Ұлбосын апайдай маман таппайсыз

Шымкенттегі политехникалық колледжі ұжымы газетті жақсы оқитын оқу орындарының бірі. Мұнда газетке шыққан материалдарға байланысты түрлі іс-шаралар жиі өтіп тұратындықтан  аталмыш оқу орнына жиі бас сұғамыз. Іс-шараларына қатысып, оны басылым бетінде жариялаймыз. Сондай күндердің бірінде кітапханаға барар дәліздегі  «Оқуға құштар мектеп», «Мобильді кітапхана», «Үздік оқырман» тақталарына және «Өзің оқы – досыңа сыйла» буккроссинг бұрышына көзіміз түсті. Анығырақ айтсам, «Үздік оқырман» деген тақтадағы жас шамасы елуден асқан әйел адамға. Оның суретінің астына «Гүлнәр Кемелова» деп жазып қойыпты. Әңгімелесіп қатар келе жатқан кітапханашы Ұлбосын Рахымбердіқызынан: 
– Бұл кісі кім, апай? Неге студенттермен қатар тұр? – деп сұрадық. 
– Колледжде еден жуушы болып жұмыс істейді. 
– Бұл кісі де кітап оқығанды жақсы көреді ме? 
– Әрине. Сондықтан да мен оның суретін осы тақтаға іліп қойдым. Кітапханада оқытушы да, студент те, техникалық қызметкерлер де, бәрі-бәрі  оқырман болып саналады. 
2021 жылы елімізде Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасына сәйкес «Оқуға құштар мектеп» жобасы қолға алынған болатын. Жоба аясында колледжімізде көптеген іс-шаралар ұйымдастырылды. Кітап оқып, кітапханада өткізілген жиындарға белсене қатысып, көзге түскен оқырмандар «Үздік оқырман» қатарына енгізіліп, суреттері осы тақтаға ілінеді, – деді. 
Біз жоғары және арнаулы оқу орындарына, мектептерге көп барамыз. Кітапханашылардың бүгінгі буынның бетін кітапқа бұру мақсатында өткізетін іс-шараларына қатысамыз. Олардың кітап оқу мәдениетін қалыптастыру жайында айтылатын әңгімелерін тыңдаймыз. Дегенмен, Ұлбосын Рахымбердіқызындай оқырманына адал қызмет көрсететін кітапханашыны алғаш көруіміз. Ұлбосын Рахымбердіқызының осы бір ғана ісінен-ақ біз оның жұмысына қызыға бастадық. Әңгімеге тарттық.
– Әр оқу жылының басында жаңадан оқуға түскен бірінші курс студенттерін шақырып, кездесу өткіземіз. Олар кітапханамен және өздерінің мамандықтарына қажетті кітаптармен танысады. Біздің оқу орнымыз техникалық бағытта болғандықтан, кітапханамыздағы кітаптардың басым бөлігі осы салаларға қатысты болып келеді. Сондықтан қаладағы жасөспірімдер кітапханасымен келісімшартқа отырып, соның негізінде түзілген «Сен келмесең маған, мен келемін саған» жобасы аясында кітапханаға көркем әдебиеттер алдырамыз, -- дейді кейіпкеріміз. 
Ұлбосын Рахымбердіқызы өз оқырмандарын қаладағы кітапханаларда өткізілетін іс-шараларға, сайыстарға да жиі қатыстырып отыратынын жеткізді. Колледж студенттерінің жүлделі орындарға ие болып, Алғыс хаттармен марапатталғанын мақтаныш етті. Солардың арасында Игіжамал Құрбан мен Жансерік Мырзахметовтің Абай қалалық кітапханасында Қасым Аманжоловтың 110 жылдығына орай ұйымдастырылған «Теңіздей тебіренген дауыл күй» атты поэзия кешінде өлең оқып, Алғыс хат алғанын ерекше атап өтті. 
Кітапханадағы «Мобильді кітапхана» тақтасында кітаптардың суретіне QR-код енгізіліпті. 
– Бұл QR-код студенттерге ұялы телефондарына кітаптардың электронды нұсқасын жүктеуге мүмкіндік береді. Бірақ, біздің оқырмандар «Апай, кітаптың бетін парақтап отырып оқығанға ештеңе жетпейді» дейді. Студенттерден кітапты қабылдағанымда «Бұл кітаптан қандай әсер алдың?» деп сұраймыз. Сосын олардың қайтарған жауаптарына қарай «енді, сен мынаны оқып көрші. Бұл одан да қызық» деп келесі бір кітапты ұсынамыз.
Кітапханашы болғандықтан біз студенттерге баға қоя алмаймыз. Алайда, олардың кітап оқуға деген сүйіспеншілігінің зор екенін ата-анасына алғыс айту арқылы білдіремін, – дейді Ұлбосын Рахымбердіқызы.
Қарап отырсаңыз, бұл да кез келген кітапханашы қолдана бермейтін тәсіл. Елімізде наурыздың бірі «Алғыс айту» күні деп белгілеген. Ұлбосын Рахымбердіқызы осы сәтті орайлы пайдаланып, оқырмандарының ата-аналарына қоңырау шалып, алғысын білдіруді әдетке айналдырған екен. Реті келгенде сондай бірді-екілі оқиғаны баяндауды жөн көрдік. 
