Біздің Бекең

Солтүстік Қазақстан облысына қызмет бабымен кімдер келіп, кімдер кетпеді дейсіз?! Әрине, олардың көш басында белгілі мемлекет қайраткерлері Тайыр Мансұров, Қажымұрат Нағыманов, Даниал Ахметов тұр. Өңірді бірталай жыл басқарған олар қыруар іс тындырып, соңдарына жақсы із қалдырды, халықтың ризашылығына бөленді. Міне, осындай саусақпен санарлықтай азаматтардың шоғырына Бекет Тұрғараевты да қоссақ, артық емес. Менің жерлестерім бастары қосыла қалған жерде ол кісіні де аса бір ризашылықпен еске алып, тындырған істерін, адамгершілік қасиеттерін жыр қылып айтып отырады.

Мен Бекеңмен 2000 жылдың басында таныстым. Ол кезде облыстық телеарнада «Ойтолқын» деген бағдарламаны жүргізуші едім. Апта сайын эфирге шығатын хабарға қазақша ойын еркін жеткізе алатын адам таба алмай, қиналып жататын кезіміз. Облыстық сотқа жаңа төраға келіпті, өзі Оңтүстіктің азаматы екен дегенді естігеннен кейін хабарға шақырмақ болсам да, ойланып қалдым. Өйткені, бұрын да біздің тарапымыздан ондай ұмтылыстар болған. Бірақ, сот қызметкерлері ат- тондарын ала қашпаса да, неше түрлі сылтау айтып ұстатпайтын. Ал, хабарымыз тікелей эфирде жүретіндіктен бізге сенімді адам керек.

Қазір неге екенін білмеймін, басшы қызметкерлердің ауысуы жиілеп кетті. Содан ба екен, кім келді, кім кетті, былайғы жұрттың оларда жұмысы жоқ. Ал, біздің кезімізде, әрі бармағанның өзінде осыдан он бес-жиырма жыл бұрын, облысқа сырттан біреу келе қалса, әсіресе, журналистер арасында қызу талқыға түсетін. Қандай қызметке келсе де, руханиятқа жақын адам болса екен деп тілейтінбіз. Өйткені, ол кезде осы саланы басқарғандардың өзі ұлт мүддесіне қызмет етуді ойламайтын, олардың бар мақсаты – төрдегі орындықта отырған кісіге жалтақтап, жан сақтау. 

Облыстық соттың жаңа төрағасының өмірбаянына зер салдым. С.М.Киров атындағы Қазақ Мемлекеттік университетін тамамдап, еңбек жолын Шымкент облыстық сотында тағлымгер болып бастапты. 1975 жылдың қазан айында – облыстық соттың мүшесі, ал, 1987 жылы Шымкент қаласындағы Дзержинский аудандық халық сотының төрағасы болып сайланады. Арада бес жылдай өткеннен кейін Шымкент облыстық сотының төрағалығына жоғарылайды. 1996 жылдың ақпаны мен 1997 жылдың қарашасы аралығында Қазақстан Республикасы Бас прокуратурасының Құқықтық ақпарат орталығын, одан кейін Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінің соттар қызметін ұйымдастыру департаментін басқарыпты. Қазақ КСР-нің еңбек сіңірген заңгері. Байқаймын, осал адам емес.

Осылай он ойланып, мың толғанып дегендей, облыстық сот төрағасының қабылдау бөлмесіне телефон шалдым. Хатшы қыз көп күттірген жоқ, бастығымен тез қосты. Амандық-саулықтан кейін өзімнің кім екенімді айтып, үлкен кісіні төбеден түскендей хабарға телефон арқылы шақырмайын, сәлемдесейін, танысайын деген оймен кіріп шыққым келетінін жеткіздім. Ол кісі бірден «Қашан келемін десеңіз де, жұмыс орнындамын» деді. Жұмыс бабымен облыстық соттың бұрынғы төрағаларында да болған едім. Табалдырықтан аттағаннан-ақ өзгерістер көзіме бірден шалынды. Хатшы қыз ауысыпты. Сөз арасын былғамай таза қазақша сөйлейді екен. Бұл да бізге таңсық жай ғой. Сүйсініп қалдым. Қазақ баласына тән биязылық танытып жатыр. Онысына да іштей ризашылық білдіріп, төрағаның кабинетіне оздым. «Келіңіз, келіңіз» деген төраға орнынан тұрып, жылы амандасты. Сөзінен де, жүзінен де қазақылықтың лебі есіп тұр. Кабинетінің қабырғасына үш бидің суретін іліп қойыпты. Менің қайта-қайта сол жаққа қарай бергенімді байқады білем: «Даналық та, төрелік те, шешендік те осы бабаларымызда жатыр, тәуелсіз ел болдық, енді солардың асыл мұраларын игеруіміз, жастарымызды ұлыларымыздың рухында тәрбиелеуіміз керек»  деп бір қойды.

