Табыс еңбекпен келеді

ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың Парламент Мәжілісінің жалпы отырысында сөйлеген сөзінде «Халықты сапалы өмірмен қамту мен әл-ауқатын жақсарту – мемлекеттің басты міндеті. Бұл сөздерді шынайы іске айналдыру қажет. Халықтың табысы экономикамен өсуі керек...» деген болатын. Сонымен, азаматтардың татулығы мен бірлігін арттырып, өркендеуге бастайтын, тұрмыс сапасын жақсартып, әлеуметтік-экономикалық дамуына жағдай жасау бүгінгі басты міндеті. Осы бағытта атқарылған жұмыстар туралы Төлеби ауданының әкімі Төлеген Тұртайұлы ТЕЛҒАРАЕВПЕН әңгіме өрбіткен едік.

– Тау етегінде орналасқан Төлеби ауданының табиғаты туризмге, жері ауыл шаруашылығын дамытуға қолайлы. Ал, үлкен қалаға жақын орналасқан ауданда бұрынғы өнеркәсіпті өркендетуге қандай мүмкіндіктер бар?

– Дұрыс айтасыз, бұл саланы да өрістетудің мүмкіндіктері баршылық. Өткен жылы өнеркәсіп саласында 43 млрд. теңгенің өнімі өндіріліп, нақты көлем индексі 100,1 пайызды құрады. Ауданда 20 кәсіпорын, оның ішінде 2 ірі және орта, 15 шағын және 3 қосалқы кәсіпорын жұмыс істеп тұр. «Бизнестің жол картасы – 2025» бағдарламасы саланың тіршілігіне қан жүгірткені рас. Атап айтқанда, бизнесті қолдау мен дамытудың бірыңғай мемлекеттік бағдарламасы аясында субсидиялау бойынша 122,8 млн. теңгеге 44 жоба, кепілдік беру бойынша 60,2 млн. теңгеге 29 жоба және бірінші бағытындағы гранттық қаржыландыру бойынша 10 млн. теңгеге 2 грант берілгенін атап өтсем деймін. Атап айтқанда, мұндай мүмкіндікке «Құрғақ шайды фасовка жасау» және «Туризмді дамыту: саумалмен, қымызбен емдеу орталығы» ие болды.

– Қаржысыз тірлік ету қиын. Ендеше, түрлі жобаларды қаржыландыру мәселесі қалай шешіліп жатыр?

– Несиелендіру саласы бізде дұрыс жолға қойылған. Осы мақсатта орта және шағын бизнесті дамыту үшін 3 757 азаматқа 1 млрд. 882 млн. теңге несие берілді. Атап айтқанда, «Оңтүстік» АИО» ЖШС және «Ырыс» микрокредиттік ұйымы арқылы нақты 241 млн. 500 мың теңгеге 32 жоба қаржыландырылды. Негізгі капиталға бағытталған инвестициялар көлемі 15 млрд. теңгеден асып, жоспар 111,7 пайызды құрады. 

Ауыл шаруашылығы саласындағы өнім көлемі 52 млрд. теңгеге жуықтады. Бұл межелерге жету үшін нақты 2021 жылы іске асатын 3 млрд. 600 млн.теңгенің 54 жобасы белгіленіп, оларға мемлекет тарапынан тиісті қолдаулар көрсетілді. Жобалық құны – 2 млрд. 990 млн. теңгеге 53 жоба іске қосылды. Мәселен, Көксәйек ауылдық округіндегі «АДС Агро» ЖШС 1800 малға арналған бордақылау алаңын 3000 малға арнап қайта ұлғайтты. Олар «Аграрлық несие корпорациясы» АҚ-нан 610 млн. теңге несие алып, мал алуда. Ауданның агроқұрылымдары 83,5 гектарға қарқынды алма бауын отырғызып, 540 млн. теңге инвестиция тартылды. Мал шаруашылығын дамыту мақсатында барлығы 600 млн. теңге инвестиция құйылып, 69 шағын мал бордақылау алаңы, 26 шағын сүт фермасы ашылды. Аудан төрт түлік мал басын көбейту, ет өндіру, сүт және жұмыртқа сату жоспарын орындады.

Түбі бізді туризм төрге сүйрейді

– Төлеби ауданынан қысы-жазы қонақтар үзілмейді. Тіпті, сенбі, жексенбі күндері табиғат аясында демалушылар көбейеді. Әсіресе, үшінші мегаполис тұрғындары жиі ағылады. Мұндай жағдайда туризм саласынан неге күреп табыс таппасқа?!

– Төлеби ауданының табиғаты туризм кластерін дамытуға өте ыңғайлы. Осы салада аудан аумағында жалпы 139 туристік нысан жұмыс істейді. Олар 1 шаңғы базасы, 2 емдік-сауықтыру орны – «Біркөлік» санаториясы және «Ақкен» саумалмен емдеу орталығы, 72 демалыс аймағы және 64 саяжай. 

