Шымкенттік оқушылар республикалық командаға алынды

Шымкент қаласы физика-математика бағытындағы NIS оқушылары Халықаралық астрономия олимпиадасына қатысатын республикалық команда құрамына алынды

Төкен Омаров атындағы Республикалық ғарыштық физика мен астрономия ғылыми жарысында NIS Шымкент оқушылары жоғары нәтиже көрсетті.

Оқушылардың астрономия ғылымына, физикаға, космонавтикаға деген қызығушылығын арттыру, ғарыштық технологиялар туралы білімдерін тәжірибеде қолдану және зерттеу, дарынды оқушыларды анықтау мақсатында Қазақстан Республикасы білім және ғылым министрлігі, «Бөбек» ҰҒПББСО республика оқушылары арасында астрономиялық турнир өткізеді. Жыл сайын өтетін ғылыми жарыстың жобалар сайысымен олимпиадасы  биыл 24 сәуір мен 1 мамыр аралығында Алматы қаласында өтті. Айта кетейік, 27 ақпан мен 6 наурыз аралығында астрожаттықтыру кезеңі өткен болатын.

 

Ғылыми жарыстың жобалар байқауына Шымкент қаласы физика-математика бағытындағы Назарбаев Зияткерлік мектебінен өз жобасын ұсынған Ерасыл Қантбек I дәрежелі, Өсиет Азаматұлы I дәрежелі, Заңғар Ескербек II дәрежелі дипломдармен марапатталды.

 

Ал ғарыштық физика және астрономия олимпиадасына қатысып III дәрежелі, жобалар сайысынан III дәрежелі диплом алған  Жұмағали Өмірзақов екі сайыстанда жүлделі орынға ие болды.

 

Сонымен қатар, оқушыларды ғарыш әлеміне қызықтырып, ғылыми сайысқа шығармашылық тұрғыда дайындағаны үшін Бибігүл Кушекова алғыс хатпен марапатталды.

 

Оқушылар «Ғарышкерлердің денсаулығын бақылауда Пульсоксиметрдің ролі», «ЭМ толқындардың  көмегімен  ғашыр кедергілерден сақтанатын – SMART ракета», «Ғарыштан  энергияны микротолқындар арқылы сымсыз тарату», «Starshade әдісі арқылы экзопланеталарды анықтау» тақырыптарында ғылыми жобалар қорғаған.

 

Халықаралық астрономия олимпиадасы жыл сайын жаңа оқу жылы басталғанда өткізіледі. Биыл халықаралық сайысқа қатысатын  республикалық топ құрамына Ерасыл Қантбек пен Өсиет Азаматұлы шақыртылды. Олар ақпан айында өткен астрожаттықтыру кезеңінде ерекше көзге түскен. Маусым айында өтетін дайындықтан кейін оқушылар халықаралық сайыста тағы да бақ сынайды.

 

Пікір қалдырыңыз