Әзиза аммиактың пайдасын әлемге дәлелдеп жүр

Әзиза Қыдырәлиева – М.Әуезов атындағы ОҚУ-дың оқытушысы. Ол өзі де осы оқу орнында «Бейорганикалық заттардың химиялық технологиясы» мамандығында білім алған. Ғылым жолына бет бұрып, магистратураны, докторантураны бітірген. Қызығы сол, кейіпкеріміздің ғылымға алып келген жаңалығы Ақтау қаласындағы «ҚазАзот» компаниясының қызметкерлерін таңқалдырған екен. Бұл туралы Әзиза Досымбекқызының өзі былай дейді: 
– Мен негізінен докторантураға түсіп, ғылыммен түбегейлі айналысамын деп ойламадым. Бұл туралы ұсынысты маған Үйлесбек Бестереков жасады. Ұстазым елімізде бұрын-соңды зерттелмеген тақырыпты берді. Ол «Аммиак селитрасы технологиясын оның физика-химиялық және агрохимиялық сипаттамаларын жақсарту мақсатында жетілдіру» деп аталды. Өйткені, Ақтаудағы «ҚазАзот» компаниясының бас директоры менің жетекшімнен осы тақырып бойынша зерттеу жүргізуін сұраған екен. 
Қазір көптеген елдер аммиактан бас тартуда. Атап айтар болсақ, Қытай, Индонезия, Түркия, Колумбия, Австралия, Перу, Ирландия, Германия, Филиппин, Алжир сияқты мемлекеттерде аммиак селитрасын тасымалдауға және пайдалануға тыйым салынған. Өйткені, аммиак селитрасы сақталынатын қоймаларда, теңіз порттарында жарылыстар жиі орын алды. Бұл белгілі бір дәрежеде әлемнің көптеген елдерінде аммиак селитрасын өндіру, импорттау және экспорттау көлеміне кері әсерін тигізді. 
Менің міндетім аммиактың физикалық және химиялық қасиеттерін сақтай отырып, оның жарылуын және тұтанғыштығын болдырмаудың жолдарын қарастыру, – дейді жас ғалым. 
Әзиза Қыдырәлиева бұл тақырыпты үш жыл зерттеген. Осы уақыт аралығында ол Беларусь еліндегі ғалымдардан дәріс алған. Оның екінші жетекшісі мәскеулік ғалым, техника ғылымдарының докторы, марқұм Игорь Петропавловский болды. Кейіпкеріміз онымен де жиі жолығып, бірлесіп тәжірибе жүргізгенін айтады.   
– Мәскеуде тәжірибе жүргізуге арналған құрылғылардың барлық түрі бар. Және олар заманауи. Мен солардың көмегімен ғылыми еңбегіме қажетті зерттеулерді жүргіздім. Мәселен, Шилісай және Көкжон фосфорит ұнының қасиеттерін жақсарта түсу үшін керекті жаңа тыңайтқыштарды зерттедім. 
Жаз мезгілінде Ақтауға барып, «ҚазАзот» компаниясында тәжірибелік сынақтар өткіздім. Соның негізінде алынған нәтижелерді өндіріске енгізу туралы хаттама дайындалды, – дейді кейіпкеріміз. 
Елдегі эпидемиологиялық ахуалға байланысты Әзиза Қыдырәлиева  ғылыми еңбегін жоспарлаған уақытта қорғай алмады. Дегенмен, ол аталмыш оқу орнында зерттеу жұмысын 2020 жылдың желтоқсан айында қорғады. Содан кейін жас ғалымның диссертациясы министрлікке жіберіліп, онда 3 ай бойы қаралды. Нәтижесінде, Әзиза Досымбекқызы 2021 жылы 6 сәуірінде ҚР Білім және ғылым министрлігі комитетінің мақұлдауын алды.
– Қазір студенттер химия пәнінен көп нәрсені біле бермейді. Меніңше, мектептерде химия пәнінен түрлі тәжірибелер жүргізетін зертханалардың санын көбейту керек. Сонда оқушылардың кітаптан оқыған дүниелерді іс жүзінде тәжірибеден өткізіп көруге деген қызығушылығын арттыра аламыз. Бұл елімізде болашақта білікті мамандардың қатарын көбейтуге де септігін тигізер еді деп ойлаймын, – дейді жас ғалым.

Аида ИМАНӘЛІ,
Л. Гумилев атындағы Еуразия Ұлттық университетінің студенті.
Пікір қалдырыңыз