Ақбура әулие намазын Меккеге барып оқыған

Киелі Қазығұрт тауының етегін әулие әмбиелер жайлап жатыр десе де болады. Солардың ішінде Ақбура әулиенің кесенесі ерекше назар аудартады. Ақбура бабамыз ХІІ ғасырда, Қожа Ахмет Ясауидің заманында өмір сүрген. Әулиеледің сұлтанының ең үздік шәкірттерінің бірі болған екен. Азан шақырып қойған есімі – Ақберген. 

Ақбура әулие үнемі зікір салып, аузынан ақ көбігі ағып жүретін болыпты. Оның киелілігі сол, таң намазының 2 рәкәтін бұлақтың басында, ал, қалған екі рәкәтін Түркістанға барып, жамағатпен бірге оқыған деседі. Ал, жұма күні Меккеде сәжде ететін болыпты. 
Ел арасында оның бурасының құстай ұшатыны жайлы аңыз-әңгімелер аз емес. Ақ бурасының үстінен түспейтін болғандықтан, жұрт оны «Ақбура» деп атап кеткен.  
Ақбура әулие мекендеген жердің өзі, яғни қасиетті Нұқ Пайғамбардың кемесі қалған Қазығұрт тауы ежелден киелі саналады. Бүгінде мұнда мемлекетіміздің түкпір-түкпірінен ниет етіп келушілер Ақбура әулие кесенесінің жанындағы бұлақтан су ішіп, өздерімен бірге алып та кетеді. Шырақшының айтуынша, Ақбура әулие дүниеден өткенде оның бурасының көзінен жас көл болып ағып, орнынан тұрмай тасқа айналған. Сол тастың қуысынан ағып жатқан бұлақ, ақ бураның иесін жоқтаған көз жасы деседі.
Ақбура бабамыздың қасиеттері жетерлік. Елде табиғат апаты секілді тосын жәйттер болатын кезде ол ақбура болып боздап белгі береді. Болашақты болжай алады. Мұнда жеті шырақ жағу дәстүрі бар. Қажылар жеті шырақ жағып, намаз оқыған көрінеді. 
Бүгінде кесенеге зиярат етушілердің қарасы қалың. Шырақшылар олардың ішінде, әсіресе, сал ауруынан жазылғандардың көп кездесетіні жайлы әңгімелейді. Бала сүюді аңсап жүрген әйелдердің де мұнда жиі келетіні байқалады. Егер науқас Ақбура әулиені түсінде көрсе, бұл оның ауруынан тез сауығып кетуінің белгісі екен. 
Ақбура әулие рухына арналып тұрғызылған кесене 1991 жылы  Өзбекстанның Шайхантәуір деген жердегі Төлеби бабамыздың кесенесінің үлгісінде салынған. 2011 жылы қайта жөндеуден өткізіліпті. 

А.Даниярқызы, 
Л.Гумилев атындағы Еуразия Ұлттық университетінің студенті.

Пікір қалдырыңыз