«Ешкімге оқ атқанымыз жоқ»

Қаңтардағы қақтығыс кезінде бүлікшілерге қарсы тұрған әр сарбаз үлкен құрметке ие. Антына адал, сертіне берік сондай сарбаздардың бірі – Ұлттық ұланның 6506 әскери бөлімінің бөлімше командирі Самандар ТАШКЕНБАЕВ. Шымкенттегі бүлік кезінде оның оң иығына оқ тиіп, ауыр соққыдан жамбасы зақымданады. Қаруластарының арқасында оған дер кезінде медициналық көмек көрсетіліп, операция жасалды. Қазір Самандар үй жағдайында ем алып жатыр. Біз жауынгердің жағдайын сұрап, сол күнгі жағдайларды сипаттап беруін өтінген едік.

– Самандар Бақтиярұлы, Шымкенттегі шеруге байланысты дабыл қай кезде түсті?
– Қаңтардың 4-і күні кешке дереу бөлімге жиналу жөнінде дабыл берілді. Жедел жиналып, кешкі сегіздер шамасында қалалық әкімдікке бардық. Бізге әкімдік ғимаратын күзетіп, қоғамдық қауіпсіздікті сақтау міндеті жүктелді. Қолымызда тек қалқан ғана бар. «Халыққа оқ атуға болмайды» деген бұйрық алғанбыз. Сол күні таңғы алтыға дейін әкімдіктің маңайын күзеттік. Шеруге шыққандардың талап-тілектерін айтуға қарсылық танытпай, керісінше, қайта оларды қорғап тұрдық. 
– Қақтығыс ертеңіне басталды ғой...
– Иә, ертеңіне кешкі сегізде тағы да әкімдіктің маңайына жиналдық. Бірақ, бұл күнгі жағдай басқаша өрбіді. Кей адамдардың әрекеттері түсініксіз болды. Қолдарына таяқ, темір, тас алып алған. Ешкімді аяп жатқан жоқ. Түнгі он екіден кейін жағдай тіпті ушыға түсті. Бүлікшілер көліктерді аударып, ғимараттарға жаппай өрт қоя бастады. Тұманның арасынан біреуді көру мүмкін емес. Біз жағдайға байланысты әкімдіктен әл-Фараби атындағы кітапханаға қарай жылжыдық. Кенет алдымыздан жүк артатын бульдозер шыға келді. Құдды бізді таптап кетердей, жолындағының бәрін жапырып келеді. Дереу сап түзеп, жолды жабуға бекіндік. Бекіністі бұзып өте алмайтынын білді ме, бізге жақындаған сәтте біреу көліктен түсе сап қаша жөнелді. Ауыр техника жолдың қақ ортасында көлденеңдеп тұрып қалды. Дереу оталып тұрған тракторға қарай жүгірдім, бар ойым оны шетке ысырып, жолды ашпақ болдым. Қайдан атқаны белгісіз, осы кезде оң иығым мен жамбасыма біреу оқ атты.
– Қолыңда қару бар ма еді?
– Жалпы, сол күндері қақтығысты тоқтатуға бөлімнің 500-дей сарбазы жұмылдырылды. Алғашқы күні тек қалқанмен шықтық. Ертеңіне қолымызға қару беріп, оқ атуға бұйрық берілді. Бірақ, ешкімге оқ атқанымыз жоқ. Қайта қаңғыған оқтан өзім үш жерден жарақат алдым. Қызметтестеріме рахмет, менің қансырағанымды байқап, қызметтік көлікпен №2 қалалық ауруханаға апарды.
– Бүлікшілер ауыр техниканы қайдан алған?
– Кейін білгеніміздей, олар ауыр жүк көлігін әкімдік жанындағы құрылыс жүріп жатқан жерден алып шыққан екен. Олар қатты жылдамдықпен жүріп, бізді басып өтуге тырысты. Бірақ, біз оған дер кезінде тоқтау салдық.
– Алаңда жүргендердің жас шамалары қандай еді?
– Алаңда тек жастар ғана емес, орта жастан асқандар да, тіпті, әйел адамдар да болды. Негізінен, 20-30 жас аралығындағы жас жігіттер жүрді. Қолдарына не түссе, сонымен ұрып жатты. Арасында жарақат алғандарға көмектесіп, бүлікшілерді тоқтатуға шақырып жүргендер де болды. Алайда, алаңға жиналғандардың басым бөлігі әскерилерге шабуыл жасап, күш көрсетуге тырысты. 
– Бөлімнің неше қызметкері жарақат алды?
– Қақтығыс кезінде біздің әскери бөлімнің 14 сарбазы жарақат алды. Қазір барлығы емделіп жатыр.
– Оқ тигендер бар ма?
– Көбісінің қол, мұрын сүйектері сынған. Аяғынан ауыр жарақат алғандар да бар.
– Бөлімде қашаннан бері жұмыс істейсің?
– Ұлттық ұланның 6506 әскери бөлімінде жұмыс істеп жатқаныма көп бола қойған жоқ. Алты айдай уақыт болды. Қазір келісімшарт негізінде бөлімше командирі қызметін атқарамын. Оған дейін Алматы қаласында әскери борышымды өтедім. 
– Отбасыңда әскери адамдар бар ма?
– Өзім Сайрам ауданына қарасты Қызылсу ауылының тумасымын. Сонда мектеп бітіріп, орта білім алдым. Әкем ауылда су шаруашылығының маманы, ал, анам «Мейір» шипажайында қызмет етеді. Бір әпкем, өзімнен кейін екі інім бар. Отбасын құрғаныма екі ай болды.
– Сол күні қорқыныш болған жоқ па, қанша дегенмен өміріңді қатерге тігу оңай емес қой...
– Шынымды айтсам, сол сәтте тракторды шетке алып, жолды ашудан басқа ештеңе ойлап үлгермедім. Қорқыныш дейсіз бе, есімде жоқ. Бірақ, бізге қорқынышқа бой алдыруға болмайды. Егер біз қорқатын болсақ, қоғамның тыныштығын кім қорғайды? Осы тұрғыдан айтқанда, біз өз міндетімізді ғана орындадық. 
– Өзіңдей сарбаздарды бейбіт күннің батыры дегенге келісесің бе?
– Бұл енді артықтау айтылған теңеу шығар. Шын мәнінде, біз ерлікке жатқызатындай ерекше әрекет жасаған жоқпыз ғой. Біздің орнымызда өзге адамдар болса, солар да біз секілді әрекет етер еді. Сондықтан ерлік жасадық деп ойламаймын. Біз тек қана қызметтік міндетімізді атқардық.
– Әңгімеңе рахмет! Ертерек сауығып, қызметіңе қайта оралуыңа тілектеспіз! 

Әңгімелескен Дәулет ТҰРСЫНҰЛЫ,
«Ońtústik Qazaqstan».

Пікір қалдырыңыз