WorldSkills – бәсекеге қабілетті маман әзірлеуге мүмкіндік

Жасыратыны жоқ, бүгінде кәсіптік бағытта мамандарды даярлау формасы өндірістің қазіргі заманғы талаптарына сәйкес келмейді. Бүгінгі өндіріске біліктілігі халықаралық еңбек нарығының талаптарына сәйкес келетін мамандар қажет. Ондай бәсекеге қабілетті маман даярлау - техникалық және кәсіптік білім беретін оқу орындарының негізгі міндеті. Сондықтан кәсіптік-техникалық бағытта білім алушы студентке жаңа технологияларды меңгеру үшін көп оқуға, көп ізденуге тура келеді.


Еңбек нарығында сұранысқа ие, бәсекеге қабілетті маман даярлауда  WorldSkills қозғалысының үлесі зор. Біздің елімізде WorldSkills қозғалысы күннен-күнге күш алып келеді. Оның мақсаты әрбір елде, аймақтарда, жалпы бүкіл әлемде кәсіби шеберлік конкурстарын ұйымдастыру және жұмысшы мамандықтардың беделін арттыру, кәсіптік білім беруді дамыту болып табылады.

WorldSkills кәсіби конкурсы  студенттерге  өңірлік, ұлттық және халықаралық чемпионаттарға қатысуға, өзіне және жұмыс берушілерге өзінің кәсіби қызметке дайындығын дәлелдеуге, атап айтқанда жұмыс берушілерден жұмысқа шақырту алуға мүмкіндік береді. Ал,  оқытушылар мен сарапшылар үздік әлемдік тәжірибелерді зерделеуге, оқытудың жаңа әдістері мен технологияларын меңгеруге, кәсіптік стандарттарды қалыптастыруға қатысуға мүмкіндік алады. Колледждер үшін бұл конкурс білім беру бағдарламалары мен материалдық базаны жаңартуға,  жұмыс берушілерге – жоғары білікті кадрларды таңдауға, мемлекет үшін  WorldSkills стандарттары бойынша чемпионаттарға қатысатын мамандар мен оқушылардың дағдылар деңгейін өлшеуге және салыстыруға  мүмкіндіктер береді.

Кез келген байқау қатысушылар үшін сынақ болып табылады. Байқаудың өңірлік және республикалық кезеңдерін өткізу барысында шарттар ашық (жариялы), барлық жағдайлар бірдей, белгілі өлшемшарттар бойынша тәуелсіз сарапшылар тарапынан бағаланады.   Қатысушылар теориялық және психологиялық дайындықты және практикалық дағдыларды жетілдіруді қамтитын күрделі дайындықтан өтеді.

Чемпионаттарда қатысушы ғана емес, сонымен қатар білім беру мекемесі де бағаланатындықтан, қатысушының дайындығы педагогикалық кәсібилік пен шеберлік көрсеткіші болып табылады. Чемпионаттың өңірлік кезеңін ұйымдастырушы  болғандықтан, біз WorldSkills конкурстарына қатысудың нәтижелілігі мен студенттерді даярлаудың өзара байланысын анықтадық.  Олимпиадаларға, чемпионаттарға қатысудың нәтижелілігін анықтайтын маңызды фактор - дайындық жүйесі. Сондықтан арнайы дайындық жүйесінің кешенді бағдарламасы жасалып, студенттің білімін, шеберлігін ғана шыңдап қоймай, олардың мінез-құлқын психологиялық тұрғыда шыңдайды.   

WorldSkills стандарттары бойынша кәсіби шеберлік чемпионатына дайындық жасау шығармашылық процесс болып табылады. Дайындық кезінде педагогтар мен студенттердің қызметіне талдау жүргізіледі, білімдері, іскерліктері мен дағдыларын жүйеге келтіреді, іс-шараларды дайындап, кәсіби шеберлігін қалыптастырады.

Осыған дейінгі тәжірибені зерделей келе, өздеріңізге WorldSkills чемпионатының республикалық кезеңіне бәсекеге қабілетті қатысушыларды дайындау әдістемесін ұсынғымыз келеді. Бұл әдістеме чемпионат қатысушыларын іріктеу критерийлерін анықтауды, құзыреттіліктер бойынша WSК стандарттарын зерделеуді, WSК чемпионатына дайындық кезінде техникалық құжаттамамен жұмыс істеуді, оқытудың белсенді әдістерін пайдалануды, жұмыс нәтижелерін талдауды және қорытуды үйретеді.

Кәсіби шеберлік конкурстарына дайындық процесі барлық қатысушылардан көптеген жұмыстарды талап етеді және нәтижеге, шығармашылыққа, қатысушылардың жеке жауапкершілігіне, қиындықтарды жеңуге бағытталған. Бұл нәтижені арттырып, кәсіби тәуелсіздікке, өзін-өзі бақылауға тәрбиелейді, заманауи маманның имиджін қалыптастырады.

Дайындық процесі бірнеше кезеңге бөлінеді: іріктеу кезеңі, конкурстық тапсырмаларға дайындық кезеңі және  апробациялау кезеңі.

Іріктеу кезеңі. Мұны дайындық кезеңі ретінде сипаттауға болады, өйткені WorldSkills қозғалысының мақсаты, чемпионаттың ерекшеліктері таныстырылады. Студенттерді байқау тапсырмаларын орындауға, чемпионаттар мен демоэкзамендерге ерікті ретінде тартқан жөн.

Қатысушыларды таңдауға негіз болатын бірнеше параметрлерді бөліп көрсету керек.

Мотивация – бұл чемпионаттарға қатысуға, көп уақыт жұмсауға, эмоционалды, физикалық қиындықтарға қарамастан, кәсіби дамуға деген ұмтылыс.