Осылай ежелгі таныстардай әңгімеміз бірден жарасып жүре берді. «Ойтолқынды» көріп жүремін, мәселелерді ашық көтеріп жатқандарыңыз ұнайды. Тосын сұрақтар да жиі қойылады екен. Анада бір қонақтарыңыздың қара терге түскені-ай, көрермендер де белсенді» деді. 

Осы сәтті пайдаланып: «Кезекті хабарлардың біріне өзіңізді шақыра келдім» дедім. Ол көп ойланған жоқ: «Жақсы, уақытын айтыңыз, барамын» деді бірден.

Бекең хабарға жалғыз келген жоқ, орынбасарларын, басқа да біраз қызметкерлерін ерте келді. Сол жолы хабарымыздың басталуынан аяқталуы тез болғандай көрінді маған. Жайшылықта сағыздай созылып діңкені құртатын уақыттың қалай тез өтіп кеткенін де аңғармай қалдық. Әдетте, мейманнан сөз суыртпақтап шаршаушы едік. Бұл жолы бәрі басқаша болды. Бекең қамшы салдырмайды, қандай мәселені қозғасаң да, жауабы дайын. Жалтару жоқ, тура сөйлейді. Біз үшін бұл да таңсық. Өйткені, ол кезде, қазір де солай ғой, билікке жақын жүргендерді сөзден ұстау, қойған сұрағыңа өзіңді де, теледидардың алдында отырған көрерменді де қанағаттандыратындай жауап алу оңай болмайтын. Біреулер алдын-ала тосын сұрақ қоя көрмеңіздерші деп жалынып-жалбарынса, енді біреулері көзіңді бақырайтып қойып, басқа бір әңгімені бастап кететін. Не керек, осы жолы хабардың сәтті шығуы келген мейманға да байланысты екеніне тағы бір көз жеткіздік. Қазекең «алтын шыққан жерді белден қаз» демей ме, содан кейін Бекеңді жиі мазалайтын болдық. Келе алмаймын деген күні жоқ. 

Осылай танысып-білісіп, араласып кеттік. Бекең шешен, ойлы азамат қана емес, руханияттың нағыз жанашыры болып шықты. Көрген-білгендерін, көңілге түйгендерін қағазға түсіріп жүретін әдеті де бар екен, кешікпей жергілікті газеттерде мақалалары жариялана бастады. Оқығаны, көңілге тоқығаны көп екені бірден аңғарылады. Бір сөзбен айтқанда, сан қырлы адам. Осы ойымызды Қуанышбек Ботабеков деген автордың орталық газеттердің бірінде жарияланған мақаласындағы: «Иә, судьялар көп, төрағалыққа қол жеткізіп жатқандар да бар. Бірақ, Бекең судьяның немесе төрағаның міндетін атқарумен ешқашан шектелген емес, әрдайым халықтық, мемлекеттік істерге белсене араласты. Қазір де сондай» деген жолдар да растай түскендей.

Сөздің шыны сол, теріскейде руханиятқа шын жаны ашитын, ұлттық құндылықтар, оның ішінде тіл мәселесіне келгенде білекті түріп, ащы терін аямай төгетін азаматтар көп емес. Ал, Бекең онның, онның емес-ау, жүздің жүрексініп, тісі батпай жүрген істерді жалғыз өзі еңсеріп кете береді екен. Кейін оған көзіміз сан мәрте жетті. Тіпті, Бекеңнің тау көтерер толағай екенін әбден танығаннан кейін, бір мәселені шешкіміз келсе, билікке жалынып- жалбарынбай тура өзіне баратын болдық.

