Ізгілік нұрын сепкендер

Елімізде жыл сайын 12 мамырда мейірбикелер күні аталып өтіледі. Әрине, олар үшін бұл мерекенің орны ерекше. Мейірбике ең жауапты, қиын да қарапайым әрі адалдықты қажет ететін мамандық иесі. Нағыз мейірбике
Гиппократ антына адалдық танытып, сырқатына ем, дертіне дауа іздеген талай жанның көңіліне демеу бола біледі.

Қызметіне адал мейірбикелердің бірі – түркістандық Нұрсәуле Оразәлиева. Ол  қалалық емханада жиырма бес жылдан бері абыройлы қызмет етіп келеді. Кезінде медицина училищесінде мейірбике ісі бөлімін бітірген Нұрсәуле Оразәлиева білімін одан әрі жетілдіру үшін Қарағанды медицина университетінің денсаулық сақтау факультетінің бакалавриатын да бітіріп алған.
– Мамандық таңдауда қателеспедім деп ойлаймын. Маған мейірбике бол деп ешкім ақыл-кеңес берген жоқ. Өзім бұл мамандықты бала кезімнен армандадым, жүректің қалауымен медучилищеге түстім, – дейді Нұрсәуле Тұрсымаханбетқызы.
Нұрсәуле апай бүгінде бала дамуын бақылау бөлмесінде мейірбике болып жұмыс істейді. Түркістан қалалық  емханасына қарасты орталықтарды қадағалау, патронаждық қызметтің әмбебап-прогрессивті үлгісін енгізу координаторы қызметін  қоса атқарады.  
Бүгінгі таңда  елімізде  медицина саласына айрықша көңіл бөлініп,  мейірбикелер мен дәрігерлерге барынша жағдай жасалған. Олардың кәсіби білімдерін шыңдауларына мүмкіндік мол. Жалақылары да жаман емес. Бұл жастардың осы мамандыққа деген қызығушылықтарын арттырып қана қоймай, олардың қоғамдағы рөлін күшейтуге де ықпал етуде. Осы салада жүргендер дәрігер болу қандай қиын болса, мейірбике болу да сондай қиын дейді. Себебі, мейірбикеге артылар жауапкершілік жүгі дәрігердің жауапкершілігінен бір мысқал да кем емес. Ендеше, денсаулық күзетінде Нұрсәуле Оразәлиева сияқты аянбай тер төгіп жүрген мейірбикелердің еңбектеріне сәттілік тілейміз.
 
Ы.СЕЙДУЛЛАҰЛЫ.


Пікір қалдырыңыз