Қыста қолайсыз жағдайға тап болсаңыз...

Қыста кей жүргізушілер көлігін оталдыра алмай, жолда бұзылып не қолайсыз жағдайға тап болып, түрлі проблемалармен бетпе-бет келіп жатады. Ал, сіз ондай күйге түспес үшін біз ұсынған кеңестерді мұқият оқып алсаңыз болады. Бәлкім, керек болып қалар...
• Әрине, кез келген адам күн суығанда көлігіне алдымен қысқы дөңгелектер салады. Сосын терезе жууға арналған суыққа қатпайтын су қолданып, әйнек сүрткіштерді де жаңалаған дұрыс. Әйтпесе, терезеге шашылатын су қатып, ескі сүрткіштер қызметін дұрыс атқара алмай қалуы мүмкін. Сонымен қатар, есіктің құлыптарын майлау да артық болмайды. Есіктердегі, капот пен жүксалғыштың қақпағындағы барлық резеңке тығыздағыштарды қатып қалмас үшін арнайы силикон спрейімен өңдеу керек. 
• Кейбір көліктердің қозғалтқышы алғашқы суықтың өзінде-ақ сыр беріп, жұмыс істемей қалады. Мұның себебі аккумулятордан басталып, стартердің жұмыс істемей қалуына дейінгі ақаулар болы мүмкін. Сондықтан көлік аккумуляторы жаңа болмаса, оның қандай күйде екенін және ішіндегі электролиттің тығыздығын тексертіп алған жөн. Сондай-ақ, қуаты жоқ деп жаңасын ала салмай, батареяны бір қуаттап тексеріп көріңіз. Ал, электролитте химиялық қоспалар болатындықтан оны арнайы мамандарға тексертіңіз. Себебі, оның бір тамшысының өзі көліктің бояуын, киіміңізді немесе денеңізді зақымдауы мүмкін. 
• Қыстың күні ерте көлік қозғалтқышын іске қосатын болсаңыз, берілісті бейтарап етіп қойған дұрыс. Бұл механикалық беріліс қорабымен жабдықталған көліктерге тікелей байланысты. Сонда қозғалтқышқа түсетін жүк жеңілдеп, оталдыру оңай болады. 
• Ал, тұрақта ұзақ уақыт бойы тұратын болса немесе түні бойы тұрса, «қол тежегішін» қолданбауға тырысыңыз. Өйткені, тежегіш жастықшалары суықта қатып қалып, содан кейін дискіден ажырамай қалуы мүмкін. 
• Асығыс жүріп кетпей қандай көлік болса да қозғалтқышын мүмкін болса толықтай қыздырып алыңыз. Себебі, ол пештің жұмысын ретке келтіріп қана қоймай, трансмиссиялық сұйықтықтарды да жылытады. Сосын жылдамдықты бірден арттырмаған жөн. Бұл технологиялық сұйықтықтарды қолданатын суспензия бөлшектерінің қызып кетуіне әкеліп соғады.
• Салондағы пештен бөлінетін ауа ағынын әйнекке бағыттап, жылуды бірден қатты қоспаңыз. Ондай жағдайда көлік әйнегі шытынап, не жарылып кетуі ғажап емес. 
• Көлікті қыста жууға болады. Бірақ, су шашқаннан кейін дереу құрғатып қойыңыз. Әйтпесе, аязда су тиген, кірген жердің бәрі қатып қалуы мүмкін. 
• Шанақ бояуындағы зақымданған жерлерді де дұрыстап қою қажет. Өйткені, қыста жауын-шашын мен қар жиі жауып, ылғалдың мол болуына байланысты шанақтың зақымданған жерлерінде коррозия басталып кетуі мүмкін. 
• Қыста жолдағы қар мен мұзды еріту үшін химиялық қоспалар қолданылатындықтан олар шанақтың сапасына зиян келтіреді. Егер шамаңыз бен уақытыңыз жетіп жатса, сол коррозияға қарсы іс-шараларды қолданып жүріңіз. Ол үшін мамандардан кеңес алған дұрыс. 
• Қыс жақындағанда мүмкін болса ақша үнемдеп, сапасыз сұйықтықтар қолданбауға кеңес береміз. Өйткені, қозғалтқышқа, тежегішке және басқа да қызметтерге арналған арзан майлар қақаған қыста қатып қалуы мүмкін.
Пікір қалдырыңыз