Қазақстан – Түркия: Стратегиялық серіктестік одан ары дамиды

Қасым-Жомарт Тоқаев пен Режеп Тайып Ердоған екі ел арасындағы қарым-қатынастарды «кеңейтілген стратегиялық серіктестік» деңгейіне көтеру туралы шешім қабылдады.
Түркия Президентінің резиденциясында ресми делегация мүшелерінің қатысуымен Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев пен Президент Режеп Тайып Ердоған келіссөз өткізді. Қазақстан Президентінің Түркияға сапары барысында 14 құжатқа қол қойылды.

Тараптар Қазақстан мен Түркия арасындағы стратегиялық серіктестікті одан ары дамытудың перспективаларын жан-жақты талқылады. Сауда-экономикалық, инвестициялық және мәдени-гуманитарлық байланыстарды нығайтуға ерекше көңіл бөлінді.
Сонымен қатар мемлекет басшылары ғаламдық және аймақтық өзекті мәселелерді қарастырып, халықаралық құрылымдардағы өзара ынтымақтастықты талқылады.
Қасым-Жомарт Тоқаев түрік елінде көрсетілген құрмет пен қонақжайлылығы үшін Режеп Тайып Ердоғанға ризашылығын білдірді. Сонымен қатар бауырлас түрік жеріне аяқ басқанда әрдайым өз үйімізге келгендей сезінетіндігімізді, Қазақстан атажұрт болса, Анадолы екінші отанымыз деп білетіндігімізді жеткізді.
– Бүгінде Түркия саяси, әлеуметтік-экономикалық және мәдени-гуманитарлық дамуда орасан табыстарға қол жеткізді. Өңірлік және жаһандық маңызы зор мәселелерді шешудегі белсенділігі мен табандылығы арқылы әлемдік сахнада лайықты орынға ие болды. Осы тұста, қадірлі Режеп мырза, қуатты Түркия елінің арманын арқалаған саясаткер ретінде еңбегіңіздің әрдайым жемісті болуына тілектеспін.  Түркия – Қазақстанның Еуразия құрлығындағы ең маңызды әрі сенімді серіктестерінің бірі. Елдеріміз арасындағы ортақ тарих пен рухани мұраға негізделген қарым-қатынастарымыз бүгінде өрістеп, стратегиялық серіктестік деңгейінде ілгерілеп келеді. Қазақ халқының «Байлықтан артық достық бар, достықтан артық байлық жоқ» деген ұлағатты сөздері Сіздің шынайы досымыз, тілектес бауырымыз екеніңізді айшықтайды, – деді Мемлекет басшысы.
Қазақстан Президенті екі ел арасындағы дипломатиялық қатынастарға 30 жыл толғанын атап өтіп, қазіргі таңда Түркия Қазақстанның жетекші сауда серіктестерінің біріне айналғанын айтты.
Қасым-Жомарт Тоқаев мызғымас достыққа, тату бауырластық пен стратегиялық ықпалдастыққа негізделген Қазақстан мен Түркия арасындағы көпжақты байланыстардың қарқынды дамып келе жатқанына арнайы тоқталды.
– Түркия – Қазақстанның негізгі 5 сауда серіктесінің бірі. Алыс-берісіміз жылдан-жылға артып келеді. Мысалы, 2021 жылы 5 миллиард долларға жеткен. Осы қарқынды азайтпай, сауда-саттықты 10 миллиард долларға жеткізуіміз керек. Бұдан бөлек, Түркия Қазақстанның ең ірі 10 инвесторының қатарында. Экономикамызға 4 миллиард доллардан астам инвестиция құйды. Қазақстанның Түркияға салған капиталы – 1 миллиард доллардан астам. Соңғы екі жылда Қазақстанда 16 инвестициялық жоба жүзеге асырылды.
Қазір 10 жаңа жоба пысықталып жатыр. Қазақстанда жасыл экономика, IT-технология, ғарыш, өндіріс сияқты салалар толық игерілмеген. Сіздерді осы салаларда бірлесе жұмыс істеуге шақырамын.
Біз түрік инвесторларының барлық бастамасын қолдауға және оларға қолайлы жағдай жасауға дайынбыз. Мен ертең Түркияның ірі инвесторларымен кездесетін болдым. Онда инвестициялық ынтымақтастықты дамытудың жолдарын талқылаймыз. Кездесудің қорытындысы бойынша бірқатар коммерциялық келісімшарттарға қол қойылады. Олардың жалпы сомасы 1 миллиард доллар болмақ, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Түркия Президенті екі ел арасындағы қарым-қатынасты жаңа деңгейге көтеруге әзір екенін атап өтіп, Қазақстанда жүргізіліп жатқан реформаларды қолдайтынын айтты.
– Біз әріптестігімізді кеңейтілген стратегиялық серіктестік деңгейіне көтердік. Түркия мен Қазақстан – ортақ тарих, тіл, дін және мәдени құндылықтардан қуат алған әрі мықты байланыс орнатқан бауырлас мемлекеттер. Біз Түркия елі Қазақстанның тұрақтылығы мен тыныштығына ерекше көңіл бөлеміз. Сіздің Жаңа Қазақстанды құру жолындағы күш-жігеріңіз бен табандылығыңызды құрметтеймін. Осы бағыттағы ауқымды реформаларыңызды қолдаймын, – деді Режеп Тайып Ердоған.
Келіссөз барысында өңдеу және қайта өңдеу өнеркәсібі, құрылыс саласындағы  және агроөнеркәсіп кешеніндегі бірлескен инвестициялық жобаларды жүзеге асыру, көлік-транзиттік серіктестікті нығайту, Транскаспий халықаралық көлік бағдарының әлеуетін толық пайдалану мәселелері кеңінен талқыланды. Цифрландыру және озық технологиялар, туризм және білім беру салаларындағы өзара ықпалдастыққа назар аударылды. Сондай-ақ, Түркия тарапына іргелі техникалық университеттерінің филиалдарын Қазақстанда ашуға ұсыныс айтылды.
Сөз соңында президенттер келіссөз нәтижелерін екі ел арасындағы сан қырлы қатынастарды кеңейтілген стратегиялық серіктестік деңгейіне көтерудің бірден-бір мүмкіндігі ретінде атап өтті.
Келіссөз қорытындысы бойынша Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев пен Түркия Республикасының Президенті Режеп Тайып Ердоған кеңейтілген стратегиялық серіктестік туралы бірлескен мәлімдемеге қол қойды.


Пікір қалдырыңыз