Мереке қарсаңындағы семинар-кеңес

Отан қорғаушылар күні және Қазақстан Республикасының Қарулы күштерінің құрылғанына 30 жыл толу мерекесі қарсаңында Еңбек, әлеуметтік қорғау және көші-қон комитетінің Шымкент қаласы бойынша департаментінде кеңейтілген семинар кеңес өтті. Аталмыш шараға департамент ұжымымен келісімшартқа тұрған «Соғыс және радиациялық апаттарының мүгедектері», «Сайрам-Семей-Чернобыль», «Асар» қоғамдық ұйымдар бірлестіктерінің басшылары мен ардагерлері мен Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қоры Шымкент қаласы филиалының өкілдері қатысты.

Баршаңызға мәлім, 2021 жылдың 25 ақпанында өткен Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің (НСОД) V отырысында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың сөйлеген сөзінде экономикалық және саяси реформалар, білім беру мен денсаулықты сақтауды дамыту, цифрландыру, адамдардың құқықтарын қорғау, экологиялық проблемаларды шешу сияқты нақты шаралар мен бастамалардың 5 негізгі блогы көрініс тапқан болатын. Осы шаралардың арасында мүгедектігі бар адамдар үшін тұрғын үй, әлеуметтік  және көлік инфрақұрылым нысандарына қолжетімділікті қамтамасыз ету, инклюзивті қоғамдық ортаны қалыптастыру сияқты өзекті мәселелер аталған-ды.

Департамент басшысы Бақтияр Өнербаев семинар-кеңестің «Рухани жаңғыру», «Зейнетақыларды, жәрдемақыларды арттыру және мүгедектерге медициналық-әлеуметтік сараптаманы қолдау» бағдарламалары аясындағы тапсырмаларды орындау және мониторинг, бақылау және халық арасында түсіндіру жұмыстарын кеңінен жүргізу мақсатында ұйымдастырылғанын айтты.

Мүгедектерге медициналық-әлеуметтік сараптаманы қолдау жөнінде қойылған сұрақтарға департамент басшысының МЭС мәселелері жөніндегі орынбасары Төрехан Дәуітов жауап берді. Ал зейнетақылар мен жәрдемақыларды арттыру жөніндегі сауалдарға департамент басшысының әлеуметтік мәселелер жөніндегі орынбасары Ержан Ергеш және Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қоры  Шымкент қаласы филиалы директорының орынбасары Сәуле Ахметова түсінік берді.

Семинар-кеңес соңында қоғамдық бірлестіктер басшылары бір топ ардагерлерге төсбелгілер мен Құрмет грамоталарын табыс етті.

С.МӘТҚАЛИҰЛЫ.
Пікір қалдырыңыз