Осылай аз ғана уақыттың ішінде Қызылжар өңірінде талай мәселенің түйіні тарқатылды. Солардың кейбіріне тоқталсақ, Бекет Тұрғараұлының тікелей араласуымен атақты Тоқсан бидің зиратының басына кесене тұрғызылып, сол жердегі ауылға бабаның есімі берілді. Бекеңнің Қожабергентануға қосқан үлесі, тіпті, ересен. Ол 2009 жылдың қыркүйек айында «Жеті жарғы және Қожаберген жырау» қоғамдық қайырымдылық қорын құрды. Өзінің төңірегіне ұлыларды ұлықтауды мұрат тұтқан азаматтарды топтастырып, Қожаберген жыраудың есімін есте қалдыру мақсатында әдеби мұраларын зерттеп, жинақтап, қайта басып шығарумен айналысты, бабаның өмірі мен шығармашылығына арналған түрлі шаралар ұйымдастырып, мазмұнды мақалалар мен баяндамалар жасады. «Елім-ай», «Баба тіл» дастандарын бөлек-бөлек сыйлық кітапшасы етіп, басып шығарды. Арада бір жыл өткеннен кейін жыраудың туған жері – Жамбыл ауданының орталығы Пресновка ауылының орталық алаңына ескерткіш-мүсіні орнатылып, осындағы қазақ мектебіне есімі берілді. Осының өзі көп жұмыс еді.

Бірақ, Бекең онымен тоқтап қалған жоқ. Қызылжарда республикамызға танымал ғалымдардың, мемлекет қайраткерлерінің қатысуымен өткен «Өлке тарихы – тұлғалар тағдыры» деп аталатын конференцияда «Қожаберген жыраудың өмірі мен ерлігі» деген тақырыпта баяндама жасап, беделді жиынның өлкеміздің тарихының проблемаларымен қатар, Қожабергентану ісін жақсарту туралы шешім қабылдауына ықпал етті. Нақ осы кезде бабаның өлеңдері, толғаулары мен дастандары топтастырылған «Қожаберген жырау» деп аталатын жинақтың жарық көруіне белсене атсалысқан Бекет Тұрғараұлы 2012 жылы «Өнерпаздар әулеті» кітабын шығарды. Бұл кітапқа Қожаберген жырау әулетінен шыққан ақын-жыраулардың шығармалары енгізілді. Ол осындай еңбектерімен Қожаберген жыраудың ХVІІ ғасырдың соңғы ширегі мен ХVІІІ ғасырдың бірінші жартысында қазақ халқы тағдырының қыл үстінде тұрған ауыр кезеңінде бүкіл қазақ, татар, ноғай, қарақалпақтың біріккен жасағын 22 жыл (1688-1710) басқарған ордабасы (әскер басы) болғанын, қиын уақытта көрші мемлекеттермен дипломатиялық қатынас жүргізген мемлекет қайраткері, Қазақ хандығының бізге жеткен тұңғыш мемлекеттік заңдар жинағы – «Жеті жарғы» авторларының бірі, тарихта «ақтабан шұбырынды» жылдары деп аталып, ұлтымыздың ауыр да азалы кезеңін жырлайтын «Елім-ай!» жырының авторы екенін, қазақ тарихы жайлы жазып кеткен ғұлама ғалым екендігін дәлелдеп, тың ізденістерге серпін берді.