– Дина деген оқуға құштар қыз Бәйдібек ауданына қарасты ауылдардың бірінде тұрады. «Алғыс айту» күні жақындағанда іздеп едім, ауылына кетіп қалыпты. Содан кураторына жолығып, ата-анасының телефон нөмірлерін сұрап алдым. Сөйттім де мереке күні Динаның анасына қоңырау шалдым. «Сәлеметсіз бе, апай? Халіңіз жақсы ма? Мен Динаның оқу орнынан хабарласып тұрған едім. Колледждің кітапханашысы боламын» дедім. «Оқу орнынан» деген соң Динаның анасы шошып кетті-ау шамасы. «Әй, айналайын, мен оның анасы боламын. Тыныштық па?» деді. «Тыныштық, апай, тыныштық. Біз сізге Динадай кітап оқуға әуес қыз тәрбиелеп өсіргеніңіз үшін алғыс айтайын деп едік» дедім. Тұтқаның арғы жағында тұрған ана қуанғаннан тілі күрмеліп сөйлей алмай, не айтып, не қойғанын білмей қалды. Үнсіз қалды. Бір кезде тұтығып, «рахмет, рахмет!» дегенді әрең айтып, тұтқаны қойды. Сенесіз бе, сол ананың білінер-білінбес жылаған даусы әлі күнге дейін құлағымда тұр. Ертеңіне Дина колледжге келгенде, маған анасының алғысын жеткізді. Сұрап едім, қаншама жылдан бері қант диабетіне шалдығып, төсек тартып жатып қалған анасы осы оқиғадан кейін басын көтеріп, орнынан тұрыпты. Тіпті, дастарқанға келіп отырып, отбасы мүшелерімен бірге шәй ішіпті деді Ұлбосын Рахымбердіқызы. 
Қазір колледжде оқытушы болып жұмыс істейтін Арай Полатбекова да кітапхананың тұрақты оқырманы, осы оқу орнының түлегі. Біз Ұлбосын  Рахымбердіқызынан оның атқарған жұмыстары жайлы сұхбат алып жатқанымызда, Арай кітапхананың оқу залында дәрісіне дайындалып отырған. Әңгімемізді тындаған болуы керек, қасымызға келіп Ұлбосын Рахымбердіқызы жайлы былай деді:
– Бұл кітапханашы кезінде менің ата-анамның да зәресін ұшырған. Үйге қоңырау шалып: «колледжден хабарласып тұрмыз» дегенде, әкем мен анам «қызымыз не бүлдірді?» дегендей бір-біріне шоши қарап қалған  ғой.
Бәрін басынан айтайыншы. Анамның аяғына ота жасатып, ауруханадан шыққан беті еді. «Колледжден» дегенді естігенде қорқып кетіпті. Сөйтсе, тұтқаның арғы жағындағы адам «Сіздерге рахмет айтайын деп едім, осындай білімге құштар қыз тәрбиелепсіздер. Алғысымыз шексіз» деп тұр дейді. Анамның қайғы тартып қиналғанында көңілін бір демдеген Ұлбосын апайыма дән ризамын. 
Өзім жетекшілік ететін тобымның ата-аналарының да кітапхана қызметкерлеріне айтар алғытары шексіз. Іс-шараларға қатысып, белсенді болып, кітап оқып жүрген студенттерімнің суреттерін олардың ата-аналарына жіберіп отырамын. «Анау біздің Нұрлыбегіміз бе? Ол өмірі кітап оқымайтын еді ғой. Рахмет, Сіздерге» деп жатады. Ал, енді бір ата-анам: «Мен ұлыма сабағыңа дайындал десем, «алдымен мына кітапты бітірейін, сосын оқимын. Кітап оқудан жарысқа қатысып жатыр едім» деді. Рахмет, Сіздерге, бүгінгі жастарға барлық қазынаның ғаламторда емес, кітапта екенін ұқтырып жатырсыздар» дейді. Мұның бәрі осы кітапханашылардың еңбегі. 
Айта кетейік, колледж кітапханасында екі кітапханашы жұмыс істейді. Ұлбосын Рахымбердіқызымен тілдескенімізде, ол: «Менің бір өзімнің қолымнан ештеңе келмейді.  Рас қой. Жалғыз адам ештеңе жасай алмайды» деді. Сондықтан, біз жоғарыда тілге тиек еткен шаралардың барлығында Бибігүл Мелсқызының да үлесі орасан зор екенін айтқымыз келеді. Ол да колледжде оқитын студенттердің ата-аналарының алғысын арқалаған жанның бірі. 
«Кім қандай кітап сұраса, соны тауып беріп отыратын кітапханашының жұмысы қандай рахат» деп тамсанып отыратын кез өтті. Кетті. Сондықтан бүгінгі кітапханашылар жастардың кітап оқуға деген қызығушылығын арттыратын сан түрлі әдіс-тәсілдерді өздері іздеп табуы керек. Оған біздің Ұлбосын Рахымбердіқызының жұмысы дәлел.

Дилара БИМЕНОВА.

Пікір қалдырыңыз