Бір өзі бір батальон жауды жайратқан

Демек, Төлеуғали Әбдібеков «Халық қаһарманы» атануға әбден лайық тұлға!

 Ұлы Отан соғысындағы ерліктері кезінде лайықты бағаланбай қалған батырлар аз емес. Солардың бірі — жерлесіміз Қызыл Тулы 8-ші гвардиялық атқыштар дивизиясының 1077-ші (кейінірек 30-шы) атқыштар полкінің 1-ші атқыштар батальонының 2-ші ротасының снайпері, аға сержант Төлеуғали Әбдібеков. Полктің, қала берді дивизияның атақты мергенінің даңқы тез жайылды.

 

Ол 1916 жылы Семей облысы, Жарма ауылында өмірге келген. Әкесі Насырхан кәнігі аңшы еді. Бозбала Төлеуғалиды жанынан тастамай аңшылыққа, мергендікке баулыды. 1930 жылдары елді жайлаған жаппай ашаршылық кезінде Әбдібековтер отбасы Оңтүстіктің түстігіндегі Мақтаарал ауданына қоныс аударды. Бұл Мырзашөлдің тыңын игеру белең алған кез еді. Жұмысшы қолы қажет болатын. Қарулы, шымыр Төлеуғали күніне 300 келіден  мақта теріп, социалистік жарыста шашасына шаң жуытпайды. Түркістан облыстық мақта шаруашылығы тарихи мұражайында Төлеуғали Әбдібековтің өз досы Әбу Әбішевке жіберген майдандағы фотосуреттері, суретші А.Чернухиннің Төлеуғалидің майдандағы бейнесі бейнеленген картинасы сақтаулы тұр.

     Жасы жеткенде Кеңес Армиясы қатарына шақырылған Төлеуғали Хабаровск өлкесінде әскери борышын өтейді. Мұнда ол мергендігімен танылды. Әскерден келген соң ауылда мақта бригадирі болып істеді. Оңтүстік Қазақстан облысының Мақтаарал  ауданының Ильич ауылынан 1941 жылғы 12 желтоқсанда майданға аттанған. Оны туысы Жанамас Микетова, әйелі Найсымкүл шығарып салған. (Бұл дерек жауынгердің 993-ші далалық поштадан келген соңғы хатынан алынып отыр). 1942 жылғы 14 мамырда Бірінші Калинин майданына жетіп, 17 мамырда ұрысқа кіріскен ол ә дегеннен мергендігін мойындатты. Жауынгерлік «За Родину» газеті Төлеуғали Әбдібеков өлтірген фашистің саны 1942 жылғы қыркүйекте – 102, қазанда – 125, желтоқсанда – совет снайперлерінің екінші слетіне қарай 219-ға толғанын жазған. Ал архив құжаттары бойынша ол сан – 227.

     Тағы бір дерек былай сөйлейді: «Төлеуғали Әбдібеков жолдас –  полк пен дивизияның ең үздік снайпері, ол 1942 жылдың шілдесінен 1943 жылдың 10 наурызына дейін 255 фашисті өлтірді. Бұдан басқа, өткен мерзім ішінде 32 жас жауынгерді мергендікке баулыды. Әбдібековтің снайперлік шеберлігі оның майдан кезіндегі ержүректігімен ұштасты. 1943 жылдың 6 және 10 наурыз аралығында Әбдібеков жолдас қардай бораған жау оғының астында отырып, ептілікпен нысана көздегені арқасында 28 фашисті өлтірді, екеуін жаралады». Атақты мерген Т.Әбдібековтің даңқы бүкіл майданға жайылды, оның әскери істері жөнінде Бүкілодақтық радиодан 1943 жылдың қарсаңында хабар берілді. Осы қуанышты хабарды «Мақтаарал» кеңшарындағы оның туыстары, достары, қызметтес әріптестері ерекше зейінмен, зор қуанышпен әрі тебірене отырып тыңдаған. Ал кеңшар директоры жұмысшылар мен қызметкерлер атынан сәлемдеме хат жолдады, ол хат дивизия газетінде жарияланған.

