Арпаөзендегі құнды жәдігерлер қашан қорғауға алынады?

Дәулет Тұрсынұлы, «Ońtústik Qazaqstan».

Байыптап қараған жанға бабаларымыздың біздің еншімізге қалдырған мына шет-шегі жоқ дала тірі галерея іспетті. Басқасын айтпай-ақ қоялық, қарт Қаратаудың Келіншектау жотасынан бастау алатын Арпаөзен бойындағы тастарда қола дәуірінен сақталған үш мыңнан аса сурет бар. Бейне бір ашық аспан астындағы көрме дерсің. Олар біздің жыл санауымыздан бұрынғы I-II ғасырларда өмір сүрген халықтың танымы мен пайымынан сыр шертеді. Егер біз осы тастардағы суретті тереңірек зерделейтін болсақ, салиқалы өнердің ішке бүккен талай сырларына қанығар едік. Өкініштісі сол, көне заманның көзіндей болған дүниелер бүгінде қараусыз, ашық-шашық күйі жатыр. Себебі, құнды жәдігер ретінде мемлекет қорғауына алынбаған. 

Осы аптада құрамында белгілі ғалымдар мен журналистер бар экспедициялық топ Арпаөзен бойына сапарлап қайтты. Облыс әкімінің орынбасары Сәкен Қалқамановтың айтуынша, таңбалы тастардың тарихы мен алдағы күндері 30 жылдығын атап өткелі отырған мемлекеттік рәміздеріміздің арасында біз біле бермейтін ұқсастықтар көп.
– Рәміздер тарихы сонау көне дәуірден басталады. Оның көне таңбалар, хандықтар мен патшалықтардың елтаңбалары, жалаулары мен теңгелеріндегі айшықты белгілерімен тығыз байланысы бар. Осы тұрғыдан келгенде, мемлекеттік рәміздерді мәдениетіміз бен тарихымыздың көркем туындысы деуге болады. Экспедиция мақсаты да тасқа қашалған символиканың тәуелсіз Қазақстанның рәміздерімен байланысын насихаттау, – деді Сәкен Амангелдіұлы.
Петроглифтер тарихын бір кісідей зерттеп жүрген белгілі ғалым Бауыржан Байтанаевтың пікіріне сүйенсек, Арпаөзен бойындағы таңбалы тастарды кеңінен насихаттау үшін осы аймақтан туризм кластерін құру қажет.
– Бұл қола дәуірінен сақталған құнды дүниелер. Біз осы жәдігерді кейінгі ұрпаққа осы қалпында жеткіземіз десек, алдымен оларды осындай құнды дүниелерге көз салатын қаскөйлерден қорғауымыз қажет. Ол үшін аймақты туристік орынға айналдырып, таңбалы тастарды ЮНЕСКО тізіміне енгізуіміз керек, - дейді ғалым. 
Ал, белгілі реставратор Қырым Алтынбеков Арпаөзен петроглифтерін ашық аспан астындағы мұражай жасау арқылы қорғауға алуды ұсынса, қазақстандық кинорежиссер, Канн фестивалінің жүлдегері Сергей Дворцевой Арпаөзен тарихына қатысты тағлымы терең туынды түсіретінін тілге тиек етті.
Қалай болғанда да бүгінге дейін қирамай жеткен Арпаөзен петроглифтерін келешекке жеткізу, өскелең ұрпақтың санасына сіңіру – туған жері мен елінің тарихын құрметтейтін әрбір азаматтың міндеті. Сондықтан да Арпаөзен тастарындағы таңбаларды сақтау, оны қорғау алдыңғы орында тұруы тиіс. Өйткені, суреттердің ішінде темір, қола және сақ заманының белгілері бар. Бір сөзбен айтқанда, қазақ даласындағы өркениеттің іздері осы бейнелерде жатыр. Алдағы күндері Созақ ауданындағы тарихи нысандарды туристерге насихаттау мақсатында «Шығыс сақинасы» деген атаумен тұжырымдама қабылданбақ. Сонымен қатар, Түркістан қаласында мемлекеттік рәміздердің 30 жылдығына орай Арпаөзен петроглифтеріне арналған фотокөрме өткізілмек. Міне, сырын тауып, жігін аша білсек, тастағы таңбалар өз құпиясымен бөліседі. 
Пікір қалдырыңыз