Дуальді оқытудың артықшылығы көп

Өнеркәсіп саласын дамыту өте өзекті болып тұрған бүгінгі таңда елімізде заман талабына сай техникалар мен технологияны меңгерген кадрларға деген сұраныс артып келеді. Бұл жағдай кәсіптік-техникалық колледждерде дуальді оқыту мәселесін алға қойды.

Дуальді оқыту – бұл кәсіби білім берудің практикалық және теориялық компоненттерін біріктіру арқылы оқытып, маман даярлаудың түрі. Дуальді білім беру барысында студенттер оқу ор-нында теориялық білім алады, ал, практикалық білімді кәсіпорында игереді.

Дуальді оқыту бойыша практиканы өту барысында студенттерге жетекшілік ететін тәлімгерлер бекітіледі. Олар өндірістің толық технологиялық процесін түсіндіреді және практикалық жұмыстарды орындау дағдыларын көрсете отырып, орындау үшін күрделі емес тапсырмалар береді. Маңыздысы, практикадан өту барысында студент болашақ жұмыс орнымен танысады және кәсіби өмір жолын таңдайды.

Оқытудың бұл жүйесінде бірінші оқу жылында студенттер жалпы білім беру пәндерін өтеді. Екінші курстан бастап студенттер еңбек қауіпсіздігі ережелерімен танысып, нұсқаулықтан өткен соң кәсіпорындарға барып тәжірибелік сабақтарға қатыса бастайды. Жоғары курс студенттері үшін кәсіпорындарда тәжірибеден өту уақыты көбейеді. Сонымен қатар үшінші және төртінші курс студенттері ата-аналарының келісімімен жазғы демалыстарында кәсіпорында жалақы ала отырып практикадан өту мүмкіндігіне ие болады. 

Дуальді оқыту колледж түлегі үшін де, кәсіпорын үшін де тиімді. Біріншіден, колледж түлектері өндірісте практикалық оқу кезінде өндіріс орнындағы жабдықпен жұмыс істеуге қажетті барлық білім мен дағдыларды игереді. Екіншіден, бұл қосымша оқытуға және сырттан мамандарды тартуға арналған кәсіпорын шығындарын азайтады. Үшіншіден, кадрлардың жиі ауысуының алдын алады немесе қысқартады, осы жағдайларға қатысты кететін шығындарды азайтады.

Колледж түлегінің білімін дипломдық жұмысын қорғау кезінде өндіріс орнының қызметкерлері бағалайды және осыған қарап оның болашақ жұмыс орны анықталады.

Оқытудың бұл жүйесінде бітіруші түлектердің жұмысқа орналасу көрсеткіші жоғары болады, себебі оқу барысында өндіріспен тығыз байланыста болған білім алушы жұмыс берушінің барлық талаптарын игерген жұмысшы маман болып қалыптасады. Болашақ маман біліктілігі жоғары, өндірістік процестің қырларын меңгерген, өндірісте өздігінен шешім қабылдай алатын, психологиялық жағынан жаңа ортаға бейімделген дайын кадр болып шығады. 

Экономикасы және өндірісі озық елдерде дуальді оқыту жүйесі жоғары деңгейде дамыған. Осы жүйе Германияда өте кең қолданылады, сондықтан онда кәсіпорындардан жұмыс табу оңай емес. Әсіресе, ірі танымал компаниялардағы орын үшін бәсекелестік өте жоғары. Мысалы, 2016 жылы «Adidas» фирмасында бір дуальді орынға 113 үміткерден келген. Өтініш мектеп бітіргенге дейін бір жыл бұрын беріледі. Оқу орнында білім ала отырып студент алған білімін бірден келісімшарт жасасқан компанияда қолдана алады. 

Дуальді жүйемен оқитын студенттер бірінші жұмыс күнінен бастап практика кезінде де, оқу орнында теориялық білім алу кезінде де жалақы алады. Жалақы мөлшері компанияның шамасына, мамандыққа және салаға байланысты. Үлкен кәсіпорындар әдетте орташа кәсіпорындарға қарағанда жоғары жалақы төлейді. Оқудың бірінші жылында орташа жалақы айына 700-1000 еуроны құрайды.

Теориялық сабақ пен практиканың кезектесіп өтуі әр оқу ор-нында әртүрлі. Кейде алдымен 12 айлық курстан өтуі керек, содан кейін теориялық бөлім басталады, сонан соң 10 ай бойында кәсіпорында қайтадан жұмыс істейді, осылайша оқу аяқталады. Кей жағдайда студенттер 3 ай оқиды, сонан соң 3 ай жұмыс істейді, осылайша бүкіл оқу процесі барысында теория мен практиканы кезектестіріп отырады. Жалпы оқу 4-5 жылға созылады.

Оқу барысында дуальді білім алатын студенттер үшін компанияның көптеген бөлімдерінде тәжірибе жинақтауға мүмкіндіктер бар. Осының арқасында оқудың соңында олар қай бөлімде жұмыс істегісі келетінін нақты біледі.

Жалпы алғанда студентке түсетін жүктеме өте жоғары – жұмыс пен оқуға аптасына 40 сағаттан көп уақыт кетеді. Оларда каникулдың орнына компанияның қызметкерлеріндегідей бір айлық демалыс қана бар, ол жылына 24-30 күнді құрайды. Мұндай жүктемені алып жүру үшін студенттерде жоғары мотивация және өзін-өзі ұйымдастыру сияқты тұлғалық қасиеттер болуы қажет. Осындай бағдарламамен білім алған түлектерінің 70%-дан астамы дуальді оқытуға қатысушы компанияда қалады екен. Егер компания оқу бітіргеннен кейін студентті қабылдауға қызығушылық танытпаса, мұндай түлек алған практикалық тәжірибесінің арқасында басқа жұмысты оңай табады.

Осы айтылғандарға мән берсеңіз дуальді оқытуда өндіріс пен оқу орнының тығыз байланыста екенін көресіз. Техникалық және кәсіптік білім беру жүйесінде дуальді оқытудың көптеген маңызды жақтары бар, солардың ішінде бірқатарын атап өтейік. 

Біріншіден, бұл әлемдік білім кеңістігіне кіріктірілген техникалық және кәсіптік білім берудің тиімді жүйесін жасаудың алғышартын қалыптастырды. Осы жағдай колледждерде әлемдік стандарттарға сай маман даярлауға мүмкіндік береді.

Екіншіден, заман талабына сай жаңа техникалық, технологиялық, лабораториялық жабдықтармен жұмыс істей алатын, еңбек нарығында сұранысқа ие, бәсекеге қабілетті мамандар даярлана бастады. 

Үшіншіден, өндірістегі әлеуметтік серіктес маман даярлауға өз талаптарын қоя алады және оқу орнымен бірлесе отырып оқу-материалдық құжаттарын әзірлеуге қатысады, Демек, ол өзіне қажет маманды даярлауға қатысады;

Төртіншіден, теория мен практиканың арасындағы алшақтық жойылады және дуальді оқу жүйесінде білім алған студент өз мамандығы бойынша қажетті құзыреттерді меңгерген кәсіби маман болып шығады.


Орынбасар СҰЛТАНБЕКОВ, 

облыстық адами әлеуетті дамыту басқармасының 

білім беруді дамыту орталығының әдіскері.

Пікір қалдырыңыз