Біз неге сонша сенгішпіз?

Дәулет ТҰРСЫНҰЛЫ, «Ońtústik Qazaqstan».

Алаяқтарға алданып, сан соғып қалмау үшін әр адам барынша сауатты болғаны жөн. Әсіресе, бұл тұрғыда ақпараттық және қаржылық сауаттылықтың маңызы зор. Егер бұл екеуі болмаса, онда жеке адамның ғана емес, тұтас мемлекеттің қауіпсіздігіне қатер төнуі мүмкін.
Әуелі ақпараттық сауаттылыққа аз-кем тоқталып өтсек. Қазір бәріміздің қолымызда смартфон бар. Яғни смартфон – ақпарат таратушы құрал деген сөз. Кез келген адам онымен халықтың назарына ақпарат ұсынып, білгенімен бөлісе алады. Десек те, кейде шындыққа мүлдем жанаспайтын, ел арасына іріткі салатын дүниелер де көптің талқысына түсіп кететін жәйттер болады. Бірақ, оның ара-жігін ажыратып жататындар аз. Қайта жан-жақтан бықсыған қоламтаны үрлеп, өршітіп жіберетін жағдайлар жиі кездеседі. Арандатушылардың көздегені де сол. Елдің тыныштығын кетіріп, берекесін ұрлау. Өкінішке қарай, көп жағдайда солардың ойлағаны болып жатады.
Ал, қаржылық сауаттылық жөнінде не білеміз? Жетпіс жыл бойы жоспарлы экономиканың аясында өмір сүрген, нарық, сауда, бизнес деген ұғымдардан мақұрым қалған қоғам әлі күнге дейін сол жоспарлы экономикадан айыға қойған жоқ. Былайша айтқанда, елімізде қаржылық сауаттылық жоқтың қасы. Бұның айқын дәлелі – қаржы пирамидасына алданған астаналық әйелдің өзін өзі өртеп жіберуі. Mudarabah Capital қаржылық пирамидасына 20 миллион теңгесін салып, одан бір тиын ала алмаған 1990 жылғы келіншек ҚР Ішкі істер министрлігінің алдында өзін өзі өртеген. Ол осы әрекеті арқылы қылмыстық іске қатысты алаяқтарға шара қолдануды сұранған. Көріп жүргеніміздей, көп жағдайда қаржылық пирамида құрған адамдар, олардың жанындағы серіктестері тергеу кезінде кінәлі болудың орнына жәбірленушіге айналып шыға келеді. Сонымен «іс бітті, қу кетті».
Былай қарасаңыз, Mudarabah Capital ұйымы да кәдімгі қаржы пирамидасының жүйесі бойынша жұмыс істеген. Алдымен өзіңіз ақша беріп тіркелесіз және екі адамды тіркейсіз. Өз кезегінде олар да екі адамнан тіркеуі қажет. Соңында сіз салған ақшаңызды үш-төрт еселеп қайтарып аласыз. Сөйтіп, байымасаңыз да, әжептәуір пайдаға кенеліп қаласыз-мыс. Қазір жұрт жаппай осы ойынның соңына түсіп кетті. Олар мұның алаяқтық, қаржы пирамидасы екенін жақсы біледі. Бірақ, сөйте тұра тәуекелге бас тігіп, қаражат құяды. Неге? Өйткені, салған ақшасын қайтып аларына сенімді. Сол үшін жанталасып адам жинайды. Мақсат – пайда табу. Ал, соңынан кіргендер «пұл болмаса, күл болсын».
Осы орайда ресейлік алаяқ Сергей Мавродидің «МММ» компаниясы еске түседі. Тоқсаныншы жылдары құрылған бұл қаржы пирамидасына 15 миллион адам қаржы салыпты. Олардың арасында қарапайым адамдармен қатар жоғары шенді қызметкерлер мен қылмыс әлемінің серкелері де болған. Тіпті, «МММ»-нің акциялары айналымға түсіп, мемлекеттің қауіпсіздігіне қауіп төндірген де кездері болған. Кейін әлгі алаяқ ұсталып, ұзақ жылға түрмеге қамалды. Жазасын өтеп шыққан соң «МММ-2», «МММ-3» дейтін компаниялар құрып, тағы да салымшылар жинайды. Бұрын бір мәрте аузы күйген жұрт тағы да қаржы құяды. Өйткені, олар осы жолы табысқа жетіп, пайдаға кенелеріне сенеді. Сол сенім ақыры бәріне опық жегізді. Қазір Қазақстанда да осы жағдай айна-қатесіз қайталанып жатыр деуге болады.
Қаржы пирамидасының қандай түрі болса да, ол ең алдымен – қауіпті індет. Оңай ақшаға дәніккен жан пайда табу үшін бұдан ірі көлемдегі алаяқтыққа баруы  да мүмкін. Мұның соңы ағайын-туыстың, дос-жаранның арасын ашады. Өйткені, қаржы пирамидасына кірген адам бірінші өз жақындарын тіркейді. Сондықтан парықсыз іске бас сұғып, соңынан өкініп жүрмеңіз...


Пікір қалдырыңыз