Әлеуметтік желілер бұғаттала ма?

Кибербуллинг дейтін кесапаттың бүгінде қазаққа тигізіп жатқан залалы аз емес. Ауқымы шексіз ғаламтор арқылы жүзеге асатын бұл психологиялық шабуылдың белең алғаны соншалық, талайлар есінен айырылып, тіпті, өзіне қол жұмсап жатқандары да бар.

Кибербуллинг жас талғамайды

ҚР Ақпарат және қоғамдық даму министрлігінің мәліметінше, 2020 жылы елімізде 70 мың­ға жуық кибербуллинг фактісі тіркелсе, өткен жылдың 9 айында бұл көрсеткіш екі есе көбейген. Ал, «Қоғамдық денсаулық сақтау» ұлттық орталығы балалар мен жасөспірімдер арасында кибербуллингке қатысты сауалнама жүргізіп, 11-15 жас аралығындағы көкөрімдердің шамамен 12 пайызы кем дегенде бір немесе бірнеше рет кибербуллингке ұшырағанын анықтаған. Сондай-ақ, жасөспірімдердің шамамен 11 пайызы кем дегенде бір рет кибербуллинг жасауға әрекеттенгені дәлелденген. Мамандардың айтуынша, көптеген саланың онлайн режимге өтуі балалардың арасында ғана емес, жастар мен ересектер арасында да кибербуллингтің көбеюіне себеп болып отыр. Бұлай деуімізге дәлел жетерлік.

Мәселен, біраз күн бұрын Шымкент қалалық полиция департаментінің баспасөз хатшысы дәрі-дәрмекті шектен тыс көп қолданып, өзіне қол жұмсамақ болды. Абырой болғанда «Жедел жәрдем» қызметкерлері оны өлімнен арашалап, жансақтау бөліміне жеткізді. Ал, суицидтің басты себебі – сол қызметкерге қатысты әлеуметтік желіге тарап кеткен аудиожазба болатын. Бұл тұрғыда біз баспасөз хатшысын жақтап, басшыларын даттағымыз келіп отырған жоқ. Тек кибершабуылдың жасөспірімдер ортасынан бастап, мемлекеттік қызмет саласында да қолданылып жатқанын және оның адамдарға шынайы әсер етіп жатқанын жеткізгіміз келеді.

Мемлекет басшысы да бұл проблема жөнінде пікір білдіріп, кибербуллингті заңдық негізде енгізу, әсіресе, балаларды қорғауға қатысты шаралар қабылдау керек екенін айтқан болатын. Қасым-Жомарт Кемелұлының «Бүкіл әлемдегі сияқты Қазақстанның азаматтары да интернеттегі ғайбаттаулардан қорғана алмай отыр. Бұдан ең алдымен балалар зардап шегуде. Олар интернет арқылы тараған қоқан-лоққының әсерінен қатты қиналады. Өкінішке қарай, соның салдарынан қайғылы жағдайға да ұшырап жатады. Азаматтарды, әсіресе балаларды кибербуллингтен қорғау жөніндегі заңнамалық шараларды қабылдайтын кез келді» деген сөзі көңілге үміт ұялатады. Расында ақпараттық технология дамыған, күллі адамзат қолына бір-бір ұялы телефон ұстаған заманда осынау проблеманы жеңе алмасақ, ертеңімізді елестетудің өзі қиын.

Жаңа заң қорған бола ала ма?

Күні кеше Мәжілістің жалпы отырысында палата депутаттары «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне баланың құқықтарын қорғау, білім беру, ақпарат және ақпараттандыру мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасына қатысты Сенат енгізген өзгерістерді мақұлдап, Президенттің қол қоюына жіберді. Мәжілістің әлеуметтік-мәдени даму комитетінің төрағасы Жәмилә Нұрманбетованың айтуынша, Сенаттың түзетулері балаға зиян келтіретін, тыйым салынған немесе өзге де таратылуы шектелген ақпараттың таралуына жол берген ғаламтор ресурстары мен мемлекеттік органдардың өзара іс-қимыл жасау тетігін өзгертуге бағытталған. Дәлірек айтсақ, Сенат депутаттары уәкілетті органға ғаламтордағы балаға қатысты кибербуллинг фактілері бойынша сараптама жүргізу құзыретін беруді ұсынған. Сонымен бірге, кибербуллинг фактілерін заңнамалық түрде айқындауды интернет-ресурстардың жұмысын тоқтата тұруға негіз ретінде қарастырған. Дегенмен, Сенат ұсынған өзгерістер мен толықтырулар Мәжіліс мақұлдаған заң жобасының тұжырымдамасы мен мазмұнын өзгертпейді. Яғни ұсыныс ретінде ғана қаралған.

Ал, Сенат төрағасы Мәулен Әшімбаев бұл заң жобасы қоғамда кеңінен талқыланып, азаматтық белсенділер де түрлі ұсыныстар айтқанын жеткізді. Тиісінше, сенаторлар заң жобасында ұсынылған ережелерді, келіп түскен өтініштерді мұқият зерделегенін атап өтіп, оның бірқатар баптарын қайта қарауды ұсынды. 

– Заң жобасынан уәкілетті органға өз қалауы бойынша интернет-ресурстардың, әлеуметтік желілер мен мессенджерлердің қолжетімділігін шектеуге не жұмысын тоқтата тұруға мүмкіндік беретін өкілеттік алынып тасталды. Соған сәйкес, онлайн-платформалардың өкілдерімен өзара іс-қимыл кезінде балаға қатысты кибербуллинг деп танылған ақпаратты ғана жоюға мән берілді. Мұндай тәртіп балаларға қатысты кибербуллинг фактілеріне жедел назар аудару мен қоғамның ақпаратқа деген сұранысы арасындағы теңгерімді ортаны табуға мүмкіндік береді деп сенеміз. Біздіңше, мұндай қадам «Жаңа Қазақстан» тұжырымдамасына және Мемлекет басшысының бастамасымен елімізде жүргізіліп жатқан саяси реформалардың мазмұнына сай келеді, – деді ол өз сөзінде. 

Осылайша, сенаторлардың ұсынысы бойынша Ақпарат және қоғамдық даму министрлігі өз бетінше интернет-ресурстардың, әлеуметтік желілер мен мессенджерлердің жұмысын шектеп немесе тоқтата алмайтын болды. Тек балаға қатысты кибербуллинг деп танылған ақпаратты ғана желіден жоя алады. Ал, балаларға қатысты кибербуллингтің сипаттамасы қандай, оны қандай белгілері арқылы анықтайды? Мұны алдағы күндері құрылатын сарапшылар тобы айқындайтын болады.

2020 жылы елімізде кибербуллингтің кесірінен 143, ал, былтыр 105 оқушы өз өмірлеріне қол салған. «Аталатсаң аталат, боталатпа» деген қазақ үшін бұл нағыз қасірет емес пе?! Бойымызға бір жабысса ажырауы қиын бұл кеселді жеңу үшін бір адамның немесе биліктің ғана емес, тұтас қоғамның күші қажет екенін әрбіріміз ұғынуға тиіспіз. Ұғынып қана қоймай, баламызды, тіпті, өзімізде де сол пәлекеттің шырмауынан алшақ ұстауға міндеттіміз.

Пікір қалдырыңыз