Бауыржан алып та жықты, шалып та жықты!

Өткен аптада Түркістандағы «Turkistan Arena» стадионында БАҚ өкілдері арасындағы облыстық спартакиаданың салтанатты ашылу рәсімі өтті. Оған облыстық мәслихат хатшысы Қайрат Балабиев, облыс әкімінің орынбасары Сәкен Қалқаманов, «Amanat» партиясы Түркістан облыстық филиалының атқарушы хатшысы, фракция жетекшісі Бейсенбай Тәжібаев, Қазақстан Журналистер одағы Түркістан облыстық филиалының төрағасы Ғалымжан Елшібай қатысып, жарысқа қатысушыларға сәттілік тіледі.
ҚР Мемлекеттік рәміздерінің 30 жылдығы мен БАҚ қызметкерлерінің кәсіби мерекесі қарсаңында ұйымдастырылған спартакиаданың алғашқы күнінде қатысушылар қазақ күресі, шахмат, үстел теннисі және бильярдтан сынға түсті. Сонымен қатар, 27 мамыр – Дүниежүзілік темекі шегуге қарсы күрес күніне орай «Денсаулыққа қарай 10 000 қадам» атты жаяу жүру акциясы да өтті. Енді 17 маусым күні шағын футболдан және 18 маусым күні волейбол мен арқан тартудан бәсеке жарыс өтіп, спартакиаданың облыстық кезеңі қорытындыланады.  
Айта кетейік, жарыстың алғашқы күні «Оңтүстік Қазақстан» газеті командасының мүшелері, атап айтсақ, қазақ күресінен Бауыржан Ерман және бильярдтан Болат Сүлейменов қарсылас шақ келтірмей, жеңімпаз атанды. Жеңімпаздар енді  республикалық бәсекеде облыс намысын қорғайды. Ал, біз әріптестеріміз Бауыржан мен Болатқа «жеңіс жеңіске ұлассын!» демекпіз.

«Оңтүстік»-ақпарат.
Пікір қалдырыңыз