«Нағима апай» атындағы шәкіртақы жас жеткіншектердің қиялын қияға самғатады

Әдетте демеуші дегенде біздің көз алдымызға үрлеп ұрттап, шайқап ішіп отырған олигархтардың келе қалатыны бар. Бірақ, қайырымдылықты қарапайым адамдар да жасай береді екен. Маңыздысы – жақсылықты шын жүректен жасау болса керек. 

Сүткент ауылындағы (Шардара ауданы) Т.Тәжібаев атындағы жалпы орта мектебінің мұғалімі бірнеше жылдан бері өзінің атынан үздік оқитын оқушыларға шәкіртақы тағайындап, оны әр тоқсан сайын озаттарға тапсырып келеді. Жомарт жүректі ұстаздың есімі – Нағима Батырбекова. Бір мектепте 36 жылдан бері табан аудармай шәкірт тәрбиелеп келе жатқан Нағима апайды әріптестері де, оқушылары да зор құрмет тұтады. Қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің маманы Нағима Торғысбайқызының есімі аудан көлеміне жақсы таныс. Саналы ғұмырын ағарту саласына арнаған ұлағатты ұстаздың қолынан көптеген шәкірт түлеп ұшып, үлкен өмірге жолдама алды. Нағима апайдың оқушылары бүгінде еліміздің түкпір-түкпірінде әр салада жемісті еңбек етіп жүр. 
Мына бір жәйт еске түскендіктен сәл шегініс жасауды жөн көрдік. Осыдан бірер жыл бұрын аудандық білім бөлімінің ұйымдастыруымен облыс көлемінде тұңғыш мәрте ерекше бір байқау өткен. Бұл –  8-9-10-сыныптар арасында «Менің сүйікті ұстазым» тақырыбында эссе жазудан аудандық байқау еді. Шараға аудандағы 2959 оқушы тартылып, солардың ішінде 56 оқушының шығармасы үздік деген бағаға ие болды. Шәкірттердің өз қалауларымен шығармаларына арқау етіп жазылған 48 мұғалім «Сүйікті ұстаз» болып танылды. Түркістан облысы бойынша тұңғыш мәрте қолға алынған осынау шараның басты мақсаты – ұстаз мамандығының беделін көтеру,  тәуелсіз еліміздің жас жеткіншектеріне сапалы білім мен саналы тәрбие беру болатын. Аудандық Мәдениет сарайында «Сүйікті ұстаз» болып танылған мұғалімдер мен шығармалары үздік деп танылған оқушыларға аудан басшылары бағалы сыйлықтар тапсырған. Шәкірттерінің сүйіспеншілігіне бөленіп, «Сүйікті ұстаз» атанған бақытты мұғалімдердің бірі осы Нағима Батырбекова еді.
Бала санына байланысты зейнет жасына жақындап қалғандықтан 2016 оқу жылында Нағима Торғысбайқызы соңғы сыныпқа жетекшілік етіп,  мектеп бітіртеді. Сол жылы шәкіртақы тағайындау туралы ой келіп, ақыры сол бастаманы мектеп басшыларымен ақылдаса отырып, іске асырады. 
– Диплом алған сәттен бастап қызмет атқарып келе жатқан осы мектепте бар ғұмырым өтіп келеді. Содан ойлана келе соңымда бір із қалдыруды әрі оқушыларды ынталандыруды мақсат еттім. Мектеп бітіретін сыныптың  үздік деген оқушысына әр тоқсанда 10 000 теңгеден сыйлық беруім керек деп шештім. Ал, оны кімге береді, қалай береді, оны мектеп басшылары өздері шешеді. Шәкіртақы беруді 2016 жылдан бері қолға алдым. Ертең қария болып үйде отырғанда да бұл соманы зейнетақымнан беріп отырамын. Бұл істі қашан көзім жұмылғанша атқара беремін, ары қарай анамның ісін жалғастырамын десе, Құдайдың берген перзенттері бар ғой, – деп ағынан  жарылады Нағима апайдың өзі.    
Қарлығаштың қанатымен су сепкендей көрінетін бұл игі тірлік оң нәтижесін беріп те келеді. «Нағима апай» атындағы шәкіртақыға қол жеткізген оқушы ары қарай да сол биіктен түспеуге тырысады. Бірде мұғалімдер өзара шешім шығарып, шәкіртақыны тек үздікке емес, оқу екпіндісіне де беруді ұйғарыпты. Себебі, оқу екпіндісі атанып жүрген қыз баланың сабақ оқуға деген құлшынысы ерекше болған көрінеді.
– Ол оқушымның аты-жөні Айкүміс Рысбай болатын. Өзі өжет, намысқой, сонымен қатар зерек шәкірт болды. Бірде анасымен жолығып қалғанымда «Қызым айтып келді, үздік болмасам  да шәкіртақы алдым. Енді апайды ұятқа қалдырмай, ҰБТ-дан үздік балл алуым керек деп» дейді. Сол Айкүміс ҰБТ-дан жоғары ұпай жинап, Әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университетінің грант иегері атанды. Осындай шәкірттермен қалай мақтанбайсың?! – дейді Нағима апай. 
Өзгелерге өнегелі істерімен үлгі көрсетіп келе жатқан Нағима апайдың өмірбаянымен де таныстыра кетейік. Ол 1962 жылы Қазығұрт ауданындағы Тұрбат ауылында дүниеге келген. Әкесі Торғысбай Тұрбат ауылында механик, бас инженер қызметтерін атқарған құрметті еңбек ардагері, анасы Жәутен 6 ұл-қыз тәрбиелеп өсірген ардақты ана болды. Нағима Торғысбайқызы 1979 жылы сол ауылдағы «Октябрьдің ХХХ жылдығы» атындағы орта мектепті бітіріп, 1982-1986 жылдары Шымкент педагогикалық институының филология факультетінде қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша жоғары білім алды. 1985 жылы Шардара ауданы, Сүткент ауылындағы Абсабыр Ысқақовпен тұрмыс құрады.  1986 жылы  осы ауылдағы қазіргі Т.Тәжібаев атындағы орта мектепке қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі болып жұмысқа қабылданды. Оқытушылық жұмыспен қатар  директордың тәрбие ісі жөніндегі орынбасары қызметін атқарып,  қазіргі таңда қатардағы  ұстаз болып еңбек етіп келеді. Ағарту саласындағы үздік көрсеткіштері үшін аудандық білім бөлімі мен облыстық білім басқармасының, аудан әкімдерінің Құрмет грамоталары мен Алғыс хаттарын иеленді.  Ол мектептегі «Дара жол» бағдарламасының да авторы. Өмірлік жолдасы Абсабыр Ысқақов ауылда фермерлік қожалығын жүргізеді. Отбасында 4 қыз, 2 ұл өсіп-өніп, бұл күнде ұлды – ұяға, қызды қияға қондырған. 
 «Кез келген адам мұғалім бола алады, ал, кез келген мұғалім ұстаз бола алмайды» дегенді ұстаным еткен Нағима апай бар білімі мен біліктілігін пайдалану арқылы шәкірт жанының бағбаны атанды. Ұлағатты ұстаздың игі бастамасын өзгелер де жалғастырып жатса құба-құп-ақ.

Әділ ӘБДІРАМАНОВ. Шардара ауданы. 
Пікір қалдырыңыз