсіріп, деректерді жинақтау үстіндеміз.   

Гүлнар ШАРДАРБЕКОВА, 
Түркістан облысының қоғамдық-саяси тарихының мемлекеттік архивінің басшысы, 
Түркістан облысындағы саяси қуғын-сүргін 
құрбандарын толық ақтау бойынша  жұмыс тобының жетекшісі.
Абай БАЛАЖАН,
«Оңтүстік Қазақстан» газетінің директор-бас 
редакторы, жұмыс тобының мүшесі.
Пікір қалдырыңыз