Мамандықты игеру – таңдалған мамандықта дағдыларын жетілдіру перспективасы.

Оқу қабілеті – маңызды параметрлердің бірі. Өйткені ол тыңдау қабілетін және сындарлы сынға, өзін-өзі сыни тұрғыда бағалауды қамтиды. Әрбір қатысушы кәсіби салада салауатты амбицияларға, басымдықтарды белгілеуге қабілетті болуы керек.

Психологиялық тұрақтылық – байқау барысында тапсырмаларды орындау барысында жұмыс сапасын сақтау мүмкіндігі.

Осы параметрлерге сүйене отырып, бірнеше кандидатты таңдап, олармен келесі кезеңдерде жұмысты жалғастыру қажет.

Конкурстық тапсырмаларға дайындық кезеңі.  Құжаттармен жұмыс: WSS стандарттарымен және техникалық құжаттамамен танысу. Осы кезеңде техникалық құжаттаманы қарастыру қажет.

Техникалық сипаттама. Мұнда технологиялар мен дағдылардың "шеңбері", біліктілігі мен жұмыс көлемі, құзыреттілікті басқару және коммуникация, қауіпсіздік техникасының салалық талаптары көрсетіледі.

Конкурстық тапсырма. Мұнда қатысушының бөлінген уақыт ішінде орындауы тиіс нақты міндеттері, сондай-ақ бағалауға әсер ететін шарттар толық сипатталады; конкурстық тапсырманы орындауға 15-тен 22 сағатқа дейін бөлінеді. Байқау тапсырмасы модульдерге бөлінген. Модульдердің әрқайсысының өз салмағы бар.

Бағалау критерийлері. Бағалау критерийлері аспектілерден тұрады. Әр аспектінің өз салмағы бар.

Инфрақұрылымдық парақ.   Инфрақұрылымдық парақта барлық жабдықтардың, құрал-саймандардың және шығыс материалдарының тізбесі көрсетіледі.

Этика кодексі. WorldSkills мінез-құлық нормалары мен этикалық стандарттарын белгілейді, оларды жарыстарға қатысу шеңберінде, оларға дайындық кезеңінде және жарыстар өткізілгеннен кейін шешімдер қабылдау кезінде басшылыққа алу керек.

Апробация кезеңі. Апробация кезеңі кандидаттарды оқытуға бағытталған, ол қатысушылардың дағдылары мен қабілеттерін талдауды, жаттығу іс-шараларын өткізуді, нәтижелерді бақылауды қамтиды. Осы іс-шаралардың қорытындысы бойынша бақылау жүзеге асырылады, ол алдағы чемпионатқа қатысу үшін бір кандидатты таңдауға мүмкіндік береді. Бақылау WorldSkills чемпионатының стандарттары бойынша барлық модульдер немесе қысқартылған нұсқада іріктеу турын өткізу түрінде жүзеге асырылуы мүмкін. Таңдалған қатысушыны одан әрі даярлау үшін жеке жаттығулар кестесі жасалады. Ол теориялық деңгейді арттыруға, практикалық дағдыларды дамытуға, қатысушының физикалық және эмоционалды жағдайын нығайтуға бағытталған, сонымен қатар жұмыс нәтижелерін жүйелі түрде есепке алу, талдау және жалпылау жүзеге асырылады.

Студентті чемпионатқа дайындау спортшының Олимпиада ойындарына дайындығына ұқсас күнделікті, көп сағаттық практикалық тапсырмаларды орындауды қажет етеді. Оқытушы – тәлімгер (эксперт-компатриот) мамандықтың кәсіби құзыреттілігі талаптарының және  Worldskills стандарттар  негізінде облыстық чемпионатқа қатысушының жеке дайындық бағдарламасын әзірлейді, оған мыналар кіреді:

- біліктілікке қойылатын талаптар;

 - дайындық бағытының жоспары;

 - күнтізбелік-тақырыптық жоспар;

 -конкурстық тапсырмаларды орындау үшін қажетті жабдықтардың, көрнекі материалдардың  тізбесі.

Жеке дайындық бағдарламасы бойынша білім алушы қосымша ақпарат көздері – интернет-ресурстар, консультациялар, жеке практикалық тапсырмалар, арнайы оқу және өндірістік практика арқылы қажетті білім алуға және құзыреттілік бойынша жақсы нәтиже көрсетуге мүмкіндік береді.

Дайындықты сапалы жүргізу үшін колледж өзінің бірлескен жұмыспен айналысуға дайын жұмыс берушілер мен әлеуметтік серіктестерін айқындауы қажет. Жұмыс берушінің базасында арнайы дайындықтан өткен қатысушылар чемпионаттарда жоғары нәтижелер көрсетіп, жеңіске жеткен статистикасы байқалады. Сондықтан әлеуметтік серіктестер өкілдерінің қатысуымен белгілі бір тақырыптар бойынша шеберлік сыныптарын өткізу әдістерін қолдану керек.

Бұл дайындық жүйесі WorldSkills стандарттары бойынша чемпионаттарға қатысуға ең лайықты үміткерлерді таңдауға мүмкіндік береді. Чемпионатқа дайындық сауатты тәсілді, көптеген қыр-сырларды білуді талап етеді. Бұл, шын мәнінде, конкурсант алатын білімнің тұтас кешені. Нәтижесінде біз өзгеріп жатқан еңбек жағдайларына тез бейімделе алатын бәсекеге қабілетті маман даярлаймыз.

 

Жанар ДҮЙСЕБАЕВА,

Түркістан облысы «Білім беруді дамыту орталығының» техникалық және кәсіптік білім кафедрасының әдіскері.

Пікір қалдырыңыз