«Тағдырмен таңнан тұрып егесемін...»

Исраил САПАРБАЙ

Сәлемхат
Жұбайым Жұпарға

Тамағың пісіп тұрса түсте сенің,
Тарығып мұнша әуреге түспес едім.
Дәм түгіл талқан ғұрлы татымы жоқ
Сорпасын өзағамның ішпес едім.

Үзіліп тұрмаған соң емешегім,
Тағдырмен таңнан тұрып егесемін.
Қазақтың қамыр салған еті болса,
Палауын өзағамның жемес едім.

Жау менен жоқ ежелден жатқа сенім,
Жанымның жардан бөлек таппас емін.
Қымызым қыз-қыз қайнап тұрса алдымда,
Орыстың айкәпірін татпас едім.
Жайымды айтпай біліп тұрмағасын
Жанымның табар дейсің кім дауасын?
Тәшкеннің талтүсінен сая таппай
Сағындым Алматының түнгі ауасын.

Қызығып қарамайды қыз десе кім?
Түсімде сол құрғырмен жүздесемін…
Қасымда қалқатайым қатар жүрсе,
Көзімді көрінгенге сүзбес едім.

Тауқымет тағдыр салған бастан асты:
Соғамын тауға басты, тасқа басты.
Тәңірім мекендеген көк болмаса,
Тар екен ақындарға аспан асты…

Тәшкен, 1998 жыл.

* * *
Ұмай текті ұрығы Ұлы ананың –
Жұттан қалған мен де бір жұғанамын.
Жанарыма мұң қонса жаным жылап,
Балағыма бит қонса қуанамын.

Ит пен битте қадірсіз қазына бар,
Қадіріне жеткен жан қазып алар.
Жаратқанның желемік жалғыз демі
Жарақаттан жаныңды жазып алар.

«Дәрмен кетті, – демеймін, – пәрмен жетті»:
Әлі күнге ән-жырым әрленбепті…
Көңіліммен өлшеймін жер мен көкті,
Өміріммен өлшеймін бар мен жоқты.

Бауыр – бағбан,
Жүрек – гүл,
Өкпе – жетім.
Көкіректе шаруам жоқ көк керетін.
Ғаламды да көшірем көз аяма,
Адамды да кешірем жек көретін.

Бауырым ба?
Баракат: бүтін, аман.
Жүрегімнің түбінде шүкіранам.
Кәміл Иман иесі – Хақ тағала
Не салса да басыма,
Күтіп алам...

Күн ашылса…
Күн ашылса,
Бұлт көші тырағайлап,
Қан тараса тамырда тұлабойлап.
Жыланирек жылымық жыра бойлап,
Бүлкілдесе бүйірде бұлақ ойнап.

Күн ашылса,
Жарытып нұр, сәулені
Кешпес ем-ау басымнан мұнша әурені.
Арық-тұрық дүние қамықтырып,
Жалықтырып жіберді құрсау мені!

Күн ашылса,
Абдырап алаң көңіл,
Жұтар ма едім жұпарша самал лебін.
…Пейіліме Періште аян беріп,
Сауық құрып жүреді санамда Өлім…

Күн ашылса,
Күлімдеп гүлдің өңі,
Құтылар ма ем құрсаудан, кім біледі?..
Өлгенде де,
Өмірге келгенде де
Қалай қиып кетерсің бұл дүниені?!

Күн ашылса,
Саған да «әу» дер едім,
Аләзірге келмей тұр әурелегім.
Қағбамды ашып,
Қанша жыл қаңғып жүріп
Қайта келген басыма дәурен едің…

Күн ашылса,
«Інімнен» мен де шығып,
Желбегейді жеңілтек желге ұшырып:
Қара жердің буына буын босап
Отырғызар едім-ау жерге шыбдық…
 
Үйқамақ
«Шатпағымнан» жалығып шимайлаған
Үйкүшіктей жабығып үйді айналам.
Өз алдына бір әлем ашылмаған
Көз алдыма келеді мидай Далам.

Көз алдыма келеді ауыл-аймақ…
Қара басып,
Отырмын қауіп ойлап.
Мені апат пен опаттан сол құтқарар,
Апай-топай кетпесе дауыл айдап!..

Көз алдыма келеді ауыл-аймақ,
Бәрі де айғақ:
Күн кешкен «ә, құдайлап».
Анашымның қолынан ала салып
Тандыр нанды жегенім сарымайлап.

Көз алдыма келеді ауыл-аймақ.
Жеңіл тартсам деп едім, ауыр ойлап.
Құлын даусы шығады ағайынның
Құлағымның түбінен «бауырайлап».

Көз алдыма келеді ауыл-аймақ,
Тар кезеңде табысқан Тәңір айдап.
Қара басым қашанғы қайғы ойламақ?
Қара қорым қашанғы қоңыраймақ?

«Шатпағымнан» жерініп шимайлаған
Өз үйіме, қайтейін, сыймай барам.
…Қорымжай мен қораға қолым жетпей
Мен пақыр да бір күні қиға айналам…

Көңіл ауаны
Көгімде емес, көрінбей жүрген іште
Көзіме оттай басылды бір Періште.
Қалай жиям есімді талып түскен?
Қалай қиям мен Оны күнкөріске?