Былтыр ауданда 46 462 турист демалды. Жалпы, туризм саласына 237 млн. теңге инвестиция тартылып, 28 жұмыс орны ашылды. Атап айтар болсақ, Қасқасу ауылдық округіндегі құны 187 млн. теңгені құрайтын «Top resort» демалыс орны былтыр мамыр айында іске қосылды. Кешен тәулігіне 50 адамды қабылдайды. Сондай-ақ, Қоғалы ауылдық округіндегі құны 50 млн. теңгені құрайтын жеке кәсіпкер Н.Әбілдабековтің 23 төсек-орынды саумалмен емдеу орталығы шілде айында ашылды. Қасқасу ауылының Сарыбұлақ шатқалындағы Ақмойнақ тауының бөктерінде «Қасқасу» туристік рекреациялық кешенінің инженерлік-коммуникациялық жүйелерінің құрылысын жүргізуге 1,7 млрд. теңге қаралды. Нысан 2022 жылға өтпелі. Сіз дұрыс айтып отырсыз, біз де түбі Төлеби ауданын туризм төрге шығарады деп ойлаймыз. 

Өтініш-тілектер ескерусіз қалмайды 

– Әлеуметтік мәселені басты назарда ұстамаса болмайды. Тұрғындардың жаз айындағы ауыз судың және ағын судың тапшылығы туралы шағымдары әлі есімізде. Оның үстіне сиыр жылындағы құрғақшылық кезінде бұл өзекті мәселе айқын сезілді ғой. Демек, инфрақұрылымдарды жетілдіру үшін де инвестиция тарту керек шығар...

– Айтпағыңызды түсіндім. Бұл мәселе басты назарда. Арнайы бекітілген кесте бойынша азаматтарды жеке қабылдап, өтініш-тілектерін тыңдап, тиісті бөлімдерге тапсырма беріп, мүмкіндігіне орай проблемалардың оңтайлы шешілуіне бақылау жасап отырамын. Нақты айтқанда, аудандағы 55 елді мекеннің 54-і (98,2%) орталықтандырылған ауыз су құбырымен қамтамасыз етілген. 52 ауылда су тәулігіне 24 сағат, 2 елді мекенде су кестемен берілуде. Ауыз су жүйелерінің жалпы ұзындығы – 1 226 шақырым. Қайта құруды қажет ететін 22 елді мекеннің 5 елді мекеніне (Керегетас, Бейнеткеш, Жаңажол, Нысанбек, Зертас) 2021 жылы республикалық бюджет есебінен 700 млн. теңге қарастырылып, құрылыс жұмыстары жүргізілуде.

Аудандық бюджеттен 15 нысандағы (Диханкөл, Ұзынарық, Алшалы, Қаратөбе, Тасарық, Көксәйек елді мекені Төлеби өткелі көшесіндегі 9-үйді ауыз сумен жабдықтау, Көксәйек елді мекені Келтебұлақтан қосымша құбыр тарту, Қаратөбе, Киелітас, Аққұм, Зағамбар, Қайнар-Шатыртөбе, Момынай, Екпінді, Достық, Қорған) ауыз су құбырларын ағымдағы жөндеуден өткізу мен скважина қазу жұмыстарына 300 млн. теңге қарастырылды. Леңгірліктерге таза ауыз су беру үшін Алатау ауылдық округіндегі Көктерек су тазалау ғимаратының құрылысын салу үшін құны 657 млн. теңгеге сараптаманың оң қорытындысы алынды. Жаңакүш елді мекенін ауыз сумен қамтамасыз ету үшін 287 млн. теңгенің жобалық-сметалық құжаттамасы әзірленіп, мемлекеттік сараптаманың оң қорытындысы алынды. Ұзынарық және Алшалы елді мекендерін ауыз сумен қамтамасыз ету үшін 805 млн. теңгенің жобалық-сметалық құжаттамасы әзірленіп, сараптамасының оң қорытындысы алынды. Олардың барлығы 2022 жылға қаржыландыру үшін тиісті салалық басқармаларға ұсынылды. 

– Ал, «көгілдір отынның» игілігін қанша ауыл көріп отыр?

– 55 елді мекеннің 48-і (халық саны – 98 174 адам, 83,7%) табиғи газ жүйесімен қамтылған. Қалған 7 ауылды (Диханкөл, Ұзынарық, Алшалы, Қасқасу, Жоғарғы Қасқасу, Керегетас, Кенесарық) газдандыруға республикалық бюджет есебінен 775 млн. теңге бөлініп, құрылыс жұмыстары кестеге сәйкес жүргізілуде. Нысан 2022 жылға өтпелі. Леңгір қаласының Күмістөбе және Кенші көшесін, Достық елді мекенінің Астана көшесін, Киелітас елді мекенінің Қарауылтөбе, Қорған көшелерін, Қарақия елді мекенінің Қарақия көшесін газбен қамтамасыз ету үшін облыстық бюджеттен 145 млн. теңге қарастырылып, тиісті жұмыстар жүргізілуде. Елді мекендердің қалып кеткен көшелерін табиғи газбен толық қамтамасыз ету үшін 54 млн. теңгенің жобасына сараптама қорытындысы алынып, «Ауыл – ел бесігі» жобасы аясында тиісті қаржы қарастырылды. Тұрғындар санының өсуіне байланысты электр жарығын жақсарту, бағаналарды ауыстыру, автомобиль жолдарын салу, тұрғын үйлер салу, мұқтаж жандарды баспанамен қамтамасыз ету ісінде әлі де атқарылар істер ауқымды. Олар алдағы уақыттың еншісіндегі тірліктер. Жалпы, сиыр жылы ауданымыз үшін табысты аяқталды деп есептеймін.

– Әңгімеңізге рахмет! Қызметіңізге табыс тілеймін! 

Сұхбаттасқан Серікқали ЖЕКСЕНБАЕВ, «Ońtústik Qazaqstan».

Пікір қалдырыңыз