Үкімет басшысы өңір әкімдеріне үстеме және шекті бағаға бақылауды күшейтуді тапсырды

«Өңір әкімдері үстеме баға мен шекті бағаны бақылау жұмысын күшейтуі тиіс. Үкімет отырысында ҚР Премьер-министрі Әлихан Смайылов осыны тапсырды» деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Бүгін айтылған ұсыныстарды жалпы қолдаймын. Дегенмен, мемлекеттік органдар басшыларының назарын бірқатар мәселеге аударғым келеді. Бірінші, Бәсекелестікті қорғау агенттігі монополияға қарсы іс-шара қолдану және делдалдық схемаларды тексеру бойынша жұмысты күшейту керек. Біз жауапсыз сатушылар мен алыпсатарларға бағаны негізсіз өсіру есебінен пайда табуға жол бермеуіміз қажет» деді Әлихан Смайылов.
Оның атап өтуінше, екіншіден, өңірлердің әкімдері үстеме баға мен шекті бағаны бақылау жұмысын күшейтуі тиіс.
«Үшіншіден, Қаржы министрлігі Сауда және интеграция министрлігімен бірлесіп, нақты тауарларды импорттау немесе өндіру кезінен бастап оларды сатуға дейін міндетті түрде электрондық шот-фактураларды жазып беру бойынша пилоттық жобаны жүргізу мәселесін пысықтасын. Бұл алып-сатудың әрбір деңгейінде үстеме бағаға мониторинг жүргізуге мүмкіндік береді. Мәліметтерді беру үшін Сауда министрлігі мен Мемлекеттік кірістер комитетінің ақпараттық жүйелерін интеграциялау мәселесін шешу қажет» деді Премьер-министр. 

«Үйдің жанындағы дүкендер» бағаны негізсіз көтереді

Бұл туралы Үкімет отырысында Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігінің төрағасы Серік Жұманғарин айтты.
«Тұтыну тауарлары мен қызметтерінің бағасын көтеру фактілерін жедел анықтау және жолын кесу мақсатында хабарламалар қабылдау үшін жедел желі құрылды. Бүгінгі таңда агенттіктің сенім телефонына 2000-нан астам өтініш келіп түсті. Оның ішінде хабарламалардың 50%-ы Алматы қаласының тұрғындарынан, 30%-ы елордамыздан, 20%-ы басқа өңірлерден келіп түсті» деді С.Жұманғарин. 
«Көп жағдайда тауарлардың бағасын бөлшек сауда субъектілері көтереді, атап айтқанда, «үйдің жанындағы дүкендер». Осы дүкендер көбіне 15%-дық сауда үстемесін сақтамайды. Нәтижесінде монополияға қарсы орган келіп түскен шағымдар бойынша өз құзыреті аясында шаралар қабылдайды. Үйдің жанындағы бөлшек сауда дүкендеріндегі бағаның өсуі жөніндегі шағымдар жергілікті атқарушы органдарға жолданады. Басқа шағымдар құзыреті бойынша уәкілетті органдарға жолданады» деді агенттік басшысы. 
Оның пайымынша, осыған байланысты «Сауда қызметін реттеу туралы» ҚР Заңының 9-бабы 1-тармағына сәйкес жергілікті атқарушы органдар тарапынан саудаға бақылау-қадағалау функцияларын күшейту қажет. 

Пікір қалдырыңыз