«Халық Қаһарманы», генерал-лейтенант Бақытжан ЕРТАЕВ: «Ауған соғысы кезінде қазақтар өздерін сыйлата білді»

Тәуелсіз Қазақстанның Қарулы Күштері тарихы туралы сөз қозғағанда Бақытжан ЕРТАЕВТЫҢ есімін аттап кету мүмкін емес. Ол – взвод командирінен корпус командиріне дейінгі жолдан өткен санаулы сардарлардың бірі. Еліміз тәуелсіздік алғаннан кейін Б.Ертаев Қазақстан Қарулы Күштерінің Бас штабында қызмет атқарып, тәуелсіз еліміздің әскери доктринасын нығайтуға үлес қосты. Генерал болуды армандайтын жастарға оның жүріп өткен өмір жолы үлгі-өнеге.
– Менің кейбір әріптестерім «жастайымнан әскери адам болғым келді» деп айтып жатады. Әрине, әркімнің өмір жолы әрқилы. Ал, менің тағдыр-талайым өзгеше өрбіді. Шешемнің айтуынша, бір жасқа толмай жатып, әкемнен айырылып, «жетімек» атаныппын. Шамамен 7-8 айлық нәресте екенмін. Алайда, анамның аялы алақанының, ел-жұрттағы ақсақалдардың берген тәрбиесінің арқасында адам болдым. Көйлегім көк, тамағым тоқ болмаса да аштан өліп, көштен қалмадық. Тағдыр маған басқа жолды нұсқады. Анама салмақ салмайын деп «киімі тегін, тамағы тоқ» әскери училищеге баруға бекіндім. Осылайша 1969 жылы Ташкентке тартып кеттім. Алматыда Орта Азия әскери округі құрылып, республиканың өз әскери училищесі ашылғасын соның екінші курсына ауысып алдым. Осылайша менің әскери өмірім басталды. Мұндағы қатаң тәртіпке, жоғары жауапкершілікке тез үйрендім. Бала кезімнен әкемнің атына кір келтірмей, бірбеткей әрі намысқой болып өскендігімнен шығар, училищеде қиналған жоқпын. Оның үстіне Бауыржан Момышұлы туып-өскен ауылдан шыққанбыз. Ал, Баукең – бүкіл қазақ үшін – намыс пен рухтың өлшемі. Бала кезде бізді даңқты батырдың тәлімі тәрбиеледі. Әскер сапында жүргенімде «соғысты көремін» деген ой үш ұйықтасам түсіме кірмеген. Бұл да тағдырдың жазуы. Біздің батальон Ауғанстанда тау шатқалдарын кесіп өтетін Онар өзенінің жанындағы Нуристан деген жерде тұрды. Бұл аймақ Пәкстанмен шектеседі. Өзге дінді ұстанатындар тұрғандықтан бұл өлке бұрын Кафристан деп аталыпты. 80 жылдай ауғандар олармен соғысып, ақыры бәрін ислам дініне кіргізген соң бұл жердің атын Нуристан деп қайта өзгерткен екен. Осы маңда Барканбай деген тоғай бар. Кезінде сол тоғайға бекінген ағылшындардың 18-ші дивизиясының бір солдаты тірі шықпаған. Аға лейтенант шенінде сол батальонды басқару маған сеніп тапсырылды.
Жалпы, үлкендерді сыйлау — ата-бабамыздан қалған дәстүр. Сол жердің қарияларын шақырып, әңгіме-дүкен құрдық. Ақсақалдарды да түсінуге болады. Олар өз Отанын сүйеді, бостандықты қалайды. Туған жерлеріне бөтен күштерді кіргізгісі келмейтіндіктерін ашық айтты. Біз олар үшін қалай болғанда да басқыншы саналамыз ғой. Әрине, мен сол кездегі саяси кеңес үйреткен сөздерді айттым. Тәртіп пен тыныштық орнатуға келгенімізді түсіндіруге тырыстық. Сол күннен бастап жергілікті тұрғындармен байланысты нығайтуға күш салынды. Сарбаздарыма сол елдің салт-дәстүрін сыйлауды, дініне құрметпен қарауды түсіндірдім. Жергілікті халықтың әдет-ғұрпын сыйлаған соң олардың да бізге деген көзқарасы өзгере бастады.
Жалалабадтағы бригадада Смирнов деген командиріміз болды. Менің батальонымнан 200 шақырымдай қашықтықта орналасқан. Мен оған: «біз тыныш, бейбіт өмір сүріп жатқан адамдарды атып жатырмыз. Біздің мұндай қисынсыз әрекетіміздің салдарынан бейбіт тұрғындардың өздері таудағы бізге қарсы соғысып жүргендерге қосылып кетіп, дұшпандарымызды көбейтеді деп айтатынмын. Әрине, мұндай сөздерім бастығыма ұнамайтын. «Сен мұсылмансың» деп те жазғырған кезі болды. Жергілікті тұрғындар маған жаудың қай жерден өтетінін, миналардың қай жерге қойылғаны туралы маңызды мағлұматтар беріп кететін. Барлаушыларым арқылы бұл ақпараттың дұрыс-бұрыстығына көз жеткізіп, алып әскери операцияларға тиянақты дайындалатынбыз. Мұның өзі адам шығынын анағұрлым азайтуға септігін тигізді.