Көзіқарақты оқырман 2013 жылдың маусым-шілде айларында Солтүстік Қазақстан облысында Қожаберген Толыбайұлының 350 жылдығы, «Елім-ай!» дастанының 290 жылдығы кеңінен аталып өткенінен хабардар деп ойлаймын. Осы арада өзіме жақсы мәлім, былайғы жұрт біле бермейтін, кейбір жайларға тоқтала кетсем, артық болмас. Осы атаулы даталардың ел көлемінде, жоғары деңгейде ұйымдастырылуына, сөз жоқ, Қазақстан Үкіметінің арнайы қаулысы жол ашты. Ал, осындай құжаттың өмірге келуіне бастамашы болған, Қожаберген жыраудың бүкілхалықтық құрметке лайық тұлға екеніне жоғары шенді шенеуніктердің көзін жеткізіп, олардың бетін бері бұрған нақ Бекет Тұрғараұлының өзі еді. Соның арқасында Алматы мен Астанада ғылыми-практикалық конференциялар өткізілді. Ал, жыраудың туған жері – Қызылжар өңірінде ат жарысы, ақындар мүшәйрасы сияқты түрлі мәдени іс-шаралар ұйымдастырылды. Соның бәрінің бел ортасында Бекең жүрді.

Осы шаралар аяқталар-аяқталмаста Бекең қор мүшелерін жинап алып: «Қожаберген жыраудың қазақ тарихындағы орнын анықтау, оны ұлықтау, шығармаларын насихаттау, зерттеу жұмыстарын одан әрі жалғастыра беруіміз керек. Біраз материал жиналды, соларды електен өткізіп, қалың оқырманға ұсынайық» деген. Осылай көптеген зерттеуші ғылымдардың, тарихшылардың, қоғам қайраткерлерінің, журналистердің көп жылғы еңбектерінің басын қосқан «Заманының заңғары» атты көлемді әрі мазмұнды кітап өмірге келді. Кітапты құрастыру маған тапсырылғанымен, Бекең жұмыстың барысын ұдайы қадағалап, ақыл-кеңес беріп отырды. Қаржы мәселесін де өзі шешті. Төрт бөлімнен тұратын кітаптың оқырманға шертер сыры аз емес. «Жақсының аты өшпейді» деген бірінші бөлімде Манаш Қозыбаев, Салық Зиманов сынды ғұламалардың Қожаберген Толыбайұлы туралы еңбектері берілсе, Амангелді Айталы, Ким Серікбайұлы, Кәкімбек Салықов сынды белгілі тұлғалардың қаламынан туған мақалалардың да оқырманның зор қызығушылығын туғызғаны сөзсіз. Марқұм Кәкімбек ағамыздың сол тойдың басынан аяғына дейін болып: 

Бүгін жырау ардақтым төрімдегі.

Ең қымбатты ашылды өмір кені.

Дана бабам оралып тұғырына,

Қайта жанды жұлдызым көгімдегі, – деп шаттанғанын қалай ұмытамыз.

Бекет Тұрғараев сияқты жақсының жақсылығын бір мақалада айтып тауысу мүмкін емес. Ол теріскейде қызмет істеген жылдары солтүстіктің сіресіп жатқан мұзын ерітті, тынысы тарылып, тұншығудың аз-ақ алдында қалған ұлт руханиятын оятты. Оның осындай жанашырлығы, тынымсыз еңбегі ескерусіз қалған жоқ. ҚР Президенті руханият жанашыры 

Б.Тұрғараевты Қызылжар өңірінде «Мәдени мұра» бағдарламасын іске асыруға белсене қатысқаны үшін «Парасат» орденімен марапаттады. Сол сияқты оған Солтүстік Қазақстан облысының құрметті азаматы деген атақ берілді.

Мен білетін Бекең марапаттан, атақ-дәрежеден кенде емес. Дегенмен, солардың бәрі әрдайым «Біздің Бекең» деп іш тарта сөйлейтін солтүстік қазақстандықтардың ол кісіге деген құрметіне жетпейтін сияқты көрінеді маған.

Бұл күнде солтүстік жұрты құрмет тұтатын «Біздің Бекең» адам өмірінің айтулы бір биігі 75 жасқа толып отыр, бұл жасқа Бекет Тұрғараұлы абырой арқалаған жылдарды артқа тастап, Ел ағасы деген ерен биіктен көрініп, халқына қадірменді азамат деген атпен жетіп отыр. Біз соған қуанамыз.


Жарасбай СҮЛЕЙМЕНОВ, жазушы-журналист.

Пікір қалдырыңыз