Адамдарды қорқытпау керек, сендіру қажет

Әрбір мемлекеттің дамуында тағдыршешті  кезеңдер болады. Ендігі алар асуларымыздың нақты қадамдарын Президент Қасым-Жомарт Тоқаев биылғы Жолдауында  жан-жақты айшықтап берді. 
 Тәуелсіздігіміздің 30 жылындағы табыстармен бірге уақтылы шешілмеген  әлеуметтік проблемалардың соңы халық наразылығына алып келді. Саясаттағы проблема дегеніміз – туындаған жағдайларды оңтайлы шешуге қоғамдық деңгейде келісімге келе алмау. Келіспеушіліктің себептеріне: саяси жүйенің тұйықталуы, экономиканың әлсізденуі, әлеуметтік мәселелердің ұзақ жылдар дұрыс реттелмеуі, халықтың саяси процестерден, саяси шешім қабылдаудан шеттетілуі, тағы басқалар жатады. Жыл басындағы «қаңтар қақтығысы» осының нақты дәлелі.  Бұл оқиғаға тарих өз бағасын беретіні анық. Дегенмен, тарихтың ашқан басты жаңалығы – тарихи процестердің қайталанатыны, бірақ адамдардың сол тарихтан сабақ алмайтындығы. Енді «қаңтар қақтығысының» бізге берер сабағын қазірден жүрекпен сезініп, ел басқаруда басты назарда ұстамасақ, оның зардабы бұдан да зор болатынын жоққа шығара алмаймыз.
 Адамзаттың бүкіл өмір сүру жолында биліктің адамгершілік, демократиялық сипаты жөнінде пікірталастар тоқтаған емес. Оның ішінде биліктің халықтың бақылауында болуы өте өзекті мәселе ретінде қарастырылады.  Бұл мәселелердің қатаң сақталмауының салдарынан билік вертикалына қарсы күштердің арта беретіні түсінікті.
Әрине, мемлекет мәжбүрлеуге негізделген билік монополиясын иемдене алады. Бірақ, мемлекет қарулы күштерге емес, халықтың қолдауына сүйенгені дұрыс. Адамдарды қорқытпау керек, сендіру қажет. Сонда билік пен халық арасында өзара сенім күшейеді. Жолдаудың негізгі мазмұны осы бағыттарды көздейді. Яғни саяси ұстанымдарымызды жаңғырту қажет. Президент «саяси жаңғыру болмаса, елімізді орнықты дамыту, ауқымды әлеуметтік-экономикалық өзгеріс жасау мүмкін емес» деп нақты айтты. 
Еліміздегі саяси  жаңғырту  адал әрі әділ «ойын ережесін» қалыптастыруды мақсат тұтады. Бұл айтуға оңай түсінік. «Әділдік  дегеніміз барлық жерде, бәрімізге ортақ құндылық па?» деген сұрақ адамзатпен бірге жасасып келе жатыр. 
  Мұның барлығы Президенттің, қоғам мүшелерінің талабына сай, ортақ шешім қабылдай алу жауапкершілігіне тіреледі. Яғни саясаттағы маңызды проблема  – конфликтіні басқара білуді шешуі тиіс. Жолдауда елімізде жинақталған проблемаларды  тұжырымдауға батыл қадам жасалынды. Бұл жерде тұжырымдау деп қоғамда қалыптасқан шиеленісті түсінудің идеясы және оның себебін  анықтау, алда тұрған қауіпті дөп болжай білуді айтамыз. Қордаланған проблеманың себебі анықталған жағдайда, оның оң шешімі болатын саяси процестерді анықтауға мүмкіндік туындайды. Сол саяси процестер мемлекеттік басқарудың шынайы демо-кратиялылығы, өкілді биліктің мықтылығына байланысты. Біз  тәуелсіз ел ретінде халықтың атынан басқару, халық үшін басқару кезеңдерінен өтіп, енді халықпен басқаруға көшудеміз.   
Қасым-Жомарт Кемелұлы өз Жолдауында «шын мәнінде, елімізде өкілді билік тармағы мықты болуы қажет» деді.  Президенттік өкілеттікті шектей отырып, өкілді билік құзіреті арттырылатын болады. Бұл мемлекетіміздің институционалдық тұғырын нығайтуға жол ашады.  Заң шығару құқығы тек Мәжілісте болуы, халықтың заң шығару процесіне қатысуын күшейтеді.
