Каналдар мен арық-атыздар аршылуда

Барлық жерлердегі сияқты Төлеби ауданында да суармалы алқаптар «алтын қор» болып есептеледі. Өкінішке қарай, өткен ғасырдың тоқсаныншы жылдарынан бастап бұрынғы ағын су жүретін каналдар, арық-атыздар мүлдем тазаланбай, кей жерлерде оның бұрынғы орындары да жоқ болып кеткен еді. Әсіресе, ұжымшарлар мен кеңшарларға тиесілі танаптар жекешелендіру кезінде ұстағанның қолында, тістегеннің аузында кетіп, бұл мәселе мүлдем ұмыт қалған болатын. Арада ширек ғасырдай уақыт өткенде осы мақсатқа бюджеттен қомақты қаржы бөлініп, каналдар мен үлкен арықтарды механикалық жолмен тазалау жұмыстары қолға алынды. Сырттан арнайы техника, алып экскаваторлар алдырылып, ортақ іске жұмылдырылды. Жұмыс күз айында басталып, көктемге дейін жүргізілді. Өзен аңғарлары кеңейтіліп, аудан бойынша бірнеше жерге тоған салынды. Айналасы қоршалып, су бөгеттерінің басына күзет қойылды. Ал, жаз маусымында бұл тазаланған каналдар егістік алқаптарын суаруға пайдаланылады. Механикалық тазалау жұмыстарын жалғастырып келе жатқанымызға 5-6 жылдың жүзі болды. 
Былтыр жалпы 22,3 шақырым болатын «Қыр», «Қошқарата», «Көксәйек», «Кент», «Таш», «Таш оң жақты», «Қара-Шора», «Аққұм» каналдары мен «Тағайна», «Леңгір» қашыртқылары механикалық тазалаудан өтті. Одан өзге, Бірінші Мамыр елді мекеніндегі Атбұлақ каналының 5 шақырым лай-ұйыққа толған жеріне механикалық тазалау жұмыстары жүргізілді. Кемеқалған ауылдық округінде құны 1 млрд. 123 млн. теңге болатын, жер көлемі 13 гектарды құрайтын, сыйымдылығы 1 040 мың текше метр «Қарақуыс» су қоймасының жобалық-сметалық құжаттамасының оң қорытындысы алынып, қаржыландыруға ұсынылды. Ал, Ақбастау су тоғанының жобалық-сметалық құжаттамасы демеушілер есебінен әзірленуде. Тоғандар іске қосылған жағдайда суармалы жер көлемі 350 гектарға ұлғайып, Абай елді мекенінің үйіргелік жерлері ағын сумен толық қамтылады. Қазір қыс мезгілінің екінші айы аяқталуға жақын. Ақпаннан кейін көктем келеді. Біздің ұжым оған дайындықты қазірден бастап кетті.

Жасар НЫСАНБАЕВ,
Төлеби аудандық су шаруашылығы бөлімінің басшысы.
Пікір қалдырыңыз