Күнкөріс пе?
Жо-жо-жоқ!
Пенде емес Ол!
Пенделікпен өлгенше енді егесем!
«Пешенеме жазылған жазмышым» деп
Пейіш жаққа періммен мен де көшем.

Шемен жүрек,
Шерлі өлең,
Шерменде жүк
Күннен-күнге барады кеудемді езіп.
Көкала үйрек көзмоншақ көлден ұшса,
Мен де кетем Пейішке елден безіп.

Ұйқы қашты…
Жоқ, безді ұйқы менен!
/Күндес қатын сияқты күйкілі өлең/
Сылаңдайды,
Сыбырлап сыр аңдайды
Сыған қызы сияқты сиқыр әлем.

Қыл мойында зілмауыр жүк бар ма еді?
Жұбаныш па?
Іздеймін жұрттан нені?
Сүйген құлың мен болсам, ей, Жаратқан,
Қу тірліктің құлынан құтқар мені…

Талқармау
Басым қырау,
Ғазауат ғасыр мынау.
Бас білмеген асау ем, басылдым-ау.
Бал күндерім басымнан бал-бұл ұшып,
Тағдырым-ай, тарыдай шашылдың-ау?

Тағдырым-ай,
Тағдырым,
Талмабойым,
Қалай сені қанқасап қарғамайын:
Жетегіме көнбесе жетпегірім,
Етегіне сүрінсе жалбағайым?..

Тағдырым-ай,
Тағдырым,
Талмабойым,
Таусылды ма «Әридай», «Арманайың»?
«Жақсы менен жаманды айыра алмай»
Абайды да зарлатқан «арлы» ағайын…

Қараша үйдің шайқалып шаңырағы,
Қоражайда қозы-лақ маңырады.
«Құдай болғым келеді, құдай болғым»--
Адамзаттың әзелгі «Әнұраны»!..

Көкте біреу,
Жердегі «құдай» қанша?
Құптар ма едік шырқымыз шырайланса.
Өзге түгіл өзіңді таба алмассың
«Өтеріңде дүние шыр айналса…»

Көкте біреу,
Жердегі «тәңір» қанша?
Сол болар-ау сорымыз – тамырланса.
«Бар әлемді билеймін, илеймін!» деп
Қара жерді жастанған қабыр қанша…

Басым қырау,
Ғазауат ғасыр мынау.
Бас білмеген асау ем, басылдым-ау.
Тәңірімді танымай жүрген күнім
Талқармауда тарыдай шашылдың-ау…
 
* * *
Іріп кетсін індеттен ішім, мейлі,
Түсінбейді мені ешкім, түсінбейді.
Өмірімді азалап өлеңіммен,
Көңілімді «Көктаспен» мүсіндейді.

Түкіргенім бар менің «Көктасыңа»!
Мықты болсаң:
Жатсынба, жат қасыма.
Пешенемде жан білмес жазуым бар
Пенделіктің сыймаған ноқтасына.

Иә, солай,
Ноқайым,
Намақұлым.
Қияндағы қыранға қанаты мұң.
Түсіп жатыр жанымның жапырағы,
Ішіп жатыр қанымды қара түнім.

Түсіп жатыр жанымның жапырағы,
Қуаң тартып құбажон атырабы.
Қыр астында қызыл Күн қызықтырып,
Күн астында Күнікей шақырады…

Өшіп-жанып өнбойда өжет сенім,
Көкжиекке көз салам, тез өтсе күн.
Ақ шам,
Көк шам,
Қызыл шам қылымсиды
Көлгірсіген көзіндей Жезөкшенің…

Шер
Өтіп жатыр елеусіз өлі күндер…
Басқан білем желбуаз желігін де ел.
Бойлап отыр қиялым тұңғиыққа:
«Ойлап отыр екен,-деп,-мені кімдер?»

Жел желкелеп кеткендей желігімді
Не көрінді көзіме?
Не бүлінді?
Аңсарымды аударып құладүзге,
Саусағыммен санаймын өлі күнді.

«Өлі күннің өлшемі бола ма?..» деп
Жөн сұрағым келеді молаға кеп.
Бәлкім, Баукең ақырып шыға келер:
«Әй, идиот, молаға жолама!..» деп.

Шашбауына Шайтанның шала байлап
Қабағымды қаусырса қаралы аймақ:
Бәлкім, Қаскең қабағын қарс айырар
«Жарамайды, әй, мұның, Дарагой…» деп.

Аужайыма көз салсам арықтаған:
Тағдырымды танудан қалып барам.
Мен адамнан қорқамын торықпаған,
Мен адамнан қорқамын қамықпаған.

Құзырына Құдайдың құлақ аспай
Құладүзді қуып жүр мына бәшпай.
Құлазыған, қуарған түрім мынау
Құз басынан құлаған қу ағаштай.

Өлі күннің өлшеулі аржағы Мұң…
Жарғақ үнім,
Ішімде жалбарыным.
Алла түгіл, ауылға анау тұрған
Амалым не, жетпей тұр қарға адымым…

 17-24.04. 2022.
Пікір қалдырыңыз