Мақсатқа саяси жаңғырулар арқылы қол жеткізе аламыз

Мемлекет басшысының биылғы Жолдауының мән-маңызы айрықша, ауқымы кең, мазмұны да бөлек. Біз жаңа Қазақстанды құруда алдымызға биік мақсат қойылғанын көріп отырмыз.

Қасым-Жомарт Тоқаев бүкіл қоғамды дүр сілкіндірген қаңтар оқиғасына тоқталып, бұндай жағдайдың енді ешқашан қайталанбауы үшін барлық шаралар қолға алынатынын айтты. Ел Президентінің ең бір қиын сәтте батыл шешім қабылдап, ақырына дейін халықпен бірге болғанына куә болдық. Бүгінгі таңда саяси жаңғыру арқылы елімізді орнықты дамыту, ауқымды әлеуметтік-экономикалық өзгеріс жасау қажеттілігі туындап отыр.

Президент басқарудың супер-президенттік үлгісінен мықты Парламенті бар президенттік республикаға көшу туралы ұсыныс тастады. Мұндай жүйе билік институттарының тепе-теңдігін қамтамасыз етіп, елімізді орнықты дамытуға септігін тигізеді. Сондықтан Қасым-Жомарт Кемелұлы Парламенттің рөлін күшейтіп, «күшті Президент – ықпалды Парламент – есеп беретін Үкімет» қағидаты басшылыққа алынатынын айтып, бірқатар бастамалар ұсынды.  Солардың бірі – Президенттің  Amanat партиясының қаңтар айындағы съезінде ұйым төрағалығынан бас тартқаны. 

Ендігі жерде барлық азаматтарға бірдей мүмкіндік беріледі. Мемлекет басшысы Президенттің жақын туыстарына саяси мемлекеттік қызметші болуға және квазимемлекеттік секторда басшылық лауазымдар атқаруға заң жүзінде тыйым салатын болды.

Президенттің өкілеттігін бірте-бірте азайту мәселесі де еліміздің демократияға бет бұрғанын көрсетеді. Президенттің Сенаттағы квотасын 15-тен 10 депутатқа дейін азайту туралы шешім қабылданды. Оның бесеуін Қазақстан халқы Ассамблеясы қазіргідей сайламайды, тек ұсынатын болады. Қазақстан халқы Ассамблеясының Мәжілістегі квотасы жойылып,  Сенатқа ауысады және 9-дан 5 депутатқа дейін кемиді. Соның нәтижесінде Мәжілістегі депутаттардың жалпы саны азаяды.

Мемлекет басшысының аймақ басшыларын мәслихаттардың келісімінсіз орнынан босату құқығы сақталады. Өкілді билік тармағын өзгерту жөніндегі бұл жаңашылдықтардың бәрі парламенттік мәдениеті жоғары және ықпалды халық қалаулылары бар Жаңа Қазақстанды құруға бағытталған.

Партияларды тіркеу ресімі едәуір жеңілдейді. Тіркеу шегі 20 мыңнан 5 мың адамға дейін азаяды. Өңірлердегі өкілдер саны 600-ден 200 адамға дейін төмендетіледі. Партия құру үшін азаматтардың бастамашыл тобының ең төменгі саны үштен бірге, яғни 1000-нан 700-ге азаяды.

 Ел азаматтары  өздерінің сауалын тікелей жолдай алуы үшін Конституциялық сот құру ұсынылды. Сондықтан өлім жазасына тыйым салу туралы шешімді біржола бекіту үшін Конституцияға тиісті өзгеріс енгізу қажеттілігі айтылды.

Семей аймағында Абай облысын құру туралы ұсыныс та көп көңілінен шықты. Семей қаласы жаңа облыстың орталығы болады. Бұрынғы Жезқазған облысының аумағында Ұлытау облысы құрылады. Жезқазған қаласы қайтадан облыс орталығы болады. Алматы облысы  екіге – Жетісу және Алматы облыстарына бөлінеді. Алматы облысының орталығы Қапшағай болады. Ал, Жетісу облысының орталығы Талдықорғанда орналасады. Қапшағай қаласына  халқымыздың біртуар перзенті – Дінмұхамед Қонаевтың есімін беру мәселесі айтылды. Мемлекет басшысының бұл ұсыныстары сол аумақтардың дамуына ықпал етері сөзсіз. Президентіміз сөз соңында халықтың қолдауымен қандай мақсатқа жетуге болатынына сенім білдірді.

Зуппархан Чалданов,

облыстық қоғамдық

кеңес мүшесі.

 

Пікір қалдырыңыз