Ресейге салынған санкция Қазақстанға қалай әсер етеді?

Аман ЖАЙЫМБЕТОВ, «Ońtústik Qazaqstan».

Базардағы баға қырық құбылып тұр. Әсіресе, сыртқы нарыққа тәуелді тауарлардың бағасын бір жүйеге келтіріп ұстап тұру мүмкін болмай қалды. Қант өнімдерінен басталған қымбатшылық артынша басқа тауарлардың бағасына да әсер етпей қоймады, бүгінде азық-түлік тауарлары осыдан екі-үш ай бұрынғымен салыстырғанда кемі бес-он пайызға қымбаттап шыға келді. Әрине, жуанның жіңішкеріп, жіңішкенің үзілер шағында алқымнан алған асау нарықтың аптығын басып тұру үшін атқарушы билік тарапы да әрекетсіз емес, дегенмен, нарық атты нарқасқа әл-әзірге басына ноқта салдырар емес.

Елдегі қымбатшылыққа өзіміздің отыз жылдан бері жөні түзу өнім шығаруға асықпаған жайбасарлығымыз бен арқа-басты кеңге салып жүре беретін немкеттілігіміз кінәлі десек те, соңғы кездегі келеңсіздіктердің бір ұшы көршілес ел – Ресейге салынып жатқан сансыз санкцияға барып тіреледі. Иә, Ресей – Украина арасындағы дүрбелеңнің зардабы онымен көршілес жатқан мемлекеттерге де тимеуі мүмкін емес. Соғыс қимылдарына жол ашқан соңғы оқиғалардан кейін Батыс әлемі Ресейдің экономикасына ауқымды зиян келтіретін санкцияларды салудайын салып жатыр. Осылайша солтүстіктегі көршіміз ең көп санкция салынған мемлекет ретінде атала бастады. Кремль билігіне таяуда тағы да шектеу шаралары енгізілді. Ұлыбритания Ресейдегі авиация саласына санкция салатынын мәлімдесе, АҚШ ол елдің мұнайын сатып алудан бас тартып отыр. 
Жалпы, жаһандық мұнай өндірісінің он пайыздан астамын құрайтын Ресей үшін бұл оңай соққы емес. Ал, солтүстіктегі серіктесіміздің салы суға кетсе, оның зиянын іргесінде жатқан біздің ел де тартпай тұрмайды. АҚШ президенті өз сөзінде «Бұдан былай ресейлік мұнай, табиғи газ және энергетиканы импорттауды тоқтатамыз. Еуропадағы кейбір серіктестеріміз біз сияқты ресейлік мұнайды алудан бас тарта алмай отыр. Бірақ, біз олармен тығыз келіссөздер жүргізіп, ұзақ мерзімді стратегия құрудамыз. Бұл арқылы сол еуропалық елдердің ресейлік мұнайға деген тәуелділігін жоюды көздеп отырмыз» деді. Әлемдік саясатта ықпалды тұлғалардың бірі саналатын Джо Байденнің бұл мәлімдемесінен кейін, демек, таяу болашақта «қарт құрлықтың» өзі орыстың мұнайынан бас тартуы мүмкін екенін топшылауға болады. Табиғи газдың елу пайызға жуығын Ресейден алып отырған Еуроодақ елдерінің өзі мұнай-газ саласына санкция салар болса, Ресей қыруар шығынға батып, күрделі проблемаға тап болуы мүмкін. Ал, АҚШ-тың бұл шектеулері Қазақстанға қалай әсер етеді? Бұл – біз үшін ең көкейтесті сауалдардың бірі. Кейбір сарапшылар Ресейге салынған санкцияның салқыны Қазақстанға тікелей әсер ететінін жоққа шығармайды. 
Екі ел арасындағы қақтығыстың салқыны біздегі автонарыққа да өз әсерін тигізбей қоймайды. Сарапшылар Қазақстанның автонарығын енді Қытай көліктері жаулап алуы мүмкін екенін айтады. Олардың айтуынша, Ресейге салынып жатқан санкциялардың кесірінен көрші мемлекеттегі автозауыттар жұмысын тоқтатқан. Қытайлық көлік өндірушілер дәл осы сәтті ұтымды пайдаланып, елімізге жаңа брендтерін кіргізуі ықтимал. Әлемді сауда арқылы жаулап алуды көздейтін қытайлар бұл мүмкіндікті де қалт жібермей, Қазақстан нарығына өз автоөнімдерін тықпыштайтыны анық. Тауар өткізетін тетік тапса, өз өнімдерін қалай да тықпыштап қалуға тырысатын олардың мұндай бос кеңістікті бекерге жібермейтіні белгілі. Автосарапшы Алексей Алексеевтің айтуынша, Ресейдегі «Фольксваген», «Лада» және «Рено» сияқты көліктерді шығаратын зауыттар жұмысын тоқтатқаннан кейін, бұл маркалы көліктерге сұраныс артқан. Яғни көрші мемлекеттің азаматтары іргедегі қазақ елінен аталған көліктерді сатып алып жатқан көрінеді. «Ресейдегі жағдайды білесіздер. Соның кесірінен Қазақстанда көлік тапшылығы болып жатыр. Менің ойымша, бұл жағдайдан кейін жоқтан бар жасауға дағдыланып қалған Қытай қарап жатпайды, яғни елдегі көлік нарығында Қытайдың автоөнімдері жақын арада пайда болады. Олар осында құрастырылып, отандық өнім болып тұтынушыға ұсынылуы мүмкін» дейді ол. 
Мамандар бұл болжамның расқа айналатынына сенімді. Өйткені, қытайлар қандай тауар шығарса да оның нарыққа бейімділігін бірінші орынға қояды. Сапасы сын көтермесе де сырт көрінісін тартымды етеді. Сондай-ақ, қарапайым тұтынушылар үшін бағасы қолжетімді болмағын да назардан тыс қалдырмайды. Бүгінгідей нарықтың ырық бермей тұрған кезінде бағаны бір жүйеге келтіріп ұстап тұрудың маңызы зор. Бұл тұрғыдан алғанда да қытайлардың қолында мүмкіндік мол. Осы саланы көптен бері зерттеп жүрген журналист Роман Масленниковтың сөзімен айтқанда, Қытай елі «көк қағаздың» кесірінен көктемнің күніндей қырық құбылатын долларлық нарыққа аса тәуелді емес. «Байқасаңыз, біздің тұтынушылар Қытай көліктеріне сеніммен қарай бастады. Өйткені, сырт көрінісі заман талабына сай келетін Қытай көліктерінің бағасы анау айтқандай қымбат емес. Оның себебі, олар долларға бағынышты емес. Сондықтан бағаны жиі көтере бермейді. Арзан әрі қолжетімді өнімге қай кезде де сұраныс жоғары болатыны белгілі» дейді ол. 
Нарықта неге сұраныс болса, соның көшірмесін шығаруға бейім Қытай, міне, бұл проблеманы да өздеріне оңтайлы шешіп алуға әрекеттеніп жатыр. АҚШ сияқты алпауыт елдердің Ресейге салған санкциясы Қазақстан сияқты тұтынушы елдерге кері әсерін тигізгенімен, өз өнімдерін сатуға асыққан өндіруші мемлекеттер үшін оңтайлы сәтті ұсынып отыр. 

Пікір қалдырыңыз