Бұл чемпионат тарихта қалады

Моңғолия астанасы Улан-Батор қаласында күрес түрлерінен Азия чемпионаты аяқталды. Бұл чемпионат Қазақстан құрамасы үшін ең сәтті құрлық чемпионаттарының бірі ретінде тарихта қалмақ. Себебі бұған дейін Моңғолия жерінде өткен Азия чемпионаттарында біздің құрама бірде-бір алтын алмаған. Осы чемпионатта күміс жүлдегер атанған спортшылардың да саны бұрынғы додалардан едәуір көп.

Тәуелсіз ел ретінде ең алғаш рет Қазақстан құрамасы Азия чемпионатына 1993 жылы қатысқан. 1993 жылғы дода да Моңғолия жерінде өткен-ді. Ол чемпионатта 90 келіге дейінгі салмақ дәрежесінде сынға түскен Ислам Байрамуков күміс жүлде, 100 келідегі Сергей Непомнящий қола жүлде алған еді. 2001 жылы да біздің балуандар Моңғолияда өткен Азия чемпионатынан алтынсыз қайтқан. Моңғолиядан алтынсыз қайту дәстүрін биыл чемпионатқа аттанған балуандарымыз бұзды.
Сонымен жүлдегерлерді сараптар болсақ... Грек-рим күресінен құрама қоржынына алғашқы алтынды 67 келідегі Мейіржан Шермаханбет салды. Мейіржанның жолын 130 келідегі Әлімхан Сыздықов жалғастыра алды. Ал, қыздар арасында қос егіз балуанымыз Жәмила мен Мадина Бақбергеновалар алтыннан алқа тағынды. Бұл да Қазақстан құрамасының тарихындағы елеулі оқиға ретінде тарихта қалмақ. Осы чемпионаттағы жеңісі арқылы Жәмила Бақбергенова өз салмағында әлем рейтингісінің көшін бастады. Соңғы болып кілемге шыққан еркін күрес шеберлері арасында бір ғана балуанымыз алтын жүлде алды. Ол – 86 келіде белдескен Азамат Дәулетбеков. Азамат финалда әлемнің вице-чемпионы үндістандық Дипак Пунияны жеңді.
Грек-рим күресі бойынша балуандарымыз финалға көптеп шыққанымен, ақтық сында сүрініп жатты. Атап айтар болсақ, 55 келіде Аманғали Бекболатов, 63 келіде Мейрамбек Айнағұлов, 72 келіде Абылайхан Әмзиев, 77 келіде Махат Ережепов, 82 келіде Диас Қален алтын жүлдеге сынық сүйем қалғанда сүрінді. Еркін күрес бойынша да финалда жеңілген балуандарымыз аз болған жоқ. Мәселен, көпшілік 74 келіге дейінгі салмақ дәрежесінде белдескен Нұрқожа Қайпановтан алтын медаль күткен. Алайда, ол күміс жүлдемен шектелді. Нұрқожаның ізімен 57 келідегі Рахат Қалжан мен 125 келідегі Әлішер Ерғали Азияның вице-чемпиондары атанды.
Құрама қоржынына қола жүлде салған балуандарға да еш өкпе жоқ. Грек-рим күресі бойынша 60 келідегі Ернұр Фидахметов пен 87 келідегі Нұрсұлтан Тұрсынов Азия чемпионатының қола жүлдегерлері атанды. Қыздар арасында Жұлдыз Ешімова мен Гүлмарал Еркебаева да дәл осындай атаққа қол жеткізді. Айтпақшы, Жұлдыз Ешімова «сары құрлық» додасында осымен сегізінші жүлдесін алып, отандық балуандар арасында рекорд орнатты. Ол осыған дейін Азия чемпионаттарында 1 алтын, 4 күміс, 2 қола медаль иеленген-ді.
Еркін күрес түрі бойынша 61 келіде Акбар Құрбанов, 70 келіде Сырбаз Талғат, 92 келіде Әділет Давлумбаев, 97 келіде Мамед Ибрагимов қола жүлдегер атанды.
Жалпыкомандалық есепте 9 жүлде еншілеген грек-рим шеберлеріміз топ жарды. Олар азулы Иран құрамасының өзін артқа тастап, көш басына шықты. Қыздар күресі мен еркін күрес бойынша жалпыкомандалық есепте үздік үштікке табан тіредік. Жүлде саны бойынша да біздің құрама өз рекордын жаңартты. Моңғолияға аттанған 30 спортшымыздың 21-і құрама қоржынына медаль салды. Бұған дейінгі рекордымыз 19 медаль болатын. 2020 жылы Үндістандағы «сары құрлық» чемпионатында отандастарымыз 5 алтын, 2 күміс, 12 қола медаль иемденген-ді.

Пікір қалдырыңыз