Сенген өкіметі сергелдеңге салған

Менің нағашы жұртым Ұлы жүз Дулат ішіндегі шегір руы. Өсіп-өнген жері – Қазығұрт тауының бауырындағы Атбұлақ ауылы. Естемес, Мәнеке сынды заманында би-болыс болған, ағайынына  сыйлы жандардан тараған үлкен әулет. Анамның төркіні Мәнекеден тарайды. Анам қайтыс боларынан аз уақыт бұрын әкесі Садық туралы біраз естелік айтып кетті. Сол кезде өз аузынан жазып алған жазбаларым ескі заманның біраз шындығынан сыр шертеді. 
«Жәкем (анам әкесін жәкем деуші еді) 1901 жылы туған. Араб, парсы, орыс тілін – үш тіл білетін. Өте зерек, жан-жақтың бәрін болжап, зерделеп отыратын білімді жан еді. Өзі өте таза жүретін, үстіне кіршік жуытпайтын кісі болатын. Басына бөрік, үстіне қалың қара сукна матадан шапан киетін. Еңбекқор адам еді. Қызанақ, сәбіз, қияр, жүгері, асқабақ, қауын егетін. Апамды қатты сыйлайтын. «Осы шешелеріңнің шекесінен шертіп көрмеппін» деп отырушы еді».  
Нағашым жайында өз әкем Батырдың да айтқан біраз естеліктері бар. «Кәмпескіге қатыстым. Бір байдың үйінен 300 жылқыға істетілген деп жазылған алтын самаурын, енді бірінен алтын күбі, алтын ер-тоқымдар шықты. Жылқы, түйеде есеп жоқ. Бірде кештетіп тобымызбен өзі бай, өзі жесір қатынның үйіне түстік. Бай қатын жалпылдап, алдымыздан шықты. «Таңертең малымды өзім санап беремін. Бүгін демалыңыздар» деп лыпылдап жүрді. Ертеңіне ұйқымыздан оянсақ, қаруланған 60 солдат келіп тұр. Жаңағы қатынның қытаймен байланысы бар екен. Тырп етсеңдер, атамыз деді. Сөйтіп, сексен түйеге жүгін артып, малын айдап кетті. Жүрер алдында әйел бізге  қарап тұрып: әттең, қазақтың балдарысыңдар, әйтпесе атып тастаса да болар еді, – деді де кете берді».
Әкем Батырдың айтуынша, нағашым Елтай Ерназаров үлкен қызметке сайланатын жиналысқа да қатысқан. Оны да нағашымның өз аузынан естіген. «Ол кісі тосыннан сайланып шықты. Сонда Елтай Ерназаров «бір апта бұрын түсімде бабам келіп: «қолыңды әкел» деп, жұлдызға апарып, отырғызып қойды.  Содан шошып оянып, жеті күн болды, әлі тамақ ішпедім. Осыған көрінген екен ғой» деген екен. Нағашым тағы бір естелігінде: «Алматыда оқып жүргенде екі рет Елтайдан ақша алдым. Кіргенде ақшаны уыстап бере салатын. Санамайтын. Санай алмай ма, қайдам?» деп отырады екен. 
Садық атам Алматыда бір курста оқыған. Шамасы ол кісі Алматыда Елтай Ерназаров қызметте тұрған кезде оқыған сияқты. Елтай Ерназаров Қаз ОАК председателі болып 1927-1935 жылдар аралығында істеген. Садық нағашымның  Е.Ерназаровпен әжептеуір жақындық қатынасы болған. Бәлкім, Садық нағашы кәмпескелеу науқанына уәкіл болып, сол Елтайдың арқасында қатысса керек. Ал, 1928 жылы басталған кәмпескелеу науқанына Е.Ерназаров төрағалық еткен. 
Арада алпыс жыл өткенде Садық нағашымның тағы бір дерегі шықты. Өздеріңіз білетіндей, президент Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың  Жарлығымен саяси қуғын-сүргін құрбандарын толық ақтау жөніндегі комиссия құрылды. Комиссия жұмысы – кеңестік дәуірде 30-40-50 жылдары жасалған зұлымдықтарды аршып, ашу. Ол үшін жабық қорлармен жұмыс істеу мүмкіндігі туды. Мен осы комиссияның өңірлік тобының құрамына кірген едім. Жұмыстың әлқиссасын нағашым Амангелдиев Садық туралы мәлімет іздеуден бастадым. Архив қызметкерлері Амангелдиев Садыққа қатысты істі оңай тауып берді. 
