«Қоңыз» әлемді қалай таң қалдырды?

Немістің қарапайым «қоңыз көлігі» көлігі небір қымбат, небір алып техникаларды шаң қаптырып кеткен. 
Өткен ғасырдың басында адамзат Жер планетасының Оңтүстік және Солтүстік полюстерін зертемекке бекініп, апыл-ғұпыл іске кіріскен. Зерттеушілер алғашқы сапарларда кәдуілгі көліктерді пайдаланып, олар полюстердің ауа райы күрделі болғандықтан көпке шыдас бермей, бұзылып қала берген екен. Содан кейін әлемдік автоиндустрия өкілдері аязға төзімді арнайы көліктер құрастыруды бастап кеп жібереді. Алайда, арнайы жасақталған көліктердің де бірталайы айнала тегіс мұз басқан аймақтың климатына қарсы тұра алмаған. Осы мақаламызда сол көліктерге бірсыпыра тоқталып өтуді жөн көрдік.

Дания мен Норвегия американдық ғалымдармен бірлесіп, CIC Rover атты пилотсыз көлік модулін жасап шығарған. Көлік өзінің алғашқы миссиясын 2017 жылдың 4 шілдесінде Гренландияның солтүстігінде орындаған. 20 шақырым қашықтықтан 170 келіге дейін жүк тасымалдауға қабілетті бұл аппарат «EastGrip» – мұз қозғалысын зерттеу халықаралық жобасы аясында сынақ ретінде жұмыс істеген. Көлемі 80x60x61 см болатын төрт доңғалақты, қорап пішіндес көлік қарапайым қорғасын аккумуляторларынан қуат алатын екі электр қозғалтқышымен жабдықталған. Бұл қарапайым, аязға төзімді механизм өзінің жұмысымен ғана емес, арзан бағасымен де ерекшеленген. Атап айтар болсақ, бұл көлік құралы дәл өзі сияқты қызмет атқаратын көліктерге қарағанда он есе арзан болыпты. Көлік құрастырушыларының айтуынша, аталған электрониканы басқару үшін арнайы бағдарламалық жасақтама да қажет емес. 
2017 жылдың ақпанында Шешенстанның Гудермес қаласында «Чаборз М-З» атты үш орынды, жеңіл тактикалық жер үсті көлігі шығарылып, артынша арктикалық жағдайларға бейімделген нұсқасы да шығарылған. Ресей арнайы күштер университетімен бірлесіп жасалған ерекше сноуборд көлік бір жылдан кейін Франц Иосиф жеріндегі әскери жаттығулар кезінде өзінің керемет қабілеттерін көрсетеді. Оның артқы доңғалақтарының орнына шынжыр табан орнатылып, алдыңғы дөңгелектің орнына шаңғылар қойылған. Түрлі қару-жарақпен жабдықталған көлікте атқышқа арналған орын да қарастырылған. Көліктің салмағы 1270 келі, ең жоғары жылдамдығы сағатына 130 шақырымды құраған. Тағы бір айта кетерлігі – бұл техниканы зерттеу орнына тек жүк ұшақтарымен ғана емес, тікұшақтар арқылы да жеткізуге болады екен. 
Ал, ұзындығы 17 метр болатын Snow Cruiser атты көліктің салмағы 34 тоннаны құраған. Ішіне бес адам сыятын алып техникада 150 аттың күші бар, дизель жанармайымен сағатына 50 шақырым жол жүруге мүмкіндік беретін екі қозғалтқышпен жабдықталған. Құны 300 мың АҚШ долларын құраған жобаның борттағы жанармай қоры 8 мың шақырымнан астам жолға жететін болған. Зерттеушілердің пікірінше, «мұз крейсері» алтыншы материктің бүкіл жағалау сызығын айналып өтіп, оңтүстік полюске екі рет баруы керек болыпты. Бірақ, қармен жүрген ауыр техникаға қосалқы доңғалақтар салған күннің өзінде екі аптада небәрі 148 шақырым ғана жол жүрген. Қозғалтқыштары қатты суыққа қарамастан қызып кеткен. Бірнеше ай бойы стационарлық полярлық станса ретінде пайдаланылған бұл сәтсіз өнертабыстың жолға шыққанын 1958 жылдан кейін ешкім көрмеген де, естімеген де.
Ал, канадалық Arktos Development компаниясы шығарған апаттық-құтқару көлігі шынымен де «құдіретті» екенін дәлелдеп үлгерді. Салмағы 32 тонна тартатын машинада 52 адамға арналған орын бар және 20 тоннаға дейін жүк тасымалдай алады. Ыстыққа төзімді корпусы 2000 жылы өрт сынақтарынан өткен. Сонымен қатар, сынақтар нәтижесі көліктің -50 °C температурада қалыпты жұмыс істей алатынын растаған және 35 градустық биікке қиналмай көтеріле алады. Оны аз десеңіз, суда да емін-еркін жүре береді. Ал, судан шығу қажет болған кезде, арнайы гидравликалық механизмі алдыңғы бөлігін жоғары қарай көтеріп, тайғақ мұздың бетіне немесе қиыршық тасты жағаға өзінің темір тістерін қадап шығады. Содан да болар, бағасы өте қымбат болғанына қарамастан жол талғамайтын көлікті АҚШ жағалау күзеті бөлімшесі, тіпті, Қазақстан құтқарушылары мен бірқатар мұнай компаниялары да сатып алған. 
Полярлық зерттеушілер күнделікті жұмысына шынжыртабанды тракторлар мен арнайы көліктерді ғана емес, жеңіл автомобилдерді де қолданған екен. Сондықтан біздің тізімімізде осы бір қызыл «қоңыздың» болғанына таңғалудың қажеті жоқ. Тарқатып айтар болсақ, «ANARE Mawson» стансасындағы австралиялық экспедицияның бастығы Рэй Макмахон 1963 жылдың қаңтарында Антарктидаға осынау арзан әрі үнемді хетчбэкбен қонған. Ал, неміс компаниясы зерттеушілерге Beetle көлігінің өзін ғана емес, қосалқы бөлшектердің жеткілікті қорын да тегін берген. Бұл көлікке таңдау кездейсоқ түскенімен, Оңтүстік полюске жібермес бұрын оның төмен температура жағдайында жұмыс істеу қабілетін сынақтан өткізіп, әбден дайындаған. Сөйтіп, «қызыл қоңызға» скандинавиялық жиынтықтарға арналған бөлшектер, қосымша пеш пен екі аккумулятор орнатылыпты. Бір қызығы, біз көріп отырған (Суреттегі көлік) қарапайым «Фольксваген» Antarctica 1 стансасында бір жыл жұмыс істеген. Осы уақыт ішінде оның жарықтандыру құрылғыларын қоспағанда, одан басқа ешқандай әлсіз тұсы анықталмаған. Сол кезде мұны естіген әлем жұртшылығы «қоңыздың» мықтылығына тәнті болған екен. Біз бұған Сіздің де таң қалатыныңызға сенімдіміз. Расында да адамзат ақыл-ойы шексіз ғой!
Пікір қалдырыңыз