Гена айқын жеңді, бірақ, көкейде көп сұрақ қалды...

Ерболат АЙНАБЕКОВ, «Ońtústik Qazaqstan».

Өткен аптада қазақстандық кәсіпқой боксшы Геннадий Головкин Токиодағы «Сайтама-Аренада» кезекті жекпе-жегін өткізді. Жапониялық боксшы Риото Муратаға қарсы жұдырықтасқан отандасымыз 9-раундта техникалық нокаутпен жеңіске жетті.
Головкиннің бұл жеңісін жарқын жеңістердің қатарына жатқызуға болады. Біріншіден, Қарағанды бокс мектебінің түлегі үлкен рингке ұзақ үзілістен кейін енді шығып тұр. Бұл кездесу былтыр өтуі керек еді. Алайда, пандемияға байланысты кейінге шегеріліп, өткен сенбіде өтті.
Екіншіден, осы кездесуден бір күн бұрын ғана GGG 40 жасқа толды. Қырыққа келген боксшының жиырмадағы жігіттей бокс көрсетеріне күмәнданғандар көп болды. Алайда, Головкин ол күмәннің бәрін жоққа шығарып, жасындай жарқылдады.
Кездесу соңында Головкин Муратаға қазақы дәстүрге сай өзінің шапанын жапты. Кейіннен осы жекпе-жек барысында бәске тігілген Муратаға тиесілі болған WBA Super тұжырымы бойынша чемпиондық белбеуді де жапон боксшысына қайтарып берді. Жапониялық боксшының бөлмесіне өзі барып, «Бұл чемпиондық белбеу мәңгілік саған тиесілі болсын» деп қолына табыстады.
Кездесуден кейін белгілі болғанындай, Риото Муратаның жағы сынып кеткен екен. Тоғызыншы раундта Головкиннің ауыр соққысынан кейін  ол еденге сұлап түскен-ді. Дәл сол сәтте жапониялық боксшының жаттықтырушылары да тәуекелге бармай, рингке ақ орамал лақтырды.
Головкин мен Мурата арасындағы жекпе-жек туралы мамандар не дейді? Тыңдайық.

Виталий Демьяненко, бокстан Еуропа чемпионы, Мәскеу Олимпиадасының күміс жүлдегері:
– Бірінші раундта қос боксшы да бір-біріне барлау жүргізіп бақты. Бірен-саран соққы алмасып, рингке бой үйретті. Екінші раундтан бастап Головкин өзіне көп соққы өткізді. Үшінші раундта да өзгеріс болған жоқ. GGG соққы өткізген үстіне өткізе берді. Төртінші раундта ғана жекпе-жек тізгінін қолына алғандай болды. Алайда, 5-раунд тағы да «самурайдың» үстемдігімен өтті. Тек 6-раундта Головкин Муратаның осал тұсын таба бастады. Алайда, арасында қарсыласына соққысыз жақындап қойып жатты. Мұнысын жапон боксшысы да сәтті пайдаланды. Оның үстіне отандасымыз жапониялықтың оңқай боксшы екенін ұмытып кеткендей, оң қолына қарай ойыса берді. Соның салдарынан көп соққы жіберді.
Ал 7, 8-9-раундтар Головкиннің толық үстемдігімен өтті. Сериялы соққылар, түрлі комбинациялар Муратаны тығырыққа тірей берді.
Атап өтерлік тағы бір жайт бар. Головкин бапкер ауыстырғалы бері 3 жекпе-жек өткізді. Осы жекпе-жектер барысында Головкиннің боксы бұрынғысынан төмендемесе, көтерілген жоқ. Ол рингте бұрынғыдан да көп соққылар өткізе бастаған. Әрине, 40 жасқа келіп, үлкен деңгейде бокстасу да оңай емес. Десе де, Генаға бапкер ауыстыру туралы бір сәт ойланып көру керек сияқты.

Том Грэй, «The Ring» басылымының сарапшысы:
– Головкиннің Муратаға қарсы боксы мінсіз болды деп айта алмаймыз. GGG прогресс барысында бір, тіпті екі қадам артқа кеткендей. Үшінші раундқа дейін Мурата сыр берген жоқ, бүйірден түйреп, Головкиннің мазасын әбден қашырды. Тек 5-раундтан бастап Головкин түрлі комбинацияларға көшіп, таразы басын өзіне аударды. Әр раунд сайын қарқын қосқан қазақстандық боксшының соққыларына жапон боксшысы 9-раундқа дейін ғана төтеп бере алды.
Головкин жекпе-жекті мерзімінен бұрын аяқтаса да, айтылар сын аз емес. Муратаның соққылары оңай өтіп кетіп жатты. GGG ауыр әрі баяу қимылдады.
Вадим Гриних, «Pro бокс» арнасының тілшісі:
– Джеб соққысы әрқашан көмектеседі. Ол қарсыластың шабуылын күтіп алуға, артық соққы жібермеуге мүмкіндік береді. Кешегі жекпе-жекте Головкин джеб соққысын көп пайдаланды. Оның комбинацияларының да негізі джебтен тұрды. «Джеб– апперкот–хук». Осы комбинацияларға түсіп қала берген Мурата ақыры құлап тынды.

Мэттью Маклин, британиялық боксшы:
– Головкиннің кәсіби мансабын аяқтағанын қалаймын. «Канело» бірінші жекпе-жекте одан жеңісті ұрлап алды. Екінші кездесуде де тең болды деп ойлаймын. Головкин бокс тарихындағы үздік боксшылардың қатарына кіреді. Оның осы биікте тұрып, мансабын аяқтағаны дұрыс болар еді.
Пікір қалдырыңыз