1944 жылы 23 қаңтарда Мелихова деревнясының маңында Төлеуғалидың жақын досы, алғашқы шайқастарын сонау Сталинградта өткізіп, «Ерлігі үшін» медаліне ие болған ержүрек жауынгер барлаушы Григорий Постольников қаза тапты. Ол досының қазасына қатты қайғырды. Григорийді жер қойнына тапсырған 1944 жылдың 23 қаңтарында зиратында тұрып фашистерді соңына дейін аямай қыра беруге, досы үшін кек қайтаруға ант берді. Қысқы шабуылда ол үнемі алдыңғы шепте, ең жауапты тұстарда болған. Дәл атқан оқтары жаудың бойында үрей туғызып, жендеттер одан «қара тажал» деп зәре құты қалмай қорыққан. Немістің ең озық мергендері оны аңдуға шықты, алайда, олар бірінен соң бірі Төлеуғалидың оғына ұшып жатты. 1942-1944 жылдар аралығында, яғни 20 ай ішінде Төлеуғали батыр соғыста мергендігімен 400-ге жуық, яғни 1 батальон фашистің көзін жойды. Ерлігіне тәнті болған 3-ші армияның әскери кеңесі Төлеуғалидың туған-туыстарына арнап хат жолдады. Бүкілодақтық радио ол туралы арнайы хабар жасады. 

     Жыр алыбы Жамбыл Жабаевқа майдан шебінен сәлем-сауқат білдірген белгілі жазушы-журналист Павел Кузнецов: «Айналайын Жәке! Сіздің аманатыңызды ұлдарыңыз адал атқаруда. «Мақтаарал» совхозынан келген мерген Төлеуғали Әбдібеков   немістің 259 басқыншысын жайраттыОл өте өжет жігіт және адал дос» деп жазды. Өзі майдангер, қазақтың көрнекті ақыны Қуандық Шаңғытбаев 1943 жылы Төлеуғалиға жыр арнап, онда:

Өтінемін, өзің аман жүр бірақ,

Тал бойыңда сарқылмасын әл-шыдам.

Жау қатары жусай берсін құлдырап,

Өлтіре түс, өлтіре түс, қаршығам! –

деп тілек білдірген екен. Жазушы Сәуірбек Бақбергенов «Қарға тамған қан» романында Төлеуғали Әбдібековке 4 бет арнаған.

    Өкінішке қарай, қаһарман мерген ажал аранынан құтылмады... Ал 1944 жылғы 22 ақпандағы айқаста қатты жарақат алады. Төлеуғали Әбдібеков мойнына оқ тигеніне қарамай, мерген фашистің маңдайынан көздеп, жастығын ала құлайды. Сөйтіп, кегін қайтарады. 23 ақпанда госпиталь төсегінде ауыр жарақаттан көз жұмған. Төлеуғали Насва стансасынан солтүстік-шығысқа қарай 7 шақырым жерде, 107,1 белгісі соғылған төбеде жерленген.

     Қайтыс боларынан екі күн бұрынғы, яғни 1944 жылғы 21 ақпандағы мәлімет бойынша, Төлеуғалидың қолынан қаза болған неміс офицері мен солдатының саны 395-ке жеткен. Қаза тапқан соң сол жылғы 8 наурыз күні Кеңес Одағының Батыры атағына ұсынылған. Бұл құжатқа полк командирі, гвардия полковнигі Решетников қол қойған екен.

     Міне, Ресей Қорғаныс министрлігінің орталық мұрағатында сақтаулы құжаттарды сөйлетсек, майдандастары оған «теңдессіз мерген, айлакер, ержүрек, ұстамды» деп мінездеме берсе, үрейі ұшқан немістер «қара тажал» деп атаған. «Қызыл Жұлдыз», жауынгерлік «Қызыл Ту», І дәрежелі «Ұлы Отан соғысы», Ленин ордендерінің иегері Төлеуғали Әбдібеков осындай жаужүрек баһадүр болған. Алайда, бір батальон жау жасағын жайратқан Төлеуғали туралы мағлұмат мардымсыз. Тарих ғылымдарының докторы, профессор Тілеу Көлбаев пен республикалық саяси қуғын-сүргінге ұшырағандар қауымдастығының төрағасы Жұмабай Ашуұлының ізденістері мен ынта-ыждаһатының нәтижесінде ол жөнінде едәуір деректер табылды. Демек, Төлеуғали Әбдібеков «Халық қаһарманы» атануға әбден лайық тұлға!

      Биыл батырдың қайтыс болғанына 78 жыл толады. Көзі тірі болғанда 106 жасқа келер еді.  Қаһарманның өзі кетсе де, ерлігі — еліне аманат. Кіндік қаны Семейдің Жарма ауылында тамса да, Оңтүстік өңірі — баһадүрдің екінші отаны. Соғысқа Мақтаарал ауданынан аттанды. Бұл мақталы аймақтың ғана емес, түркістандықтардың  да мақтанышы. Тәуелсіз қазақ елінің ұландары ата ерлігін дастан, өмірін өнеге етуді дәстүрге айналдырып жатса, кәнеки! Қолға қалам алдырған жәйт осы еді.

 

Серікқали ЖЕКСЕНБАЕВ,

«Оңтүстік Қазақстан».

 

Пікір қалдырыңыз