«Көк туды биікте желбіретемін» дейді кейіпкеріміз Нилуфар Райымова

Қазақстан – бірнеше ұлт пен ұлыстың басы қосылған жер. Өткен ғасырда, оның алдында еріксіз келгендердің бүгінгі баласы ежелгі қазақ жеріне «бөтен емеспін» деп біледі. Әрине, бірнеше буын көшті, ел алмасты. Түрі, діні бөлек болса да, «қазақпен мұратым ортақ» деп таныды. Қазақтар да тағдырдың айдауымен көрші атанған қауымға алакөзденген емес. Төріне шығарып, құдасындай күтті. Қатарынан жер беріп, іргесіне жақын отырғызды. Ата-бабалары ашыққан, жабыққан сәтте құшақ жая қарсы алған Алаш баласының ақ пейіл ұрпағына аманаттап кетті. Олардың арасында елдің дамуына, абыройының асқақтауына үлес қосып жүрген жандар қаншама. Түрлі салада еңбек етіп, тер төгіп, елдің атын шығарып жүргендер баршылық. Бүгін біз сондай жандардың бірі, Қазақстанның көк туын әлемдік аренада желбіретіп жүрген Нилуфар Райымовамен сұхбат құрған едік.
Нилуфардың ұлты өзбек, Түркістан қаласында туып-өскен. Былтыр ғана күрестен жастар арасындағы әлем біріншілігінде чемпион атанып, ел мерейін асқақтатты.
– Нилуфар, әңгімеміздің басында оқырмандарға өзіңді таныстыра кетсең...
– Мен Түркістан қаласында дүниеге келгенмін. Кішкентай күнімнен спортқа құмар болдым. Әпкем спортпен кәсіби шұғылданатын. Соған еріп спорт залға барып жүрдім. Сонда небәрі 7 жастамын ғой. Жаттықтырушының көзіне түсіп, күреспен дендеп айналыса бастадым. Бір апта өтпей жатып алғашқы жарысыма бардым. Сол жарыста жеңіске жетіп, бапкер сенімін ақтадым. Содан бастап күрес менің өміріме айналып кеткендей.
Мектепте жарыстан орын алып келген оқушыларды марапаттап, мақтап жатады ғой. Соларды көріп, мен де осылай марапатталсам ғой деп армандайтынмын. Шүкір, сол арманыма күрес арқылы қол жеткіздім. Мектептегі жиналыстарда мені де марапаттайтын күндер туды. Соның арқасында мен екі есе шабыттандым. Қазірге дейінгі жеткен жетістіктерім сол бала күнгі арманымның ұшқыны деп білемін.
– Бір сәт уақыттан шегініс жасап, сен чемпион атанған әлем біріншілігі туралы әңгіме қозғайықшы. Саған ең қиын соққан қай белдесулер болды?
– Әр кезеңдегі қарсыласым осал болған жоқ. Себебі, бұл – әлем біріншілігі. Мұнда әр елдің сайдың тасындай іріктелген сайыпқырандары қатысады. Сондықтан осал қарсылас болмады. Ең қиын соққан белдесу деп алғашқы айналымдағы ресейлік балуанмен белдесуді айтқан болар едім. Кез келген жарыста алғашқы айналым мен үшін қиын. Кілемге, аренаға бой үйретемін дегенше біраз уақыт өтеді. Содан кейінгі қиын белдесу деп жартылай финал мен финалдық белдесуді айта аламын. Оның үстіне осы кезеңдерге келгенде әр спортшыда толқу болатыны сөзсіз. Жүлде, чемпиондық атақ қол созым жерде тұрғанда оны уыстан шығарып алмау үшін өз уайымыңмен де күресесің.
Жартылай финалдағы қарсыласым түрік қызымен бұрын да кездесіп, жеңгенмін. Оңай болмасын сездім. Есеп айырмасы өте жақын болды. Екеумізде де финалға шығатын мүмкіндік тең еді.
Финал алдында емін-еркін бой жазып жүргенімді көріп, бапкерім ұрысты. «Күміспен шектеліп қалмау керек, қалай да алтын жүлдеге таласу қажет. Намысың қайда?» деп қайрап-қайрап жіберді. Ақтық сындағы қарсыласым өте тәжірибелі Италия балуаны еді. Белдесу басында көп қателестім. Кейіннен басымдықты қолға алып, жігерлі жеңіске қол жеткізе алдым.
– Осы әлем біріншілігіне дейін, одан кейінгі жарыстарың жөнінде айта кетсең...
– 2018 жылы жасөспірімдер арасындағы Олимпиада ойындарына қатысқанмын. Өкінішке қарай, Буэнос-Айресте өткен додада жүлдеге іліне алмадым. Уфадағы әлем біріншілігінен орала салып, ересектер арасындағы әлем чемпионатына дайындықты бастап кеткенбіз. Ересектер арасындағы алғашқы ірі жарысым болған соң ба, көңілдегідей нәтиже көрсете алмадым.
Болашақта Олимпиада ойындарына қатысып, қазақтың көк туын биікте желбіреткім келеді.
– Сұхбаттасқаныңа рақмет. Толағай табыстарға жете беруіңе тілектеспіз!

Сұхбаттасқан Ерболат АЙНАБЕКОВ.


Пікір қалдырыңыз