Жаңа форма саланы жандандыра ма?

Бауыржан ЕРМАН, «Ońtústik Qazaqstan».

ҚР Ішкі істер министрі Ерлан Тұрғымбаевтың айтуынша, тәртіп сақшыларының жаңа формасына ел бюджетінен қосымша қаржы бөлінбеген. Сондай-ақ, əртүрлі климаттық жағдай ескеріле отырып тігілген жаңа қызметтік форма жүріп-тұруға барынша ыңғайлы көрінеді. Ал, учаскелік полиция инспекторлары үшін жаңа киімнің жеке жиынтығы әзірленеді. 
– Жазғы маусымдық және  үлгілерінің бәрінде «POLISIA» деген жарық шағылыстырғыш жазу болады. Сондай-ақ, полиция қызметкерлері кроссовка киеді. Ал, металл бұйымдар, яғни жетон, эмблема мен жұлдыздар тоқыма бұйым түріне ауыстырылады. Полиция басқармалары аппаратында жұмыс істейтін әйелдерге жазда киетін қосымша көйлек беріледі.  Күнделікті және салтанатты фуражкалар көлемі кішірейтілді, филиграндық бау ұлттық ою-өрнекпен тігілген. Шығындарды оңтайландыру мақсатында полиция полковниктері үшін қаракөл алынып тасталды, – делінген ішкі істер министрлігінің мәлімдемесінде. Жаңа үлгідегі қызметтік форма құрамында патрульдік полиция, сыртқы қызмет мамандарына және ішкі істер органдары басқару аппараттарына арналып тігілген киімдер де бар.
Облыстық полиция департаментінің мәлімдемесіне сүйенсек, қазір учаскелік полиция инспекторлары мен патрульдік полиция қызметкерлері жаңа үлгідегі қызметтік киімдермен қамтамасыз етіліп жатыр екен. Ал, қалған қызметкерлер жаңа киіммен жылдың соңына дейін толықтай қамтылатын көрінеді.
– Қызметтердің барлық санаттары үшін «POLISIA» жарық шағылыстырғыш жазуы бар жазғы маусымдық және қысқы киім үлгілері жасалған. Сондай-ақ, сақшылардың аяқ киімі де алғаш рет өзгертіліп отыр. Кроссовкалар түрінде ұсынылған тактикалық аяқ киім ыңғайлы, аяқты жарақаттанудан, сырғанаудан сақтайды. Қалалар мен облыстардың эмблемаларының негізінде киімнің оң жеңіне өңірлік жапсырмалар әзірленген. Бұйымдардағы жиектің түсі қызылдан көкшіл түске ауыстырылды. Металл бұйымдар тоқыма бұйымдарға ауыстырылып, жарық шағылыстырғыш элементтерге ерекше назар аударылған. Жаңа форманы енгізу қосымша қаржыландыруды қажет етпейді. Оған ауысу ағымдағы бюджеттік бағдарламалар шеңберінде және ескі форманың тозуына қарай кезең-кезеңімен жүзеге асырылатын болады, – дейді департамент өкілдері.
Сондай-ақ, полиция қызметкерлерінің ойынша, жаңа киім үлгісі тәртіп сақшыларының қызмет бабымен қылмыскерді ұстайтын кезінде жүгіруге өте қолайлы екен. Түрлі климаттық жағдайға да шыдас береді деп бағаланған қызмет формасының тиімділігін алдағы уақытта аңғара жатармыз.
Жалпы, полиция жүйесіндегі бұл өзгерістер 2018 жылы Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев Президент болып тұрған шақта басталған. Сол кезде тұңғыш президент «Қазақстандықтардың әл-ауқатының өсуі: табыс пен тұрмыс сапасын арттыру» атты Жолдауында: «Азаматтар санасында полицейлер жазалаушы емес, керісінше, қиын жағдайда көмек көрсетуші деген түсінік орнығуы керек» деп атап өткен болатын. Бұл тәртіп сақшыларына «қорғаным» деп емес, қорқа қарайтын, әдебі мен мәдениетіне көңілі толмайтын кей азаматтардың теріс пікірін салмақтай түсетіндей. Себебі, бүгінгі полицейлер қаншама қауіп-қатердің арасында қызмет етіп жүрсе де, қоғам сынынан арыла алмай жатады. Оған әлеуметтік желіге жүгініп, түймедейді түйедей етіп көрсететіндердің ісі әсер ете ме, әйтеуір, тәртіп сақшыларына тағылған сыни пікірлер аз айтылмайды. Естеріңізде болса, бірер жыл бұрын полицияның жұмысын жақсартып, жемқорлық фактілерін жою мақсатында ала таяқшалар қолданыстан алынып тасталған еді. Бірақ, одан ештеңе өзгере қойған жоқ. Үш жылдан соң ала таяқты қайтадан қолдарына берді. Міне, осыдан кейін әлеуметтің ойында «полицейлердің формасы өзгерсе, қызметтері де өзгере ме?» деген сұрақ туындайды. 
Бұл жүйедегі тағы бір жаңалық, биыл учаскелік инспекторлардың жалақысы 30 пайызға көбейсе, былтыр еңбекақысы 30 пайызға жоғарылаған көмекшілерінің айлығы тағы да 7 пайызға артқалы отыр. Жалпы, ішкі істер министрлігі 2023 жылға дейін полицейлердің жалақысын 90 пайызға дейін өсіруді жоспарлап отыр. 
– Құқық қорғау органдары арасында полицейлердің жалақысы өте төмен. Сондықтан Президенттің тапсырмасымен 2019 жылдан бастап жалақы кезең-кезеңмен көтерілуде. Осылайша, сержанттың жалақысы 81 мыңнан 140 мың теңгеге дейін, лейтенанттардың еңбекақысы 103 мыңнан 174 мың теңгеге дейін артады, – дейді ішкі істер министрі.
Пікір қалдырыңыз