Қанша түлек ҰБТ тапсырады?

Ерболат АЙНАБЕКОВ, «Ońtústik Qazaqstan».

Жазғы лагерьлерде балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету қатаң бақылауда болады. Түркістан облысының әкімі Өмірзақ Шөкеев бұл мәселені тиісті мекемелерге тағы бір пысықтауды тапсырды. Балалар демалатын орындар бейнебақылаумен қамтылып, мамандандырылған күзетпен қамтамасыз етілуі тиіс. Санитарлық-эпидемиологиялық және денсаулық сақтау шаралары қамтамасыз етіледі. Облыс әкімінің төрағалығымен өткен апталық аппарат отырысында оқу жылының аяқталу барысы мен ҰБТ-ға дайындық жұмыстары туралы баяндалды.

Облыс аумағындағы 22 жазғы сауықтыру лагерьлерінде әлеуметтік жағдайына байланысты 22 мыңнан астам бала бюджет есебінен тегін демалады. Ол үшін облыстық бюджеттен 700 млн. теңгеден астам қаржы қаралған. Мектеп жанындағы 800-ге жуық ойын-сауықтыру ошақтарымен 120 мыңға жуық бала тегін қамтылатын болады. Сонымен қатар, жергілікті кәсіподақтар арқылы олимпиадалар мен басқа да спорттық жарыстарда, өнер сайыстарында жеңімпаздар тәрбиелеген ұстаздар 100 пайыздық жеңілдікпен, ал, еңбек өтілі жоғары ұстаздар шипажайларда жеңілдіктермен демала алады.
Оқушыларды еңбекке баулу мақсатында жаз мезгілінде 100 мыңнан астам шәкірт көркейту, көгалдандыру жұмыстарына жұмылдырылып, құрылыс бригадалары мен мектеп орманшылығының жұмыстарына қатысады.
Облыстық адами әлеуетті дамыту басқармасының басшысы Дінислам Болатханұлының баяндауынша, 26 мамыр мен 17 маусым аралығында жазғы мектепте оқыту ұйымдастырылуда. Оқуға 1-8 сынып аралығындағы және 10-сыныпта оқитындар жіберіледі. Мақсат – білім сапасын арттыру және пандемия, шектеу шаралары кезеңінде жіберілген олқылықтардың орнын толтыру. Өңіріміздегі 612 мектепте 86 мыңнан астам оқушы жеке оқу пәндері бойынша білім алады. Өтініштер 25 мамырға дейін қабылданады. Ондағы оқу процесі еркін форматта ұйымдастырылады. Бағалау болмайды, үй тапсырмасы берілмейді.
Биыл Түркістан облысында 27 мыңнан астам оқушы мектеп бітіреді. Облыс бойынша жалпы 1250 бітіруші «Алтын белгіге» және 2 мыңға жуық бітіруші үздік аттестатқа үміткер. Түлектердің 22 мыңнан астамы ұлттық бірыңғай тестілеуді тапсыруға ниет білдіріп отыр. ҰБТ облыста 4 аудан, қала орталығында орналасқан «USTUDY» тестілеу орталықтарында компьютерлік форматта өткізіледі. Тестілеу орталықтарында 25 аудиторияда 620 компьютерлік орын дайындалған. Биыл 73 мың грантқа дейін бөліну жоспарлануда, оның ішінде техникалық мамандықтарға грант үлесі 60%-ға дейін өсті.
Биыл техникалық және кәсіптік білім беретін оқу орындарына жергілікті бюджеттен 7000 грант бөлу қарастырылған. Қосымша республикалық бюджеттен 9-сынып бітірушілері үшін 10 000 грант бөлу жоспарланып отыр. Биыл өңірдегі 24 мектеп ғимараты күрделі жөндеуден өткізіледі.
Пікір қалдырыңыз