Садық нағашымның ісі қаралған «дело» мұқабасы мынадай:
ОБЪЕДИНЕННОЕ ГОСУДАРСТВЕННОЕ ПОЛИТИЧЕСКОЕ УПРАВЛЕНИЕ
Дело №09
По обвинению гр. Наурузбаева Дигарбека, Султанова Баяна, Бельходжаева Жамалбека и Амангельдиева Садыка
Пост. ст. 58-7, 58-11 и закон. правит. от 7.8.32 г.
Начато 20 января 1933 г.
Окончено 16 марта 1933 г.
На листах сто девять
Архивн. №8313
Енді нақты мәліметтер келтірілген жауап алу хаттамасын келтірейік:
Южно-Казахстанский Областной Отдел ОГПУ
Гор. Чимкент
к делу №
Протокол допроса
1933 г. января мес. 23 дня, я опер уполномоченный Южно-Казахстанского Областного Отдела ОГПУ Гиричев допрашивал в качестве обвиняемого граждан на Амангельдиева и на первоначально предложенные вопросы он показал:
1. Фамилия Амангельдиев
2. Имя, отчество Садык
3. Возраст (год рождения) 1902 г. 
4. Происхождение (откуда родом, кто родители, национальность, гражданство или подданство) Ленгерский р-н, аул №21, казак, СССР
5. Местожительство (постоянное и последнее) совхоз овцевод №17 кладовщик
6. Род занятий (последнее место службы и должность) кладовщик совхоза №17
7. Семейное положение (близкие род-
ственники, их имена, фамилия, адрес, род занятий до революции и последнее время женат, на иждевении два человека, родители до революции бедняки, в данное время отец и мать умерли. После революции бедняки.
8. Имущественное положение (до и после революции допрашиваемого и его родственники) батрак до революции и после.
9. Образовательный ценз (первоначальн. образование, средняя школа, высшая, специальн., где когда и.т.д.) нисшее
10. Партийность и политическое убеждение б/ партиный
11. Сведения об общественной и революционной работе с 1924 года в сов. учреждениях
12. Сведения о прошлой судимости (до Октябрской революции и после нее) под следствием был за халатное отношение от 119 ст. Ук. был освобожден
13. Служба у белых не служил
14. Категория войнского учета: запаса, начсостава, высший, старший, средний, младший, рядовой  переменный и одногодичный. не состою
Показания по существу дела: выпиский с мойх слов верно. Мне прочитано и переведено на казахском языке в чем расписиваюсь: (қолы)
допросил (қолы)    
Анамыз бізге бұрыннан әкесінің істі болып, сотталғаны туралы айтып, отыратын. Бірақ, қашан, не үшін һәм қанша жылға сотталғаны бізге белгісіз еді. Ел аузындағы әңгіме бойынша «Садық Жаңабазар деген жерде сельсоветте жұмыс істеген. Сельсовет екі қабаттан тұратын ғимарат құсайды. Садық соның екінші, сельсоветтің бастығы бірінші қабатында отырады екен. Бір күні ауданнан уәкіл келеді. Уәкіл екінші қабатқа көтеріліп, онда отырған Садықтан «бастық қайда?» деп сұрайды ғой. Садық оған «бастық менің астымда» деп жауап береді. Садық осы бір ауыз сөзі үшін сотталған». «Допрос» қағазында  12-інші пунктте «бұрын сотталғаны туралы мәлімет» келтіріледі. Осы жерде Садық атамның бұдан бұрын қызметіне қатысты бір рет істі болғаны жазылған. Онда қылмыстық кодекстің 119-статьясы бойынша тергеуде болып, босатылғаны туралы айтылады. Нағашымның Жаңабазарда сельсоветте жүргенде «сотталғаны» туралы әңгіме осыдан шықса керек. Бір сөз үшін тергеуге алынған, бірақ ол жолы босатылған. 
«Делодағы» мәліметтер бойынша Садық «Овцевод» деген кеңшарда қоймашы болып істеп жүрген жерінде, кеңшар мүлкін талан-таражға салғаны үшін сотталған. «Делода» нағашымның тұрғылықты жерін №17-«Овцевод» совхозы дейді. Бұл сол баяғы «Күйік» кеңшарының (асыл тұқымды қой зауытының) құрылып жатқан кезі болса керек. Кеңшарда қоймашы боп Садық атам бар-жоғы бес ай істеген. 6.07.1932 ж. – 20.01.1933ж. аралығында. 20 қаңтарда қамауға алынған.
