Бұрылыста қиылған тағдырлар...

Елімізде алғаш рет жол инфрақұрылымын өзгерткен тұлға қылмыстық жауапкершілікке тартылды. Дәлірек айтсақ, Түркістан облысының прокуратурасы М-32 «Шымкент–Самара» трассасының бас жоспарына зерделеу жұмыстарын жүргізген. Нәтижесінде, автокөлік жолының 2192-шақырымы аймағында негізсіз 16 жол белгісі орнатылып, 2 бұрылыс жол жасалғаны анықталды.

2017 жылдың 15 мамырында «Қазавтожол» Ұлттық компаниясының Оңтүстік Қазақстан облыстық филиалына жеке кәсіпкер Т.Тұрлыбековтен өтініш түскен. Ол өз өтінішінде трассаның 2193-шақырымын өзгертуді сұраған. Ал, «Қазавтожол» өтінішке рұқсат алу үшін Инвестициялар және даму министрлігінің автомобиль жолдары комитетіне сұраныс хат жолдаған. 

Облыстық прокуратураның мәліметіне сүйенсек, комитет аталған трассаның I санаттағы жолдар қатарына кіретінін, сол себепті тұрғылықты аймақтан тыс жерде бұрылыстарды 10 шақырым сайын ғана қоюға рұқсат берілгенін мәлімдеген. Ал, мұндай жолда сағатына 140 шақырым жылдамдықпен жүруге болады. 

– Сонымен қатар, Бас жоспарға сәйкес, трассаның 2187-ші және 2191-ші шақырымы аумағында заңды бұрылыстар орнатылғанын ескере отырып, 2193-шақырым аумағынан бұрылыс жасауға тыйым салынған. Алайда, комитеттің шешімін құлаққа ілмеген «Қазавтожол» ЖШС-ның қызметкерлері жолдың аталған бөлігіне 16 жол белгісі мен 2 бұрылысты заңсыз орнатқан, – дейді облыс прокурорының аға көмекшісі Марат Ахметов.

Өкініштісі сол, дәл осы бұрылыс маңында бір-біріне ұқсас 2 жол-көлік оқиғасы орын алып, 4 адам қаза тапқан. Осыған орай тергеп-тексеру шаралары жүргізіліп, нәтижесінде «Қазавтожол» ЖШС-ның лауазымды тұлғасы сот шешімімен кінәлі деп танылды. 

Б.Ерман.

Пікір қалдырыңыз