Ұлттық жоба қалай жүзеге асады?

Ерболат АЙНАБЕКОВ, «Ońtústik Qazaqstan».

Былтыр қазан айында ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев ұлттық жобалар тізбесін бекіту туралы Жарлыққа қол қойған-ды. Жарлық негізінде 10 нақты ұлттық жоба бекітілген. Сондай жобалардың бірі – 2021-2025 жылдарға арналған «Білімді ұлт» сапалы білім беру» ұлттық жобасы. Бұл жобаның аясында зияткерлік әлеуетті дамыту, қазақ тілінің дамуына жағдай жасау, жастар үшін жаңа мүмкіндіктерді ашу секілді мәселелер қарастырылған. Жалпы, жобаның мақсат-міндеті қандай? Ол қалай жүзеге асырылады? Осы жайында түсіндіре кетсек...

«Білімді ұлт» сапалы білім беру» ұлттық жобасы 5 тапсырмадан, 15 көрсеткіштен және 26 іс-шарадан тұрады. Жоба еліміздің 2025 жылға дейінгі ұлттық даму жоспары және Мемлекет басшысының 2021 жылғы 1 қыркүйектегі «Халық бірлігі және жүйелі реформалар – ел өркендеуінің берік негізі» атты Қазақстан халқына арнаған Жолдауында қойылған міндеттерді іске асыруға бағытталған. Атап айтқанда, балаларды мектепке дейінгі тәрбие және біліммен қамту, қалалық және ауылдық мектептер арасындағы оқыту сапасының алшақтығын қысқарту, оқушы орындарының тапшылығы проблемаларын шешу үшін мектептер салу, қауіпсіз әрі жайлы білім беру ортасын құру және басқа да мәселелер қарастырылған. 
Жобаның басты мақсаты – барлық деңгейдегі білім алушылардың білім сапасын арттыру. Сондай-ақ, жедел шешімдерді талап ететін және халықтың қажеттілігін қамтамасыз етуге бағытталған мәселелер бойынша мемлекеттік бағдарламамен сабақтастық құру да көзделген. Жобаның өзіндік бірнеше міндеті бар. Бірінші міндет – мектепке дейінгі тәрбие мен оқытудың қолжетімділігі мен сапасын қамтамасыз ету. Білім және ғылым министрлігі стратегиялық жоспарлау және үйлестіру департаментінің басшысы Эльдар Түлековтің айтуынша, жергілікті атқару органдарымен бірлесіп, 2021–2025 жылдарға арналған мектепке дейінгі ұйымдарды іске қосу мен ашудың қадамдық жоспары әзірленген. Оның мәліметінше, 2021 жылы 33,5 мың орынға 442 мектепке дейінгі ұйым ашылыпты. 3 пен 6 жас аралығындағы мектеп жасына дейінгі балаларды қамту 99,1%-ға, 2-ден 6 жасқа дейінгі балаларды қамту 88,9%-ға жеткен. Сондай-ақ, ол «Балаға ақша» қағидаты бойынша ваучерлік қаржыландыру жолымен мемлекеттік тапсырысты орналастыру арқылы мектепке дейінгі ұйымдар желісін дамыту жалғасатынын жеткізді. 
– Бұл механизм Нұр-Сұлтан қаласында пилоттық режимде іске асырылуда. 2022 жылы 39 593 орынға 360 мектепке дейінгі ұйым ашу жоспарланған. «Ойын арқылы оқыту» қағидаты негізінде мемлекеттік стандарт өзгертілетін болады. Бала дамуының жаңартылған моделін енгізу басталады, – дейді департамент басшысы. 
Екінші міндет – орта білім беру сапасын арттыру, әр өңірде қалалық және ауылдық мектептер арасында оқыту сапасындағы алшақтықты қысқарту (PISA). Ұлттық жоба аясында оқушылардың білім сапасындағы алшақтықты азайту бойынша кешенді шаралар қабылданатын болады. Сонымен қатар 12 жылдық оқытуға толық көшу жоспарлануда. Алдағы жылдан бастап қосымша білім беруге мемлекеттік тапсырыс орналастыру көзделген. Бұл процесс конкурстық негізде және жеке ұйымдарда өтеді. Департамент басшысы Эльдар Түлеков биыл еліміз алғаш рет «PISA-based Test for Schools» зерттеуіне қатысатынын жеткізді. Былтыр 8 қараша мен 10 желтоқсан аралығында жеке мектеп деңгейінде сыртқы бағалауды жүргізуге бағытталған зерттеудің апробациялық кезеңі өткен. Апробацияға «PISA-based Test for Schools» зерттеуімен іріктелген республиканың 17 өңірінен 200 білім беру ұйымы қатысқан. 
– Әр өңірден 20-ға жуық білім беру ұйымы іріктеліп алынды. 17 өңірде халықаралық талаптарға сәйкес апробациялық зерттеу өтті. Зерттеу нәтижелері осы жылдың мамыр-маусым айларында шығады, – дейді Эльдар Түлеков. 