 Садық атамның ісі төрт адаммен бірге қаралған. Олар: Наурызбаев Дигарбек, 
Сұлтанов Баян, Бельходжаев Жамалбек һәм  Амангелдиев Садық. Төртеуі де бір №17  «Овцевод» кеңшарында жұмыс істеген. Д.Наурызбаев – қойшы (чабан), 
Ж.Бельходжаев – совхоз секретары, Б.Султанов – аға жұмысшы (зав. столовой), 
С.Амангелдиев – қоймашы. Төртеуі бірауызды, топ болған деп қаралады іс қағазында. Тағылған негізгі айып: «совхоз мүлкін талан-тараж қылған». Амангелдиев Садықтың айыбы: қоймадағы 2350 кг. бидай, 1638 кг. арпа, 359 кг. кунак, 198 кг. ет, 10,9 кг. қой майын талан-таражға салған. Бұл цифрлар тағы әр жерде әртүрлі боп өзгеріп отырады. Бірақ, айыбын мойындамайды. Өйткені, қоймадан бұл заттарды зав. ферма Омарбек Жүнісбековтің «запискасы» бойынша босатқанын айтады.  Бұл оқиғалар егер рас болғанның өзінде 2,5 милион қазақтың түбіне жеткен ашаршылық кезінде болып жатқанын ескеру керек. Бұл совхозда болып жатқан талан-тараж тергеу органдары айтып жатқандай қара бастың қамы үшін емес, аш құрсақ адамдарды аман алып қалу үшін жасалған болуы да әбден мүмкін.
Төртеуінің ісі бірдей қаралып, бір үкім шыққан. Үкім шығарушы ОГПУ жанындағы атақты –  «Тройка» (Үштік). Үкімнің шыққан күні: 19 сәуір, 1933 жыл. Үштік отырысының хаттамасында: «заключить в концлагерь, сроком на десять лет, считая срок всем с 30/1-33г.» деген. Төртеуіне бір мерзім. Артық-кемі жоқ. Артынан төртеуі де Карлагқа жіберілсін деген бір жапырақ анықтама тұр. 
Істе куәгер ретінде жауап берген біраз адамдардың аттары аталады. Олардың арасынан таныған кісіміз – Аримвеков Сахы. «Овцевод» совхозында қойшы болған. 
Бұл – Арынбекұлы Сақы. Қазығұрт өңіріне белгілі ақын. Бұл кісі туралы белгілі өлкетанушы ғалым Бәкіртай Батырұлы өзінің «Төлеш ақын» кітабында арнайы тоқталып, шығармашылық өміріне талдау жасаған. Сақы осы іс бойынша куә ретінде жауап берген. Көп кешікпей өзі де 1934 жылы сотталып кеткен. Воркута деген жерде жазасын өтеп, елге 1945 жылы оралған. 
Тағы бірі – Есенқұлов Жорабек. Тергеу қағазында «Брат Сыдыка Есенкулова» деп айтылады. Есенқұлдың бір баласы Тәжібай ояз болған. Ол – атақты ғалым, академик Патшайым Тәжібаеваның  әкесі. Байдабеков Нүрсейт деген тағы бір адамды шырамытқандай болдық.
Садық нағашым Советке сенген, сеніп қана қоймай, оның әжептеуір атқамінеріне айналған. Атқамінерлігінің шоқтықты бір тұсы – кәмпеске науқанына қатысқаны. Кәмпеске – қазақ халқына жасалған зор қастандық. Өкінішке қарай, жас атқамінер Садық оны ол кезде түсінген жоқ. Бәлкім, «халыққа жақсылығы бар бір жаңа іс шығар» деп ойлаған болар. Әйтсе де, «Овцевод» совхозында қамауға алынып, Владивосток шаһарына айдалғаны «тағдырдың керемет сыйы» болғанға ұқсайды. Осы тар қапаста жүріп кеңес империясы деген алып бәйтеректің түбі шірік тамырсыз тал екенін түсінген. Советтер құрған қоғамның жәй ғана декорация екенін ұғынған. Анам: «Жәкем: «Құдайды жоқ деген өкімет ұзаққа бармайды. Сәвет ұзақ тұрмайды. Мен оған сенбеймін. Советтің айтқанының бәрі өтірік. Ішінде бір шын сөзі жоқ. Бұл өкіметтің ақибеті болмайды» деп айтатын» дейді. Садық атамның советтік дәуірдегі кейінгі өмірі елеусіз ғана өтті. Сонша сауатты бола отырып, қызмет атаулыдан шеттетілген, ол әртүрлі, ілінген жұмыстың басын шалып, күн көрді. 

Ақжол ҚАЛШАБЕК, 
саяси қуғын-сүргін құрбандарын толық ақтау жөніндегі мемлекеттік комиссияның жұмысшы топ мүшесі.
Пікір қалдырыңыз