Ұрпақты осылай тәрбиелесе керек-ті!

Аман ЖАЙЫМБЕТОВ, «Ońtústik Qazaqstan».

Дана халқымызда «Балапан ұяда не көрсе, ұшқанда соны іледі» деген сөз бар. Бұл сөздің астарына үңілер болсақ, баланы жастайынан неге баулитын болсаң, есейгенде соның маманы болып шығады дегенді меңзесе керек. Яғни, ата-анасы еңбекқор болса, баласы да әу бастағы «ағашынан» алысқа түспей, пейнеткеш болады.

Иә, бар бақытын еңбектен тауып, отбасылық бизнесін өркендету арқылы табысын еселеп отырған Құдабаевтар отбасының өнегелі өмірін көпшілікке үлгі етсек жарасады. Ордабасы ауданына қарасты Шұбарсу ауылына осыдан он бес-жиырма жыл бұрын Өзбекстаннан көшіп келген Әлібек ата әулетін жоқтан бар жасаған жандар деуге болады. Рас, алғашқыда тіршілік көзі саналатын судың өзі жеткіліксіз болғандықтан, есік алдындағы көшеттерді көгерту оңайға соққан жоқ. Тәулігіне екі-үш сағат қана берілетін суды үнемдеп, барынша тиімді пайдалана білді. Тамшылатып суару технологиясын алғашқылардың бірі болып қолданысқа енгізген де бүгінде бағбан ата атанған Әлібек Құдабаев болатын. Міне, сол қажырлы еңбектің арқасында бір кездері аңқасы кеуіп, шаңы шығып жататын мекен бүгінде көрсе көз тоятын көрікті мекенге айналды. Мәуелі ағаштары жайқалып тұратын жасыл бақта, бір жақсысы, жаныңа керектің бәрі табылады. Яғни, Әлібек атаның ауласын кішігірім өндіріс орны дерсің. Өйткені отбасылық бизнес арқылы балаларын, немерелерін еңбекке баулып жүрген Әлібек атаның үйінен қызметтің барлық түрі табылады. Бір баласы азық-түлік дүкенін ашып, сауданың көрігін қыздырып жатса, тағы бірі құрылыс заттарын сатады. Темірден түйін түйіп, ағаштан ою ойған ісмерлер де осы жерден табылады. Әр баласына  қабілетіне қарай жұмыс тауып берген. Соңғы технологияны меңгеріп, ұялы телефон жөндейтіндер де, арнайы білім алып, заңгерлік кеңес беретіндер де бар бұл әулетте. Тіршілігі қыз-қыз қайнаған аулада бір-біріне кедергі жасап жүрген біреуі жоқ. «Балаларды жастайынан еңбекке баулымаса, есейген кезде жұмысқа икемі болмай қалады. Сол үшін бала еңбектің барлық түрін көріп өсу керек. Міне, мына жерден салынып жатқан жаңа нысанның құрылыс жұмыстарын да өзіміздің балалар, өзіміздің немерелер жүргізеді. Сырттан жұмысшы алдыртпайтын себебіміз, балалар өздері үйренсін деген ниет қой» дейді ақсақал. 

Әлібек атаның үйі ауыл орталығында орналасқандықтан бизнес жасауға да қолайлы. Көше бойынан қатар тізген түрлі дүкендер мен қызмет көрсету орталықтары да өз тұтынушыларын қалыптастырған. Адам қарасы көп шоғырланатын болғандықтан бұл маңнан жер алып, жеке бизнесін жолға қойғысы келетіндер  көп. Соның бірі – күннен электр энергиясын өндіруді көздеп отырған жеке кәсіпкер де жұмысын тастап кетіпті. Бұл подстанция іске қосылса тағы біраз адамға жұмыс табылатыны анық. Сондай-ақ, көшенің оң қапталындағы «Ар Рахман» мешітінінің ауласында да құрылыс жұмыстары қыза түскен. Бұл мешіттің көркейіп, көріктенуіне Әлібек атаның зор үлесі бар. Айналасындағы ағаштарына күтім жасап, тазалығын қадағалап жүретін Әлібек атаның айтуынша, мешіт ауласынан жас жеткіншектерге діни дәріс беретін медресе салынып жатыр. Жамағаттың қолдауымен, жомарт жанды азаматтардың демеушілігімен бой көтеріп жатқан медресенің бүгінде іргетасы құйылып, қабырғасы қалануда. Екі қабаттан тұратын жаңа құрылыстың  қарқыны бәсеңдемесе, бірер айда бітіп қалатын түрі бар. 

Ауладағы құлпырып тұрған алқызыл гүлдер үй иесінің ұқыптылығынан хабар беретіндей. Сұлулығы көз арбайтын гүлдердің күтімі жайлы сұрағанымызда көпті көрген Әлібек ата тағы бір сырдың шетін шығарды. «Есік алдындағы көрініс адамның көңіл-күйіне әсер етпей тұрмайды. Таңертең тұрып аулаға шықсаң жұпар шашқан гүлдерді көресің. Мән беріп қарайтын адамға гүлдер әлемінің де өз айтары бар. Бір мезгіл түбін қопсытып, суын құйып, күтімін жасасаң сол гүлмен бірге өзіңнің де көңілің сергіп шыға келеді. Яғни, гүлдің адамға берер эстетикалық әсерін сезінесің. Ал, әдемілікке, сұлулыққа құштар адамнан ешқашан жамандық шықпайды» дейді жаны сұлулыққа құштар қария. 

Әлібек ата, сондай-ақ, қазақтың әдет-ғұрып, салт-дәстүрлерін, тіпті, ырым-тыйымдарына дейін жетік біледі. «Қазақтың қорасында міндетті түрде мал болуы керек. Төрт түліктің тілін жетік меңгерген қазақ мұны берекенің бастауы деп қана емес, қауіп-қатердің қорғаны ретінде қараған. Біздің бала кезімізде атамыз үнемі үйіңде мал болсын деп ескертіп отыратын. Сөйтсек, әр нәрсені әріден ойлайтын дана халқымыз төрт түлік малдың қасиетін жақсы білген екен ғой. Яғни, үйге келген қауіп-қатер ең алдымен қорадағы малға тиеді, егер малы болмаса адамға әсер етуі мүмкін екенін ишаралайды» деген Әлібек ата қасиетті мал қораға кез келген адамды кіргізе беруге болмайтынын да ескертті. Бірақ, көріп-біліп жазған дұрыс шығар деген ол бізді еріксіз мал қорасына қарай бастады. Бір-екі ірі қара мен бес-алты саулық тұрған қора-жайы да малға жайлы екен. Күтімі жақсы болғандықтан қойлары  қоңды, сиырлары  семіз. Бұл, біріншіден, қонақ келе қалғандай болса, сырттан сойыс іздеп әуре етпесе, екіншіден, күнделікті  тамақ қалдықтары да босқа ысырап болмайды. Яғни, осы әрекеті арқылы «екі қоянды бір оқпен атып» отырған әулет, үшіншіден, балаларға жастайынан төрт түліктің тілін үйретуге де таптырмайтын тәсіл болып тұр емес пе?!

Пікір қалдырыңыз