Бәсекеге қабілетті инженерлер даярлау мәселесінің жай-жапсары талқыланды

Ерболат АЙНАБЕКОВ, «Ońtústik Qazaqstan».


Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев жаңа технологиялардың даму үдерісіне ілесіп отыру керектігін Қазақстан халқына арнаған әр Жолдауында еске салып отырады. Ал, жоғары технологиялардың өмірімізге дендеп енуіне байланысты туындаған сын-қатерлердің алдын алу үшін білікті кадрлар дайындау – заман талабы. Осыған орай академик Әбдімұса Қуатбеков атындағы Халықтар достығы университетінде «Білім және ғылым: ІV өнеркәсіптік революцияның сын-қатерлері» тақырыбында өткен ғылыми-практикалық конференцияға елімізден, алыс-жақын шетелдерден ғалымдар көптеп қатысты.

Атап айтар болсақ, конференция жұмысына Ресей Федерациясы президенті жанындағы экономикалық кеңес мүшесі, Санкт-Петербург политехникалық университетінің цифрлық трансформациялау жөніндегі проректоры, профессор А.Боровков, ҚР ҰҒА академигі Б.Т.Жұмағұловтың төрағалығымен ҚР Ұлттық инженерлік академиясы төралқасының құрамы, ҚР Білім және ғылым министрлігінің өкілдері, Түркістан облыстық мәслихатының хатшысы Қайрат Балабиев, Шымкент қаласы әкімінің орынбасары Шыңғыс Мұқан қатысты.

Сонымен қатар, еліміздегі ірі бизнес өкілдері («Қазақмыс корпорациясы» ЖШС, «Қазфосфат» ЖШС, «Саутс ойл» ЖШС, «KARLSKRONA LS AB» ЖШС және тағы да басқалар), Парламент депутаттары, «Атамекен» ҰКП өкілдері конференцияның пленарлық отырыстарына, секциялық мәжілістеріне қатысты.

– Бұл конференция Санкт-Петербург политехникалық университеті мен ҚР Ұлттық инженерия академиясының ұйымдастыруымен өтіп отыр. Аталмыш ғылыми іс-шара еліміздің ғана емес, дүние жүзінің білім беру ісіне оң әсерін тигізеді деген ойдамыз. Ғылыми-тәжірибелік конференция академик Әбдімұса Қуатбековтің 80 жылдығына орай ұйымдастырылғанын айта кеткен жөн. Еліміздегі білім мен ғылым саласының дамуына ерекше үлес қосқан Әбдімұса Мұратұлы – химия саласындағы көрнекті ғалымдардың бірі еді. Ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасына сәйкес, елімізде техникалық мамандықтарға басымдық беру процесі басталып кетті. Қазір әлемдік экономикада техника саласының мамандарына сұраныс жоғары болып тұр. Өкінішке қарай, біздің елімізде білікті инженер мамандар аз. Осы олқылықтың орнын толтыру, жаңа стратегиялық көзқарасты айқындау, оны бизнес өкілдерімен талқылау мақсатында бүгінгі конференцияны ұйымдастырып отырмыз, – дейді академик Әбдімұса Қуатбеков атындағы Халықтар достығы университетінің ректоры Рабиға Қуатбекова.

Жиында академик Әбдімұса Қуатбековтің мерейтойына орай облыс әкімі Өмірзақ Шөкеевтің, Шымкент қаласы әкімі Мұрат Әйтеновтің құттықтау хаттары оқылды. Ал, облыстық мәслихат хатшысы Қайрат Балабиев конференция жұмысына сәттілік тіледі. 

Ресей Федерациясы президенті жанындағы экономикалық кеңестің мүшесі, Санкт-Петербург политехникалық университетінің цифрлық трансформациялау жөніндегі проректоры Александр Боровков бәсекеге қабілетті инженерлерді даярлаудың негізі ретінде өзінің инновациялық экожүйесін таныстырды.

Ғасырлар бойы қалыптасқан дәстүрлер мен тарихи байланысты сақтай білген Ресей мен Қазақстан мемлекеттері өзара тиімді әріптестік пен теңдік қағидаттарына негізделген қарым-қатынас құра алды. Оның тереңдетілуіне екі тарап та мүдделі. Бүгінгі таңда Ресей мен Қазақстан арасындағы қатынастардың негізін сауда-экономикалық және инновациялық ынтымақтастық құрайды. Қос мемлекет отын-энергетика саласындағы ынтымақтастықты белсенді дамытуда. Сонымен қатар ғарыш кеңістігін зерттеу және пайдалану саласындағы ынтымақтастықты дамытудың мүмкіндіктері жоғары. Соңғы жылдары қос мемлекет білім және ғылым саласындағы байланыстарын одан әрі нығайту үшін үлкен қадамдар жасады. Бүгінгі ғылыми конференция сол қадамның басты дәлелі болып отыр, – деп атап өтті Александр Боровков.

Ғылыми конференцияның негізгі бөлігі академик Әбдімұса Қуатбековтің ғылыми еңбектерін зерттеуге, өнеркәсіптік революция жағдайында инженерлік білім мен ғылымның даму мүмкіншіліктерін зерделеуге арналды. Сонымен қатар қазіргі жаратылыстану ғылымындағы өзекті проблемалар сөз болды. Конференция соңында сандық экономика жағдайындағы әлеуметтік-гуманитарлық білім мен ғылым саласындағы мәселелер талқыланды.

Пікір қалдырыңыз