Жолдауда азаматтардың өкілді билікке деген сенімін нығайту үшін мәслихаттарға баса мән беру қажеттігі көрсетілді. Мәслихаттардың өңірдегі рөлін арттыруда Мәслихат төрағасы лауазымын енгізуді ұсынды. Бұл өз тарапынан мәслихат жұмысының үздіксіз, сабақтастықпен тиімді жүруіне мүмкіндікті арттырады.    
Облыс және республикалық маңызы бар қала әкімдеріне кем дегенде екі үміткерді баламалы түрде ұсынудың заңдық негізін жасауды ортаға салды. Бұл әкімді таңдауда жергілікті халық пікірінің ескерілуін жүзеге асырады. Сайлау үрдісіне  пропорционалды-мажоритарлы үлгісінің енгізілуі саяси аренада бәсекелестіктің дамуына жаңаша мүмкіндік беріп, жаңа саяси ойыншылардың аренаға шығуына  ыңғайлы болады. Тек сайлау кезінде әртүрлі рулық, жерлестік, ұлттық, т.б блогқа бірігіп, елдің ішкі тұтастығына кері әсер етпеуіміз қажет.
 Сайлау алдындағы уәделерін орындамағаны үшін кері қайтару процесі депутаттардың жауапкершілігін арттырады. Мұның барлығы қоғам ішінде саяси мәдениеттің  жаңғыруына  
бастайды. 
Мәслихаттарды мемлекеттік басқару жүйесінен өзін-өзі басқару жүйесіне ауыстыру демократиялық принциптер тарапынан оңтайлы ұсыныс. Онда мәслихаттардың әкімдердің құзіретімен қарама-қайшы келмеуін ойластыру қажет. Бұл мәслихаттардың екі жаққа жалтақтамауына және билікті орталықсыздандыруда өз нәтижесін береді деп сенеміз. Әйтпесе, жергілікті жерге тиімсіз орталықтың шешімдері көп қиыншылық тудырып келеді. Мұның арты жергілікті басқару жүйесінде енжарлық туғызады, әрекетсіздікке итермелейді. 
Сонымен қатар, облыстық мәслихаттардың Үкіметке кейбір өзекті мәселе жөнінде тікелей сауал жасау мүмкіндігі қарастырылуы  керек. Өкілді биліктің міндеті, халықтың сұранысы мен Үкіметтің мүмкіндігін барынша үйлестіру болып табылады. Сондықтан да «Күшті Президент – ықпалды Парламент – есеп беретін Үкімет» қағидатының жергілікті жерде де тегеурінді жұмыс істеуіне  ынталы боламыз. Осындай жағдайда жергілікті өкілді және атқарушы билік арасындағы қарым-қатынастың, ресми тұрғыдан тиімділігі артады. 
Өкілді билікке барынша  мемлекетшіл адамдардың келуі маңызды. Ақылды, парасатты ойлайтын, мемлекетшіл адамдар шындыққа жақын болады. Адамдарды алалап, жөнсіз сынап-мінейтін адамның бойында шыншылдық  көп дегенге психология ғылымы күмәнмен қарайды.
 Бүгінде әлемде геосаяси ойындар тоқтаусыз жүруде. Бұл ойында жеңіске жетуге әркімнің таласы бар. Біз соған қаншалықты шыдас береміз? Қайсысына ақылымыз бен айламыз жетеді? Дайындығымыз қаншалықты? Бұл сұрақтар бәрімізді толғандыруы тиіс. Сондықтан да тәуелсіздігімізді сақтап, ұлттық бірегейлігіміздің негізін нығайтып, елімізді жаңғырту жолында ұйысуымыз керек. Бас-басымызға би болып, елдің ығырын шығармайтын, өзара үйлесімді жұмыс қана жетістікке жетелейді. Ендеше, үлкен үмітпен басталған Жаңа Қазақстан жолындағы береке-бірлігіміз нығая берсін! 

Наурызбай БАЙҚАДАМОВ,
Қызылорда облыстық мәслихатының хатшысы.
Пікір қалдырыңыз