КСРО Қорғаныс министрі, маршал Сергей Соколов пен Бас штабтың бастығы, маршал Сергей Ахромеев таулы аймақта ұрыс жүргізу тактикамды жоғары бағалады. Жоғары бағалағаны да, бүкіл батальон командирлерін Кабул қаласына шақырып, баяндаманы маған – қазақтың баласына жасатты. Себебі, өзге батальондармен салыстырғанда бізде адам шығыны  аз болатын.
Ауған соғысы кезінде біздің қазақ жігіттеріне деген ықылас ерекше болды десем, өтірікші бола қоймаспын. Әрине, олардың барлығы бірдей Батыр атанып кетпесе де, өздерінің намысшылдығын, отаншылдығын, қайтпас қайсарлығын көрсете білді. Командир әрбір сарбаздың өмірі үшін жауапты. Солдатым оққа ұшса, әке-шешесіне қалай жауап беремін деп уайымдаған кездерім көп. Мәселен, Акишев деген сержант өзінің бөлімшесімен қоршауда қалғанда, пулеметпен жауға оқ жаудырып, жараланғандарды құтқарған. Сөйтіп, өзі ерлікпен қаза тапты.
Менің бала кезден алған тәрбием – ештеңеден қорықпау. Ал, мен батальон командирі болдым. Командир қорқақ болса, оның соңынан кім ереді? Кім сыйлайды? Батырлық тек орден алуда емес. Ол – шындықты айту, кінәңді мойындау, жылтыр сөзден аулақ болу. Жасыратыны жоқ, мен де қорқамын. Жағымпаз, жылтыр адамдардан қорқамын. Опасыздар мен тақ үшін, бәрін сататын адамдар мен үшін қорқыныш тудырады. Әрине, олардың қасында жүргенін  байқамай қалуым да мүмкін. Ол екі есе қорқынышты. Кешегі қан-қасапта қиыншылықты бір кісідей көрдім. Бірақ шындығымды ешуақытта жасырған емеспін.
Әскери сапта жүргеніме 53 жылдан асты. Соның 20 жылын егемен еліміздің Қарулы Күштеріне арнадым. Біз – Ұлы Даланың жауынгер халқымыз. Қазақ хандығының құрылғанына 550 жылдан асқаны тарихтан белгілі. Демек, мемлекеттігіміздің іргетасы сол жылдардан қаланды. Көшпелі халықтың батырлық, ерлік, елдік рухы бірнеше ғасырлар бойы қалыптасып, орта жолдан үзіліп қалмай күні бүгінге дейін жалғасып келеді. Құдайға шүкір, егемендік алған соң шекарамызды шегендедік. Көтеретін Көк байрағымыз, шырқайтын Әнұранымыз бар. Халықаралық беделді ұйымдардың мүшеліктеріне қабылдандық. Ал, әлемдік деңгейдегі ұйымдарға әскери қуаты күшті, материалдық-техникалық базасы мықты, жауынгерлерінің дайындығы жоғары, басқа да көрсеткіштері халықаралық талаптарға сай келетін мемлекеттер ғана мүше бола алады. Тәуелсіздігін алған тұста еліміздің армиясын нығайту оңайға түскен жоқ.
Бастапқыда Қазақстанда кадр тапшылығы өткір сезілді. Көптеген әскери мамандар Ресейге, Украинаға және басқа да тарихи отандарына кете бастады. Сондықтан ең бірінші кезекке  әскери кадрлар даярлау мәселесі қойылып, оларды мықты әскери базасы қалыптасқан мемлекеттерде оқытуға мән берілді. Сол тұста Мемлекет басшысының экономиканы ғана емес, Қарулы Күштерді де көтеруге ерекше екпін беріп, тиісті деңгейде көңіл бөлгеніне Бас штабты басқарып жүргенде талай мәрте куә болғанмын. Қиыншылықтарға қарамастан әлемдегі озық ұшақтар, танктер, басқа да қару-жарақ түрлерін сатып алуға қаржы бөлінді. Ұшқыштар, тағы басқа да әскери мамандарды оқытуға тиісті қаражат жұмсап, оларды шетелдерде оқыттық. Қазір де оқып жатыр. Осындай жүйелі жұмыстардың, халықаралық әскери жаттығуларға жиі қатысудың нәтижесінде біздің әскеріміз әлемдегі ірі мемлекеттермен иық теңестіретін дәрежеге жетті. Биылғы қаңтардағы қанды оқиғаға байланысты Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев әскери саланы одан әрі дамытып, кем-кетігін толтыру, заманауи қару-жарақтармен, әскери техникамен қамтамасыз ету жөнінде тапсырма берді. Демек, бұл – біздің айбынды Армия халықтың сенімді қалқаны болып, ел тыныштығын қырағы күзете береді деген сөз!
                                                                              
 Әңгімені жазып алған Серікқали ЖЕКСЕНБАЕВ,  «Ońtústik Qazaqstan».


Пікір қалдырыңыз