Әркім белсенді болуы керек
Есірткінің адам өміріне зияны орасан. Есірткі қолдану мөлшеріне байланысты, заңда аса ауыр, ауыр қылмыс деген санаттарға бөлінген. Есірткінің ішінде психотроптық заттардың заңсыз айналымы туралы арнайы заң бар. Заңда есірткі мөлшері қосымша көрсетілген. Сол белгіленген көлемге есірткі мөлшері жетпейтін болса, әкімшілік жаза қолданылады. Ал, аса ірі мөлшерді құраса, қылмыстық жаза қолданылады. Елімізде есірткі қылмысы бойынша жазаны жеңілдету туралы Үкіметте мәселе қаралған. Егер адам есірткіге тәуелді болса, есірткі мөлшері тек тұтынуына ғана жеткілікті болса, тұтынушы есірткі қолданатындығы туралы есепте тұрса, кешенді шаралар негізінде ізгілендіру қарастырылады.
Өңірімізде егін шаруашылығы ауыл шаруашылығы саласында басым сипатқа ие. Кейбір заңды білмейтін азаматтар есірткіні өз бақшасында егіп, тоғайда немесе егістікте жасырын түрде оларды баптап өсіреді. Ол үшін жоғарыда атап өткендей, арнайы қатаң жауапкершілік көзделген. Есірткі затын медициналық тапсырыстың негізінде егіп, тасымалдап, сақтауға рұқсатын алған жағдайда, оның айналымына заңмен тыйым салынбайды әрі қылмыстық жауапкершілікке тартылмайды. Түркістан облысының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотында былтыр осы санаттағы 22 адамға қатысты 21 іс қаралды. Статистика бойынша күздің аяғында істер көбейеді. Өйткені дәл осы уақытта есірткілік заттар пісіп, жетіледі.
Біздің сотымызда осы санаттағы істер бойынша былтыр екі адам ақталған. Оның біреуі аппеляциялық сот алқасымен күшінде қалдырылды. Есірткі қолдануға, оны егіп, баптауға бүкіл қоғам болып қарсы күресуі қажет. Алайда, өкінішке қарай, кейбір азаматтарымыз жұмыссыздық жағдайында, тұрмыстық жағдайларының төмендігінен және кәмелет жасқа толмаған жасөспірімдер ақша табу мақсатында осындай қылмысқа барып жатады. Яғни есірткіні тасымалдаумен айналысып, екі жақты делдалдық жұмысы үшін ірі мөлшерде табыс табамыз деген үмітпен қылмыс жасайды. Нәтижесінде жасаған қылмысы үшін заңмен жауапкершілікке тартылады. Егер де есірткінің заңсыз айналымы туралы фактілерді білсеңіз, 102 нөміріне қоңырау шалыңыз. Ол сіздің азаматтық борышыңыз!
Қасым ҚАЛМАҒАМБЕТОВ,
Түркістан облыстық қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотының төрағасы.