Ережеге мойынсұнбағанды ешкім еркелетпейді

Түркістан облысы бойынша Қылмыстық-атқару жүйесі департаментіне қарасты Кентау қалалық пробация қызметі бөлімінде 140-қа жуық сотталған азамат есепте тұрады. Олардың арасында қылмыс жасағанына өкініп, келтірген залалдың орнын толтыруға ұмтылатындармен қатар, сот жүктеген міндеттерге атүсті қарап, қасақана жаза өтеу ережелерін бұзатындар да кездеседі. Солардың бірі – қалалық пробация қызметінің есебінде тұратын Батыр есімді азамат. Ол жаза өтеу тәртібін біле тұра, белгіленген уақытта үйінде болмай, бірнеше рет сот талабын орындамаған. Осы әрекеттері үшін оған басшылық тарапынан бірнеше рет ескерту де берілген. Алайда, сотталушы оған да құлақ аспаған. Амал жоқ, оны тезге салу үшін пробация бөлімі сотқа жүгінеді. Жақында қалалық сот бөлімнің ұсынысын қанағаттандырып, ҚР Қылмыстық кодексінің 
44-бабы 3-бөлігіне сәйкес, оның өтелмеген мерзімін бас бостандығынан айыру түріндегі жазаға ауыстырды. 
– Бұл азамат өзі түзеу мекемесінен босап, пробация қызметіне тіркеуге алынған болатын. Бірақ, ережеге мойынсұнбай, бірнеше рет тәртіп бұзуға жол берді. Пробация есебіне тіркелген азамат заң бойынша жүктелген міндеттерді бұзбағаны дұрыс. Өзінің жасаған қылмысынан сабақ алғаны абзал, – деді Кентау қалалық пробация қызметі бөлімінің инспекторы, әділет аға лейтенанты Жанәлі Өтешов.

Раушан НАРБЕК.
Кентау қаласы.

Пікір қалдырыңыз