Сондай-ақ, ол өңірлік білім басқармалары, мектеп директорлары оқушылардың білім деңгейі, олардың әлеуметтік-эмоционалдық дағдылары, мектеп климаты, сондай-ақ әрбір нақты мектепте оқуға әсер ету факторлары туралы егжей-тегжейлі деректер жиналатынын атап өтті. Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша әлеуметтік осал отбасылардың балалары үшін оқушылардың біліміндегі олқылықтарды қалпына келтіру мақсатында нормативтік-құқықтық актілерге өзгерістер енгізілгеннен кейін «Цифрлық мұғалім» жобасы іске асырыла бастайды. Сонымен қатар, 2020 жылы қосымша білім беруге мемлекеттік тапсырыс орналастыру басталды. Мемлекеттік тапсырыс конкурстық негізде, оның ішінде жекеменшік ұйымдарда орналастырылатын болады. Балаларды қосымша біліммен қамту 2021 жылы 70,5%-ды құрады. 2022 жылы оқушылардың 75,5%-ын қамту жоспарланып отыр.
Үшінші міндет – мектептерді жайлы, қауіпсіз және заманауи білім беру ортасымен қамтамасыз ету. Мектеп тапшылығын қысқарту үшін 2025 жылға қарай 1000 мектеп салу жоспарланған. Нәтижесінде үш ауысымды мектептерді жою және апатты мектептер үлесін 0,1%-ға дейін қысқарту күтілуде. 2025 жылға қарай шағын қалаларда, аудан орталықтарында, ауылдарда 5000 мектеп жаңартылып, балаларды оқыту үшін қауіпсіз және қолайлы жағдайлар жасалатын болады. 
Былтыр мектеп құрылысы бойынша жол картасы әзірленді. Оның аясында 2021 жылы 200 мектеп ашу жоспарланған-ды. Мемлекеттік бюджет есебінен 25 940 орынға 74 мектеп пайдалануға берілді. 59 000 орынға 156 жекеменшік мектеп ашылды. 
Қазіргі уақытта 1015 мектепке жаңарту жұмыстары жүргізілген. 2022 жылы 1003 мектеп жаңартылады. 2022 жылы мектептердің 70%-ы пәндік кабинеттермен жабдықталатын болады. 2021 жылы бұл көрсеткіш 65,9% орындалған. Бүгінде білім беру ұйымдарын бейнебақылау жүйелерімен толықтай қамту жоспарланған. Сондай-ақ, ауыз судың базалық көздерімен, бөлек минималды жабдықталған дәретханалармен және қол жууға арналған базалық құралдармен қамтамасыз етілген мектептердің үлесі 85,5%-ды құрайды. 2022 жылы бұл көрсеткішті 89%-ға жеткізу жоспарланған. 
Төртінші міндет – қолжетімді және сапалы техникалық және кәсіптік біліммен қамтамасыз ету. 2025 жылға қарай жастарды қажетті мамандықтар бойынша тегін техникалық және кәсіптік біліммен толық қамту қамтамасыз етіледі. Осы жұмыстар нәтижесінде NEET санатындағы жастар үлесінің төмендеуі күтілуде. БҒМ стратегиялық жоспарлау және үйлестіру департаменті басшысының дерегінше, 2021 жылы мемлекеттік тапсырыс 2020-2021 оқу жылының 9-сынып базасында қабылдаумен салыстырғанда 20205 адамға ұлғайтылған. Квота бойынша мемлекеттік тапсырыспен оқуға 37,5 мың адам қабылданды, бұл жалпы қабылдаудың 39,3%-ын құрайды. 
2022 жылы жастарды қажетті мамандықтар бойынша тегін техникалық және кәсіптік біліммен қамту 70%-ға жетеді. Колледждердің оқу-өндірістік шеберханаларын заманауи жабдықтармен жарақтандыру бойынша жұмыс жалғасады.
Бесінші міндет – қазақстандық жоғары оқу орындарының бәсекеге қабілеттілігін арттыру. Жоғары оқу орындарының халықаралық имиджі мен бәсекеге қабілеттілігін арттыруға бағытталған «Академиялық артықшылық орталықтары» жобасын іске асыру басталды. Жоба шеңберінде 2025 жылға дейін 20 академиялық орталық (15 өңірлік және 5 педагогикалық жоғары оқу орны) құрылады. Мүдделі мемлекеттік органдармен, жергілікті атқару органдарымен, ЖОО-мен бірлесіп жол картасы бекітілді. Сондай- ақ, жобаны іске асыру туралы ереже бекітілді. Жоғары оқу орындарының бәсекеге қабілеттілігін арттыру және оңтайландыру жөніндегі кеңес «Академиялық артықшылық орталықтарын» құруға арналған жоғары оқу орындарының тізбесін бекітті. Сонымен қатар, Назарбаев университетінің тәжірибесі бойынша 2 озық өңірлік ЖОО құрылатын болады. Халықаралық білім беру бағдарламалары мен шетелдік әріптестермен академиялық алмасуларды іске асыратын жоғары оқу орындарының үлесі 35%-ға дейін ұлғаяды. Бұдан басқа, 200 шетелдік сарапшы оқытушылық қызметке тартылатын болады.
Айта кетейік, ұлттық жоба 4 бағыттан тұрады. Ол мектепке дейінгі тәрбие мен оқыту, орта білім, техникалық және кәсіптік білім, сондай-ақ, жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білім беруді қамтиды. Жобаның мақсаты жас ұрпаққа сапалы білім беруді көздейді. Сонымен қатар, ұлттық жобаны іске асыру мектептердің инфрақұрылымын жақсартуға, мектептерді жайлы, қауіпсіз және заманауи білім беру ортасымен қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.
Пікір қалдырыңыз